Чемпиондар лигасы: «Астанадан» мұндай дәрменсіздікті ешкім күтпеген

3 Тамыз 2023, 17:45 966

«Астана» футбол клубының дәрменсіз ойынын көрдік. Иә, Хорватия командасы. Бірақ қарымта матчта «Динамо» қақпасына ең болмаса бір гол соғады күткен екен едік. Бірақ үміт ақталмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әдетте, Астананың жасанды алаңы қарсыластардың көсіліп ойнауына кедергі келтіретін. Оның үстіне, Хорватия мен Қазақстан арасынадғы ұзақ жол бар. Алайда «Динамо» клубына ешқайсысы кедергі болған жоқ. Бастапқы 10 минутта бойларын үйретіп алған соң, «Астана-Аренада» еркін көсілді. Тіпті, кейбір сәттерде бізді кешіргендей көрінді. Соның өзінде команда екі гол соқты. Біреуін әзербайжандық Махир Эмрели кіргізсе, екінші голды Антонио Марин өз атына жазды.

Ал «Астананың» Марині яғни Марин Томасов түк бітірген жоқ. Алаңға команда капитан ретінде бастап шыққан. Бірінші таймда мүмкіндіктерін пайдалана алмай, алаңда құр жүгіргеннен басқа ештеңе істемеді. Сосын үзілісте Григорий Бабаянның да шыдамы таусылды-ау. Екінші таймда орнына басқа ойыншыны шығарды.

Екінші 45-минуттықта елорда командасының ойыны ширай түскен еді. Тіпті, бірнеше қауіпті шабуыл да ұйымдастырды. Бірақ әлем чемпионатында Бразилияны үйіне қайтарған қақпашы Доминик Ливакович мүмкіндік берген жоқ. Екі ойында да қақпасын құрғақ ұстады.

Енді «Астана» жорығын Еуропа лигасында жалғастырады. Қарсылас Болгарияның «Лудогорец» клубы.

 «Астана» (Астана, Қазақстан) «Динамо» (Загреб, Хорватия) 0:2

Гол: Эмрели 24 (0:1). Марин, 89 (0:2).

Алғашқы ойын: 0:4. 

«Астана»: Йосип Чондрич (Қ), Ян Вороговский, Алекса Аманович (Тимур Досмағамбетов 41), Жарко Томашевич, Александр Марочкин, Камо Оганесян, Степан Лончар, Макс Эбонг,  Владислав Прокопенко (Дембо Дарбо, 46), Марин Томасов (К) (Душан Йованчич 46), Абат Айымбетов (Эльхан Астанов, 70);

 «Динамо» Загреб: Доминик Ливакович (Қ) (К),  Богдан Михайличенко, Йосип Шутало (Максим Берноэр 68), Стефан Ристовски, Садег Мохаррами, Роберт Любичич (Мартин Батурина 78), Петар Сучич, Йосип Мишич (Лука Луканич, 79),  Махир Эмрели, Дарио Шпикич, Бруно Петкович (Антонио Марин, 68);

Рефери: Деннис Хиглер (Нидерланды).

Астана, «Астана Арена».

 Меніңше, бірінші таймда біз қарсыласқа біраз қысым көрсеткен секілдіміз. Әсіресе, алғашқы 15-минутта қарқынымыз жоғары болды. Сосын қорғаныста бір хаос басталды. Сөйтіп, гол жіберіп алдық.Ал екінші таймда жағдай өзгерді. Кемі тең нәтижеге сай едік. Бірақ тепкеніміз кірмеді.  Үзілісте ойынды өзгерттік. Бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырдық. Осы ретте жанкүйерлерге алғысым шексіз. Бірінші кездесудегі нәтижеге қарамастан стадионға келіп, қолдау көрсетті, - деді «Астана» бапкері Григорий Бабаян матчтан кейін.

- Осымен команда төртінші матч команда гол соға алмай жүр. Бұл сәтсіздік қашан аяқталады...

-Бұл матчтарды салыстыруға келмейді. Бүгін гол соғатын күніміз еді. Доп қақпаға кіргеннен басқа барар жері жоқ еді. Бірақ білмеймін қақпа  торынан табылмады. Осы бойынша жұмыс істеу керек. Бәлкім, сәтсіздік болар. Жігіттер бар күшін салды. Мен айтар ренішім жоқ.

- Ян Вороговский үш орталық қорғаушының бірі ретінде ойнады. Бұл ситуациялық шешім бе?

- Иә, Аманович жарақат алып қалды. Бізге осы схемаға өту керек болды. Меніңше, Янның бұл қолынан келген секілді.

Ал «Динамо Загреб» бапкері Игор Бишчан қарсылас кемі бір гол соғуға лайықты еді деп отыр. 

 Біз бірінші таймда тағы бірнеше гол соға алар едік. Сөйтіп, ойынды тыныштандыруға болатын. Сонымен қатар қарсыластың да гол соғатын мүмкіндіктері болғанын жоққа шығармаймын. Кемі бір гол соғуға еңбектері сіңді. Әрине, екінші таймда шаршағанымыз білінді. Ұзақ жол, жасанды алаң, басқа да себептері бар. Сондықтан екінші таймның соңында шабуылдауға кеңістікті беріп қойдық. Қалай десек те, мен командама ризамын. Олар барлығын кәсіби түрде істейді. Сырт алаңда жеңіске жетті. Келесі кезеңге өттік. Енді алда АЕК күтіп тұр. Бұл басқа тарих болмақ.«Астананы» қапы қалдырып, өз-өзімізге деген сенім арттырдық. Мұндай жеңістерге коэффицент беріледі. Қақпамызға гол жібермедік. Алда чемпионатта «Горица» клубымен кездесеміз. Сосын АЕК күтіп тұр, - дейді Игорь Бишчан.

 

EL.KZ
Бөлісу: