Чехиядағы сәтті ойын

28 Қазан 2018, 17:06 3952

«Астана» Еуропа лигасында кезекті ұпайды қоржынға салды

«Яблонец» (Яблонец-над-Нисоу, Чехия) – «Астана» (Қазақстан) – 1:1 (1:1)

Гол салғандар: 1:0 Поважанец, 4, 1:1 Педро Энрике, 11

«Яблонец»: Грубы, Голеш, Говорка, Лишка, Ганоушек, Хюбшман, Масопуст, Травник (Кубиста, 90+1), Поважанец, Йовович (Акоста, 87), Храмоста (Икауниекс, 57).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Аничич, Зайнутдинов, Маевский, Кляйнхайслер, Томасов, Алмейда (Муртазаев, 90), Педро Энрике (Мұжықов, 46), Кабананга (Янга, 74).

Ойын алдындағы баспасөз отырысы

«Яблонец» футбол клубының бас бапкері Петр Рада ойын алдындағы баспасөз отырысында өз ойымен бөліскен еді:

– Бұл өте маңызды матч болмақ. Бірақ, шешуші кездесу дегенге келмейді. Одан бөлек алда үш ойын өткіземіз.  Клуб тарихында бірінші рет осындай турнирде бақ сынаудамыз. Меніңше, чех футболын өз деңгейінде Еуропаға көрсетіп жатырмыз. Әрине, ұпай жинауға келгенде, қатты белсенділік танытып жатқанымыз шамалы, тек өте жоғары деңгейдегі сапалы футбол көрсетіп келеміз. Әрі қарай не боларын өзім де білмеймін, тек болашақты болжамай, жақсы нәтижеден үміттеніп қана отырайық. Ал қазіргі біздің мақсат – жеңіске жетіп, үш ұпай еншілеу. Біздің топтағы барлық командалардың деңгейі бірдей. Сол үшін өте тартысты ойындар өтіп жатыр. Оған біздің де үлесіміз тисе, қуанышты болар едім.

Ал «Астана» футбол клубының бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян:

– Қандай қиын кездесу күтіп тұрғанын жақсы білеміз. «Яблонец» – өте қауіпті, ұйымдасқан футбол ойнай білетін команда. Сол себептен болар, олар соңғы 6 ойын бойы жеңіліп көрген жоқ. Ертеңгі кездесуде чех командасы фаворит деп толықтай айта беруге болады. Егер бұл стадионнан ұпай алып кеткіміз келсе 100%-дан да жақсырақ ойын өткізуіміз керек деп есептеймін. Барлық командалар өте маңызды ойын турына келгенін жақсы түсінеді. Осы матчтар ойын кестесіндегі көптеген нәрсені шешіп кетуі мүмкін. Сондықтан ертең өте маңызды ойын күтіп тұр. Кім де кім ұйымдасқан ойын өрнегін көрсетіп, аз қателіктер жіберсе сол үш ұпай еншілемек. Еуропа лигасының топтық кезеңінде ешқандай әлсіз команда ойнамайтынын жақсы білесіздер. «Яблонецті» әбден зерттеп, зерделеп келдік. Олар алғашқы минуттан, соңғы секундқа дейін жан алысып, жан берісіп ойнайтын команда. Чехияның ішкі чемпионатында осы елдің үздік командаларымен өткізген ойындарын қарасаңыздар, бірінші нөмермен ойын жүргізіп, өз стильдерінен де ауытқып кетеді. Егер біз чехтерді елемей ойын өткізсек, үлкен проблемаға тап боламыз. Жасыл алаңда теке-тіресіп, барымызды салсақ қана ұпай ала аламыз. Олар Чехияның үздік клубтарына да жеңілген жоқ. Қарсыласты бағалаймыз, бірақ қорықпаймыз. Өз футболымызды ойнап, жақсы нәтиже көрсеткіміз келеді, – деді.

Алғашқы он минуттағы тартыс

«Яблонец» клубының коучы Петр Рада соңғы алты ойында жеңілмеген құрамын жасыл алаңға жіберген (олар осы құраммен Еуропа лигасында да, Чехия чемпионатында да, сол сияқты кубоктық ойында да өнер көрсетіп келеді). Қорғаныста Голеш-Говорка-Лишка-Гонаушек төрттігі, олардан жоғары 37-дегі Хюбшман ойнаса, Томаштанттың алдында Травник пен Поавжанец дуэті тер төкті. Қос қапталдан Масопуст пен Йовович өнер көрсетті, өткір шабуыл өтінде Храмоста жүрді. Сол секілді «Астананың» да негізгі құрамы өзгере қойған жоқ, тек сол қапталдағы қорғаныста тер төгетін Шомконың орнын жас Зайнутдинов басты. Сол сияқты шабуылшы Кабананганы «қошеметтеу» міндеті Ричард Алмейдаға жүктелді. Қалғаны баз-баяғы қалпында (негізгі құрамдағы қазақстандықтардың аздығына шүйлігетін сынаушылар тағы да табылатынына күмән жоқ).

Ойын орта алаңдағы тартыстан  басталды. Қос команда да алғашқы шабуылды бірінші боп ұйымдастыруға тырысып бақты. Астаналықтардың сол қапталдан келген кроссын Лишка қиындықсыз жолын кесті. Ал Маевский өз айып алаңында Йововичпен таласа жүріп, әрең дегенде допты өзінде қалдыра алды. Десе де, чехтардың келесі шабуылы өз нәтижесін берді. Голеш алға ұмтылып, допты қақпаға бағыттап көрген. Алдына кесе-көлденең тұрған Аничичке тиген спорттық снаряд Поважанцтың аяғынан табылды. Хавбек Эричке ешқандай мүмкіндік қалдырмай, жер бауырлата соққы жасады. Есеп 1:0. Бұл ойынның бар болғаны 4-минуты еді. «Астана» есепті теңестіру үшін алға жүгірді. Кабананга қорғаушылармен таласа жүріп, әйтеуір корнер орындауға мүмкіндік әперді. Шабуыл Томасовтың соққысымен аяқталды. Мариннің ондай соққыларға қаншалықты шебер екенін білеміз, бірақ бұл жолы Грубы қақпасының кілтін оңай бере қойған жоқ.

Тағы бір корнер, тағы бір пас, бірақ бұл жолы Зайнутдинов қақпаға тура соққы бағыттай алған жоқ. Араға 2-3 минут салып Педро Энрике жас командаласына баспен қалай керемет соққы жасау керектігінен сабақ үйретті. Бразилиялық Жуниор Кабананганың сол қапталдан қолмен қойғандай пасын өз пайдасына асыра алды. Конголездік болса Аничичтің жеткізген пасына, кеудесін қойып, допты қорғаушылардан қақпайлап, сол қапталдан әдемі өтіп келіп, қақпа алдына жүгірген әріптесін доппен жарылқаған болатын. Педро Энрике болса, Лишка мен Ганоушектің ортасына суырылып барып, гол соқты. Ол да аса үлкен шеберлікті талап етеді. Егер кімде-кім ойынды көруге аздап кешігіңкіреп қалса, ең тамаша деген сәттерді жіберіп алды деген сөз. Иә, алдын-ала ешкім де бар болғаны 11 минутта есеп 1:1 болады деп болжамаса керек. Өз қақпасына гол жіберіп алған «Яблонец» ойыншылары алға жүгірді. Есептегі басымдықты бар болғаны бес минут қана ұстау олардың жоспарларында болмаса керек. Йовович қақпа алдына дейін барып, баспен өте қауіпті пас жеткізген. Командаласы Храмоста басқа нүктеде тұрса керек, оның бұл әдемі "сыйлығына" үлгере алған жоқ.  Ал астаналықтар болса, тағы бір гол соғып алатын сәтті жіберіп алды. Педро Энрике шалқалай жатып, Алмейдаға пас берген. Ришард допты қақпаға ұрды, оны қайтаруда чех қақпашысы қателікке бой алдырғанмен, тиісінше Томасов допты сәтті қабылдай алмай, жақсы мүмкіндікті желге ұшырды. Алаң иелерінің қорғаушылары дер кезінде көмекке келіп, допты шығарып үлгерді. Одан кейін Кабананга тағы бір рет сол қапталдан қорғаушылардың бәрін қапы қалдырып, айналып келгенмен, дәл алаң жиегінен допты қақпаға бағыттау мүмкін болмады. Оған яблонецтықтар Травниктің орта дистанциядан жақсы соққысымен жауап қатты. Оның добы маңдайшадан биік кетті. Осылай алаңдағы талас-тартыста жарты сағаттың қалай зу өтіп кеткенін аңғармай қалдық. Чехтар ендігі мүмкіндікті стандартты шабуылдан іздеуге көшті. «Астана» сапында көзге түскен Педро Энрике сары қағаз алып, айып соққысы белгіленгенде алаң иелері тағы бір шабуылдың шетін шығарды. Айып сызығының сыртынан Поважанец ойындағыдай соққы жасай алмаса, одан тиіп серпілген допты Ганаушек командаластарына жеткізді. Лишка баспен түйіндеуге тырысқан. Эрич қайтарып үлгерді. Қорғанысқа көмекке келген Кабананга Хюбшманды допқа жеткізбей тастады. Томасов дриблингке салып, қақпа маңына жеткенімен, оның соққысын Ганоушек жауып үлгерді.  Ал алғашқы таймның қосымша минуттары Лишка тағы стандарттан келген допты өз пайдасын асыра алмай, жерді ұрды. Осылай, бірінші тайм өз мәресіне жетті. Алаң иелері есепте алға шығып, жергілікті жанкүйерлердің көңілін бір серпілткенімен, 5 минуттан соң, Педро Энрике таразы басын теңестіріп, ойын қыза түскен еді. Қос команда да жеңістен дәмелі екендерін байқатты. Келесі таймда кім сәтті қорғанып, тағы бір гол соғып алса, сол команданың асығы алшысынан тумақ. 15-минуттық үзілісте қос бапкер кеткен қателіктерді айтып, жинақы ойнауға шақыратынына күмән жоқ.

