ChatGPT мобильді қосымшасының танымалдығы соңғы айларда баяулай бастады. Apptopia сараптамалық компаниясы таратқан деректерге сүйенсек, қосымшаның ғаламдық жүктеу қарқыны төмендеп келеді. Бұл туралы Gadgets Now-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Зерттеу нәтижелері бойынша, сәуір айынан бастап ай сайынғы жаңа жүктеулердің өсу қарқыны баяулаған. Сарапшылардың болжамынша, қазан айында бұл көрсеткіш 8,1%-ға төмендеуі мүмкін. Әлем бойынша ChatGPT күн сайын миллиондаған жүктеуге ие болғанымен, өсімнің баяулауы оның нарықтағы шарықтау шегіне жеткенін көрсетуі ықтимал.
Apptopia деректері соңғы айда тәуліктік белсенді пайдаланушылардың (DAU) саны тұрақталғанын да көрсетті.
Компания баяулаудың себебін бәсекелестіктің күшеюімен және ChatGPT жасанды интеллект моделіндегі соңғы өзгерістермен байланыстырады. Сарапшылар атап өткендей, пайдаланушылардың қосымшада өткізетін орташа уақыты мен сессия саны Google Gemini танымал бола бастағанға дейін-ақ азая бастаған. Gemini қыркүйекте жаңа Gemini Nano Banana моделін шығарғаннан кейін жүктеу көшін бастаған. Дегенмен, Apptopia мамандарының айтуынша, Gemini-дің өсуі ChatGPT көрсеткіштеріне әсер еткенімен, бұл жалпы баяулау үрдісінің басты себебі емес.
АҚШ-та пайдаланушылар белсенділігінің төмендеуі айқын байқалады: шілдеден бері орташа қолдану уақыты 22,5%-ға, ал сессия саны 20,7%-ға қысқарған. Бұл америкалықтардың қосымшаны сирек ашып, онда аз уақыт өткізе бастағанын білдіреді.
Соған қарамастан, пайдаланушылардың негізгі бөлігі сақталған – қосымшаны қысқа мерзімге сынап, кейін тастап кететіндер азайған. Сарапшылардың пікірінше, бұл ChatGPT аудиториясының тұрақтанғанын көрсетеді.
Алайда жасанды интеллект нарығының тез дамуы ChatGPT үшін жаңа сын-тегеуріндер тудыруы мүмкін. Компания алдағы уақытта өсу қарқынын қайта жандандыру үшін жаңа стратегия әзірлеуге мәжбүр болмақ.