2023 жылдың мамыр айында іске қосылған OpenAI-дің ChatGPT мобильді қосымшасы әзірлеушілеріне бүгінге дейін 2 миллиард доллар кіріс әкелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
TechCrunch мәліметінше, ең ірі өсім 2025 жылы тіркелді: жыл басындағы жеті айдың өзінде табыс $1,35 млрд-қа жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 673%-ға артты. Салыстырмалы түрде айтсақ, негізгі бәсекелестер – Claude, Copilot және Grok-тың жиынтық табысы ChatGPT көрсеткішінен шамамен 30 есе аз болды.
Appfigures деректеріне сәйкес, ChatGPT ай сайын шамамен 193 миллион доллар пайда әкеледі. Ал ең жақын бәсекелесі – xAI компаниясының Grok қосымшасы – небәрі 3,6 миллион доллар табыс тапқан. Бұл ChatGPT нәтижесінің 1,9%-ына ғана тең.
Орнату бойынша орташа табыс көрсеткіші де айтарлықтай жоғары: ChatGPT – $2,9-дан астам, Grok – $0,75, ал OpenAI тіл үлгілеріне негізделген Copilot – $0,28.
Қосымшаның негізгі нарықтары – АҚШ (жалпы табыстың 38%-ы) және Германия (5,3%). Ал орнатулардың ең көп үлесі Үндістанға тиесілі – 13,7%. Бұл елде ChatGPT 690 миллион рет жүктелсе, Grok небәрі 39,5 миллион рет орнатылған.