«Чемоданның түбіне жасырған». Колонияға телефон алып кірмек болған күдікті ұсталды

10 Қыркүйек, 15:32 406

Астанада бірнеше телефонды чемоданның түбіне жасырып, колонияға өткізбек болған күдікті анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елордалық колония қызметкерлері сотталғанға азық-түлік пен қажетті заттардың арасына 3 телефонды жасырып, өткізуге тырысқан бұрын сотты болған азаматты ұстады. Сотталғандардың қолдануына тыйым салынған заттар сканерлеу кезінде көрініп қалмас үшін фольгаға оралып, чемоданның үшінші қатпарының астына жасырылған болып шықты. Күдіктінің айтуынша, оған белгісіз адам 10 мың теңге сыйақы ұсынған. Есесіне телефондарды колонияға өткізу керек болды.

Ұсталған азамат Аршалы аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалады.

Астана қалалық ҚАЖД мен оған қарасты мекеме қызметкерлері қабылдаған кешенді шаралардың нәтижесінде тыйым салынған заттардың, оның ішінде телефондарды колонияға өткізуге жол берілмеді. Сотталғандардың пайдалануына тыйым салынған заттарды мекеме аумағына енбеуі қатаң бақылауда және онымен күресу жұмыстары жалғасып жатыр, – деп атап өтті елордалық ҚАЖД бастығы Дәулет Рақымбеков.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: