Бір аптада 80 бет диплом жазып, қорғап шығу – бүгінгі студент үшін таңсық дүние емес. Әрине, осынша көлемдегі жұмысты жасанды интеллекттің көмегінсіз жазу екіталай. Бірақ енді мұндай «жеңіл жолдың» дәуірі аяқталуы мүмкін.
Қазақстанда студенттердің ғылыми жұмысын тексеретін жаңа антиплагиат жүйесі енгізілмек. Ол тек көшірілген мәтінді ғана емес, жасанды интеллект арқылы жазылған жұмыстарды да анықтай алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Оқи отырыңыз:
Министрдің айтуынша, енді курстық және диссертациялық жұмыстарға қатысты нақты ережелер енгізіледі. Егер жұмыс ЖИ көмегімен жазылғаны анықталса, университет еңбекті қабылдамай, тіпті диссертацияның күшін жоюға құқылы.
Біз алгоритмдер арқылы жасалған мәтіндерді анықтай алатын жаңа антиплагиат жүйесін жасап жатырмыз, – деді министр.
Яғни талап айқын: студент өз жұмысын өзі жазуы тиіс. Дегенмен жасанды интеллекті толық пайдалануға тыйым салынбайды. Оны тек көмекші құрал ретінде - дерек жинау, ақпарат өңдеу, құрылым құру үшін қолдануға болады. Ал негізгі ой мен қорытынды студенттің өзінен шығуы керек.
Бұл өзгеріс әсіресе кейінгі жылдары ChatGPT-ге сүйеніп үйреніп қалған студенттер үшін ауыр тиюі мүмкін. Өйткені шынайы өмірде жағдай басқаша. 4-курс студенті Нұрай Жолдасбекқызы дипломын қысқа уақытта дәл осы құрал арқылы жазғанын жасырмайды.
Көп студент сияқты мен де дипломды кейінге қалдырып жүрдім. Жұмыс пен күнделікті шаруадан уақыт табу қиын болды. Уақыт аз қалған соң, тез әрі тиімді жол іздеп, ChatGPT-ге жүгіндім. Алдымен құрылымын жасап, бөлімдерге бөлдім. Әрқайсына тапсырма беріп, мәтіндерін құрастырдым. Кейін өзім өңдеп, толықтырдым. Нәтижесінде бір аптада 80 бет дайын болды. Қорғауда 70 балл алдым. Бұл тәсіл маған уақытты үнемдеп қана қоймай, жұмысты тез аяқтауға көмектесті, – дейді ол.
Мұндай тәжірибе көп. Біраз студент үшін жасанды интеллект – «құтқарушы құралға» айналып үлгерген. Алайда оқытушылар бұл мәселеге сақтықпен қарайды. Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Зауреш Қойгелдиева жаңа талапты орынды шешім деп санайды.
Біздің кезімізде мұндай технологиялар болған жоқ, бәрін өз қолымызбен ізденіп жазатынбыз. Қазір заман өзгерді, технология дамып жатыр. Оның жақсы да, кері тұстары да бар. Дипломдық жұмысқа келсек, бұл талап дұрыс. Себебі студент өз еңбегі арқылы білімін бекітеді. Төрт-бес жыл оқығаннан кейін ол өз жұмысын өзі жаза алуы керек. Бұл – бұрыннан келе жатқан қалыпты үрдіс. Ал сабақ барысында жасанды интеллектіні қолдануға қарсы емеспін. Өзім де қолданамын. Бірақ ол негізгі ойдың орнын алмастырмауы керек, – дейді ол.
Әлеуметтік желіде де бұл тақырып қызу талқыланып жатыр. Бірі жаңа талапты қолдаса, енді бірі керісінше, ЖИ-ді толық шектеуге қарсы. «Қазір студенттер өз ойын жазбайды, жаңалық ашпайды», – десе, енді бірі «әркім өз білімімен қорғауы тиіс» деген пікір білдірген.
Ал әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, көп ел бұл мәселеде қатаң тыйым емес, бақылау мен жауапкершілікке басымдық беріп отыр. Мысалы, University of Oxford студенттерге жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат береді, бірақ оны міндетті түрде көрсету талабын енгізген. Ал Harvard University әр факультетке жеке саясат бекіткен. Яғни халықаралық тәжірибе бір нәрсені көрсетеді: жасанды интеллектіні толық тоқтату мүмкін емес. Оны дұрыс қолдануды үйрету ғана маңызды.
Қазақстанда енгізілетін жаңа жүйе осы бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болуы мүмкін.