OpenAI компаниясы ChatGPT жасанды интеллект чат-ботына арналған жаңа функцияны сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы TechCrunch порталына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Кейбір қолданушылар чат-бот интерфейсінен жаңа әрі жұмбақ функцияны байқаған – Study Together («Бірге оқимыз»). Бұл режим жай ғана дайын жауапты ұсынбайды, керісінше, қолданушыны дербес ойлауға жетелейді. Жаңа жүйе нақтылау сұрақтарын қойып, оқушыны тапсырманы өзі шешуге ынталандырады.
OpenAI әзірге бұл функцияның ресми түрде қашан іске қосылатыны немесе ChatGPT Plus жазылымына енетіні жөнінде мәлімдеме жасаған жоқ.
OpenAI Study Together функциясының барлық пайдаланушылар үшін қолжетімді болу-болмауы және нақты қашан іске қосылатыны туралы ресми ақпарат таратқан жоқ, – деп хабарлады компания.
Сонымен қатар желі қолданушылары жаңа функцияны қызу талқылап жатыр. Кейбіреулер болашақта топпен оқу мүмкіндігі пайда болады деп болжам жасайды, яғни бірнеше адам бір оқу чатында бірігіп, тапсырмаларды бірлесіп талқылап, шешім қабылдай алатын болады.
Қазіргі таңда ChatGPT мектептер мен жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылып жүр: мұғалімдер оны сабақ жоспарын жасауға пайдаланса, студенттер жиі жазбаша тапсырмаларды орындау үшін қолданады.
Осыған байланысты ChatGPT-ді сынайтындар көбейді – кейбіреулер оның кеңінен қолданылуы оқушылардың көшіріп жазуына жол ашып, білім сапасын төмендетіп жатыр деп есептейді. Жаңа режим осы мәселені шешуге бағытталғандай. Енді нейрожелі көшіру құралы емес, толыққанды цифрлық тьютор (оқытушы) рөлін атқаруы тиіс.
Бұған дейін ChatGPT-ге дін туралы сұрақ қою туралы жазғанбыз.