Тең есепке қанағат

Екінші таймда Педро Энрикенің орнына Серікжан Мұжықов шықты. Ол алғашқы ойын бөлігінде сары қағазбен жазаланған, бірақ бразилиялық соған қарамастан агрессивті ойнауын жалғастырған болатын. Григорий Бабаян ең бастысы, осындай маңызды кездесуде кем ойыншымен қалмауды басты назарда ұстаса керек. Сол сияқты Ласло да қазының "қаһарына" ұшырап, сары қағазбен жазаланған еді. Кляйнхайслер ендігі 45-минуттықта сақ ойын үлгісін көрсетпесе, командасын қиын жағдайға қалдырып кетпек (қуанышымызға қарай, ондай жағдай орын алмады). Серікжан ойынға қосыла сала, Кабанангаға жарты алаңды қиып өткен пас жеткізді. Жуниор Говорка мен Лишкадан айналып өткенімен, қақпаның сыртын көздеді. Тура соққы болғанда, аяғы тайып кеткен Грубаны қапы қалдыруға әбден болар еді. «Яблонец» клубының коучы Петр Рада алаңға шабуылдаушы ойыншыларын жіберіп, есепте алға шығуды көздеген сықылды. «Астана» қорғаушылары адымын аштырмаған Храмоста өз орнын Икауниексуге босатып берді. Осы уақытта Хюбшман орта дистанциядан күшті соққы жасаған, бірақ оған дәлдік серік болмады. Ойынның бір сағаттығы өте бергенде астаналықтар өз айып алаңында қателікке бой алдырды. Постников қарсыластың қыспағында тұрған Томасовқа пас берген. Қарсыластар допты тартып алып, бір шабуылдың шетін шығарды. Екінші, үшінші деммен алға ұмтылған алаң иелерінің бұл ұмтылысы голға айналуға аз ғана қалды. Айып алаңында допты өз иелігіне көндірген Поваженец жер бауырлата соқты. Эрич оң жақтағы «алтылықтан» допты алып шықты. Одан кейінгі қос корнер қонақтар үшін аса қауіпті бола қойған жоқ. Бұл эпизодтан кейін астаналықтар Мұжықовтың көмегімен сол қапталды іске қосқан, алғашқы кроссы аса сәтті бола қойған жоқ. Одан кейін Серікжан тағы да Кабанангаға пас жеткізбек болған. Конголездікке спорттық снаряд келіп үлгермей жатып, чех ойыншылары жолын бөгеді. Әйтпегенде, Жуниордан тағы бір қауіпті шабуыл күтуге болар еді. Көп өтпей, қорғаушы Говорканың қуанышына орай, Кабананга орнын Янгаға босатып берді. Кляйнхайслер даниялық чемпиондарға соққан қос голын есіне алып, алыстан соққы жасап көрген, бұл жолы Ласлоның аяғынан ұшқан доп «аспанға» кетті. Ойынның негізгі уақыты аяқталуға он минуттай қалғанда Янга Маевский, Аничичпен бірлесе отырып, стандарт орындауға «кеткен». Алаң иелері әрең дегенде қауіптің бетін қайтарды. Содан соң, Томасовтың көзге түсуіне мүмкіндік беретін айып соққысы белгіленді. Аз күн бұрын «Ордабасы» қақпасына осындай нүктеден есеп ашқан Марин бұл жолы қайтер екен? Хорват жақсы тепкен, тосқауылды да айналып өткен спорттық снарядты Грубы сол қапталынан алып шықты. Бұрыштамадан келген допты да «Яблонецтің» сақалды қақпашысы жұдырығымен кері қайтарып тастады. Ришард одан қайтқан допты тосып алып, орта дистанциядан бағыттаған. Бразил-азербайжандықтың соққсысы діттеген жерден қиыстау кетті.

Алаң иелері төреші қосқан қосымша минутта жеңісті жұлып әкетуге шақ қалды. Бұл уақытта Алмейданың орнын Муртазаев басқан. Соған қарамастан, шабуыл осы сол қапталдан өрбіді. Масопуста алыстан қақпа алдына доп жеткізді. Мұнда тыңнан ойынға кірген Акоста бар-тын. Ол баспен соққы жасады. Ал Рукавина болса, жақсы қорғанып допты корнерге жіберді. Бұл сәтте бойшаң Кубистада ойынға кіріп үлгерген. Бұрыштамадан келген доп, оның басына жетпегеніне шүкір. Әйтпегенде, жағдайдың қандай боларын болжап айту қиынның қиыны. Соған қарамастан, астаналықтар қарымта шабуылға шығып кетті. Бірақ, Томасовың жарты алаңды артта қалдырған добы Янганың басына емес, Грубаның қолғабынан табылды. 1:1 есебі, ойын барысын бақыласақ, өте орынды нәтиже деуге болады. Қауіпті шабуылдарды санап шықсақ, қос команда да, бірдей көрсеткіш көрсеткен секілді. Сондықтан да, орынды есеп деуге толық негіз бар. Статистика «Яблонецтің» біршама белсенді ойын өрнегін көрсеткенін айтады. Әрине, өз алаңында, өз жанкүйерлерінің алдында, сылбыр ойнаса, оларды ешкім кешірмейді емес пе? Алда жүрген Поважангец-Травник дуэті қауіпті шабуылдар ұйымдастыруға әбден төселіп алған. Григорий Бабаян шәкірттері «Астана-Аренада» да осындай жинақы ойын көрсетіп, жеңіске ұмтылса жаман емес. Қонақтар бастысы, ұпай еншілеп, турнир кестесіндегі жағдайын нашарлата қойған жоқ. Астаналықтарда чехтерге қарағанда әлі де үш ұпай басымдығы бар. Ендігі біздің мемлекетте өтетін ойында бүгінгідей ойын бастала сала, гол жіберіп алмаса игі. Жанкүйерлер өз командасын қолдауға міндетті түрде баратын болады. Оның үстіне астаналықтар соңғы ойындар да өте жақсы көрсеткіштермен көзге түсіп жүр. Мақтағанымыз емес, үш жыл Еуропада доп тебу кәдімгідей тәжірибе әкелген секілді. Бұл ойында футболшылардың төртеуі бірдей сары қағазбен жазаланды. Олар соңғы шешуші ойында әсер етіп, аяқтан шалмаса игі дейміз.

