17.09.2025
16:14
523
ChatGPT пайдаланатын жасөспірімдер үшін шектеулер енгізілді

ChatGPT пайдаланатын жасөспірімдер үшін шектеулер енгізілді

OpenAI компаниясы калифорниялық жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсаған жағдайынан кейін ChatGPT пайдаланушылары үшін жаңа жас тексеру жүйесін іске қосқанын мәлімдеді. Енді 18 жасқа толмағандар шектеулі контентке қолжетімді нұсқаға жіберіліп, қосымша қауіпсіздік шараларымен, соның ішінде ата-ана бақылауымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы The Guardian-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

ChatGPT-ді жасөспірімнің өліміне айыптау

Еске сала кетейік, тамыз айында Калифорния тұрғыны 16 жастағы Адам Рейннің ата-анасы OpenAI компаниясы мен оның басшысы Сэм Альтманға қарсы сотқа шағым түсірген болатын.
Олар ChatGPT ұлының қазасына себепкер болды деп есептейді. Чатбот оған өз-өзіне қол жұмсау тәсілдері туралы кеңес беріп қана қоймай, тіпті қоштасу хатының нобайын да ұсынған. Сол кезде OpenAI компаниясы қолданыстағы қауіпсіздік шараларының жеткіліксіз екенін мойындап, әсіресе кәмелетке толмағандармен ұзақ уақыт байланыста болғанда қауіптің арта түсетінін атап өткен еді.

ChatGPT-дің жаңа жүйесі

OpenAI-дің хабарлауынша, ChatGPT-тің жаңа жүйесі пайдаланушының жасын арнайы технология арқылы анықтап, қажет болған жағдайда, жеке басын растауды сұрайды. 18 жасқа толмағандарға ChatGPT-дің тек шектеулі контент ұсынылатын нұсқасы ашылады. Бұл нұсқада қосымша қауіпсіздік шаралары, соның ішінде ата-ананың бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Ата-аналар балалардың чаттарын қадағалап, белсенділігін бақылап, шектеулер енгізе алады.

Жүйе сонымен қатар флиртті шектейді және суицид пен өзін-өзі жарақаттау тақырыптарын бұғаттайды. Егер алгоритмдер пайдаланушының қатты күйзеліске түскенін анықтаса, OpenAI алдымен ата-анасына хабарласуға тырысады, ал тікелей қауіп төнген жағдайда, құқық қорғау органдарына жүгінеді.

Бұл жаңашылдықтар қауіпті жағдайлардың алдын алып, платформаны кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз етуге бағытталған. Ал ересектер бұрынғыдай толыққанды функционалды қолдана береді.

OpenAI басшысы Сэм Альтманның айтуынша, компания ересектердің құпиялылық құқығы белгілі бір деңгейде шектелуі мүмкін екенін түсінеді, бірақ жасөспірімдердің қауіпсіздігі үшін бұл шараларды орынды деп санайды.