Ойын соңындағы сараптама

Ойын біткен соң, көптеген чех басылымдарында «Яблонецтің» «Астана» командасынан бір бас жоғары болғаны айтып жар салды. 90-минут бойы жақсы шабуылдар ұйымдастырып, жеңіске жетуге аз ғана қалғанын айтып, толық басымдықты алаң иелеріне беріп қойды. Ойын соңындағы статистика чех ойыншыларының аз ғана басымдыққа ие болғанын айтады. Бірақ, астаналықтар қарқын қосса, есепте алға шығуға әбден болатынын көздері жеткен де шығар. Біздің ойыншылардың шеберлігі чех футболшыларынан еш кем түспейді. «Астана» ойыншылары күтпеген жерден гол жіберіп алған соң, салы суға кетпей, жинақы ойнап, бірден шабуылдауға көшті. Олар мақсаттарына жету үшін бар болғаны 6-7 минут қана уақыт жұмсады. Жақында ғана ел чемпионының қатарына қосылған Жуниор Кабананга сол қапталдағы қорғаушыны айналып өтіп, өз стилінде тамаша пас жеткізген. Оның шабуылдағы орнын лайықты алмастыра алған Педро Энрике де «Астана» сапындағы екінші маңызды голын соқты (жартылай қорғаушының бірінші голы «Астананы» Еуропа лигасына алып шығуға септігін тигізген еді). Ел чемпиондары осы турнир барысында соққан 5 голдың төртеуін баспен салғанын жақсы білеміз. «Яблонец» командасы астаналықтардың әуедегі ойыны қандай деңгейде екенін білсе де, жақсы дайындала қоймапты. Қайта ол бізге қол болды. Бірақ, одан кейінгі әуелете жеткізілген пастардың барлығы бой ұзындығымен ерекешелене қоймайтын чех қорғаушыларынан әріге аспады. Олар Кабананганы берік ұстауға тырысып бақты. Бір голдан кейін есептегі өзгерістің болмауы жақсы ойындарының айғағы десе де болады.  Алғашқы тайм аяқталғанға дейін алаң иелері есепте алға шығудың жолдарын іздеп, Эрич қақпасының маңын көп маңайлаған болатын. Бірақ, қарқынды шабуылдарға қарсы қақпашы да, қорғаушылар да қарсы тұрып, үзіліске дейін таблодағы көрсеткіштің өзгеруіне жол берген жоқ. Алайда, яблонецтықтардың қарқыны екінші таймда су сепкендей басылып қалды. Керісінше, астаналықтар оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырып, Чехиядан үш ұпай әкету үшін барын салды. Екінші таймдағы басымдық қазақстандық команданың еншісінде кетті. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Осы ойын арқылы чех командасының коучы мен ойыншылары өздеріне қажетті ақпарат алды деп есептейміз. 8-қараша күні өтетін Астанадағы матчқа да дайындықтың бірінші түрі болды. Чехияда «Астана» ойыншылар өздеріне қажетті нәтиже көрсетіп, турнир кестесіндегі көшбасшылықты сақтап қала алды. Ендігі, дәл осы командамен өз алаңымызда өтетін ойында барлығын шешіп алғанымыз жөн. Олармен ұпай теңестірмей, кейінгі қарсыластарға да қол жетпестей болып кетуге мүмкіндік бола ма екен? Григорий Бабаян жақсы тактика қойып, жеңіске ойнаса, Реннге аттанбас бұрын-ақ барлық мәселені шешіп алуға болар еді. Ендігі мақсат – осы кестедегі көшбасшылықты сақтап, Еуропа лигасының кезекті кезеңіне өту үшін барды салу ғана қалды. Ал ол жерде қандай қарсыластың тап боларын уақыт көрсете жатар. Не де болса, өткен жылғы тәжірибенің тигізер көмегі болатын шығар деген үміттенеміз. Бұған дейін «Яблонец» командасына өте жоғары бағалап қойдық па кім білсін, әйтеуір кәдімгідей сескенгеніміз рас. Оның үстіне жаз мезгілінде Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейінгі ойындарда «Сигмаға» «Қайраттың» оңбай ұтылғаны да бар. Мүмкін, содан кейін де жүрексінгеміз болар. Десе де, чех командасы бұл ойында ұйымдасқан, жинақы ойын өрнегін көрсетіп, К тобындағы кез келген командамен иық тірестіре алатын шамада екенін танытты. Оның үстіне, «Астана» да жалғыз ұпайды қоржынға келіп түскені де жаман емес деп есептесе керек. Ол тең есептің тек «Астана» үшін емес, «Яблонец» үшін де лайықты болғанына күмән жоқ. Қос команданың қарқынын Чехияда бағамдадық. Ендігі, Астана-Аренада сынып көретін уақыт таяды.  Істің жартысы ғана тәмам. Үш ойында жиған-терген ұпай көңілге қонымды. Қалған ойындарда осы жүрген жолдан жаңылмаса дейміз. Келесі кезеңге өту астаналықтардың қолынан келетін іс екеніне ешкім күмән келтірмейді.

Ойын соңында «Астана» сапында жалғыз гол салған Педро Энрике командасына маңызды ұпай әперген голдың авторы атанғанына қуанышты екенін жетізді. Сонымен қатар, тартысты ойында астаналықтар өз ойынынан таймай, жоғары деңгейде өткізді деді. Футболшы, 8-қараша күні Астанада өтетін 4-тур ойындарына барша жанкүйерлерді шақырған еді.

УЕФА сайты осы ойынға қатысты статистиканы жариялаған еді. Онда соққылар бойынша тең көрсеткіш тұр: 13 -13 (3-3 дәл бағытталған, 6-8 қиыс кеткен, 4-2 блоктан әрі аспаған соққылар). Бұрыштама көрсеткіші бойынша қазақстандық команда басым 4-5, ал офсайдта алаң иелері екі рет түсіпті, біздің көрсеткіш 0-ді көрсетіп тұр. Допқа иелік ету көрсеткіші 54 %-46% яблонецтықтардың еншісінде. Сол сияқты дәл жеткен пастар бойынша да чех ойыншылары алда 77%-76%. Ал пастар бойынша көрсекіш 460-377-ні көрсетіп тұр, оның дәл жеткені 354-266. Тәртіп бұзуда астаналықтар басым 13-10. Сары қағаздар бойынша да басымдық бізде – 4-2.

3-тур ойындары аясында киевтік «Динамо» француздардың «Реннін» ұтып кетті. Есеп 2:1. Ойынның 21-минутында украиналық клубтың ойыншысы Кендзера есеп ашса, 40-минутта Клеман Гренье есепті теңестіріп кеткен. Десе де, 89-минутта Буяльский жеңіс голын соғып, киевтік клубтың еншісіне үш ұпайдың жазылуына көмек көрсетті. Осы ретте айта кетерлігі, 85-минутта «Динамо» сапында Шепелев алаңнан қуылып, олар кем ойыншымен қалған болатын. Турнир кестесінде нағыз шиеленіс орын алды деген осы.

Қос бапкердің пікірі

«Яблонецтің» бас бапкері Петр Рада ойын аяқталған соң, өз ойымен бөлісті:

-  Ойын өте жоғары деңгейде өтті. Ол әрине, қарсыластың да жоғары деңгейдегі команда екенін білдіреді. Ойынды өз дегенімізше жүргізгіміз келген, «Динамомен» өтткен ойында да осы қателіктер орын алды. Есепті ашып алғанымызбен, сол нәтижені ұстап тұруға мүмкіндігіміз жетпей жатыр. Біз болмайтын жерден қателікке бой алдырып, қарсыластың ойынға қайта оралуына мүкіндік беріп қойдық. Жалпы, бір қателікті есепке алмағанда жақсы кездесу өткіздік. Ойынды өз қолымызда ұстадық. Допқа иелік ету де біздің басымдық болды. Екінші таймның 70-минуттары «Астанаға» қарағанда жақсы ойнап, есепте алға шығуға мүмкіндік бар еді. Қарсыласымыз допқа иелік ете сала, шабуыл ұйымдастыруға ұмтылды. Бірақ, бағымызға орай, біз мүмкіндік бермей жаттық. Тағы бір жоғары деңгейлі ойын өткіздік. Бірақ, жеңіске жете алмағанымыз өкінішті. Осындай көз сүйсінерлік матч өткізген ойыншыларыма алғыс айтамын. Сонымен қатар, «Астананың» да өте жоғары деңгейлі команда екенін мойындаймыз. Олар мықты легионерлері бар, тәжірибелі клуб. «Астана» ойыншылары бойы ұзын форвардтарға шығарылған пастары қауіп тудырады. Олардың шабуылдарының негізгі көзі осы. Біз Астанаға жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аттанатын боламыз.

«Астана» командасының бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаян:

- Біз күткендей өте ауыр матч болды. «Яблонец» өте мықты ұжымдардың бірі болып табылады. Алғашқы минуттары қапталдағы қателіктердің кесірінен, орынсыз гол жіберіп алдық. Ал бұл келеңсіздіктен соң, өз ойынымызды тауып, есепті теңестіруге мүмкіндік туды. Гол салып алған соң, жақсы ойын өрнегін көрсете бастадық. Ал екінші таймда ашық футбол жүрді. Ондай сәтте кез келген команда есепте алға шығуға мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, бір голдан артық доп соға алмадық. Жалпы, тең есеп – ойынның дәл көрсеткіші деп білемін. Жарақат алып қалған ойыншылардың жоқтығы білінді. Дегенмен, бізде барлығы жиырма футболшы бар. Олардың әрқайсысы осындай кездесуге шығуға дайын болу керек. Ал бүгін шыққан футболшылар, алаңда бар өнерін сарп етіп, өздерінің максимумдарын көрсете білді. Сол үшін де оларға алғыс айтқым келеді. Олар осындай қиын кездесуде теке-тіресіп, жақсы ойын өткізіп, бір ұпайдың қоржынға түсуіне ықпал етті. Сырт алаңда алған кез келген ұпайдың маңызы жоғары екенін білесіздер. Педро Энрикені екінші таймда алмастырғаным, ол жақсы ойын көрсетіп, есепті қысқартты. Сонымен қатар, ереже бұзып, сары қағазбен жазаланды. Мұндай маңызды ойында алаңда кем ойыншымен өнер көрсету өте қауіпті. Осы себепті де, оның орнына Мұжықовты жіберген едім. Бүгін жеңіліп те қалуымыз мүмкін еді, сол сияқты жеңіске де жету мүкіндігіміз болған. Ойыншылар барын салып, алаңда аянбай тер төкті. Олардың ойынына ешқандай кінә артпаймын. Тең есепке шүкір дейміз. Астанада өтетін ойын барлығын шешетін болады, – деді.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: