OpenAI компаниясы 2026 жылдың 7 қаңтарында ChatGPT платформасында ChatGPT Health («ChatGPT Денсаулық») деп аталатын жаңа функцияны таныстырды. Бұл – қолданушының жеке денсаулығына қатысты деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктіретін арнайы бөлім. Жаңа функция денсаулық пен өмір салтына байланысты сұрақтарға барынша нақты әрі пайдалы жауап беруді көздейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа бөлімнің басты ерекшелігі – оның бөлек кеңістікте жұмыс істеуі және құпиялылықтың күшейтілген деңгейі. Мұнда сақталған медициналық деректер мен әңгімелер негізгі жасанды интеллект моделін үйрету үшін қолданылмайды және басқа чаттардан толық оқшауланған.
ChatGPT Денсаулық не үшін жасалды?
OpenAI бұл шешімді қабылдауына әлем бойынша миллиондаған адамның ChatGPT-ті денсаулыққа қатысты сұрақтар үшін белсенді қолдануы себеп болғанын айтады. Компанияның дерегінше, аптасына 230 миллионнан астам адам жасанды интеллект көмекшісінен денсаулық пен әл-ауқатқа байланысты кеңес сұрайды.
Қазіргі таңда денсаулыққа қатысты ақпарат түрлі порталдарда, қосымшаларда, PDF файлдар мен медициналық жазбаларда шашырап жүр. Соның салдарынан адамдарға толық картинаны көру қиын, әрі күрделі денсаулық сақтау жүйесінде жалғыз өзіне жол табуға тура келеді. Көпшілік осының бәрін түсіну үшін ChatGPT-ге жүгінеді. Шын мәнінде, денсаулық – ChatGPT-ті қолданудың ең кең тараған бағыттарының бірі, – делінген OpenAI хабарламасында.
Бұған дейінгі интерфейсте медициналық сұрақтарға берілетін жауаптар қолданушының жеке деректеріне немесе медициналық жазбаларына сүйенбейтін. Бұл олардың тиімділігін шектейтін. Ал ChatGPT Денсаулық осы олқылықтың орнын толтырып, жеке деректерді қауіпсіз түрде жүктеу арқылы жауаптарды жекелей бейімдеуге мүмкіндік береді.
ChatGPT ішіндегі «Денсаулық» бөлімі қалай жұмыс істейді?
ChatGPT Health – бұл платформадағы жеке қойынды, ол бүйірлік мәзірде орналасқан. Бұл бөлімде жүргізілген барлық әңгімелер оқшауланған ортада сақталады. Қосылған қосымшалар мен медициналық файлдар әдеттегі чаттармен араласпайды.
Қолданушылар өз деректерін кез келген уақытта қарап шығуға немесе толық өшіруге құқылы. Құпия ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шифрлау мен деректерді бөлек сақтау технологиялары қолданылады.
Қандай деректер мен қосымшаларды қосуға болады?
ChatGPT Денсаулық бөлімінде пайдаланушылар жауаптардың сапасын арттыру үшін түрлі медициналық деректерді қоса алады. Мысалы:
Apple Health арқылы қозғалыс, ұйқы, белсенділік мәліметтері;
MyFitnessPal, Function, Peloton, Weight Watchers сияқты қосымшалармен синхрондау;
Қан талдауы немесе басқа медициналық зерттеу нәтижелері секілді файлдарды жүктеу.
Әрбір қосымшаны қосу үшін қолданушының айқын келісімі талап етіледі.
Маңызды ескерту: электронды медициналық жазбаларға (EHR) қосылу әзірге тек АҚШ аумағында және 18 жастан асқан пайдаланушылар үшін қолжетімді.
Біз бастапқы кезеңде шағын пайдаланушылар тобымен жұмыс істеп, тәжірибені жетілдіруді мақсат еттік. Алдағы апталарда веб-нұсқа мен iOS платформасында бұл мүмкіндікті барша қолданушыларға ұсынуды жоспарлап отырмыз. Қызығушылық танытқандар күту тізіміне жазыла алады, – деп хабарлады компания.
ChatGPT Денсаулық дәрігерді алмастырмайды
Жаңа бөлім күнделікті денсаулық мәселелерін түсінуге, талдау нәтижелерін тарқатуға, дәрігер қабылдауына дайындалуға көмектесу үшін жасалған. Алайда ол диагноз қою немесе ем тағайындау құралы емес.
OpenAI соңғы екі жылда 60 елден 260-тан астам дәрігермен бірлесіп жұмыс істегенін айтады. Мамандар ChatGPT Денсаулықтың жауаптарын 600 мыңнан астам рет бағалап, оның қауіпсіз әрі түсінікті болуына үлес қосқан.
Бұл тәсіл HealthBench деп аталатын арнайы бағалау жүйесіне негізделген. Ол жауаптарды клиникалық стандарттарға сай, қауіпсіздік пен нақтылықты бірінші орынға қоя отырып тексереді.
Қашан және қай жерде қолжетімді?
Қазіргі таңда ChatGPT Денсаулық кезең-кезеңімен іске қосылуда. Ол күту тізіміне тіркелген және ChatGPT Free, Go, Plus немесе Pro жоспарларын қолданатын пайдаланушыларға ұсынылып отыр. Алайда бұл функция Еуропалық экономикалық аймақ, Ұлыбритания және Швейцарияда әзірге қолжетімсіз.
Қазақстандағы қолжетімділік
Ресми шектеулер болмағандықтан, Қазақстандағы қолданушылар да ChatGPT Денсаулық бөлімі жалпыға ашылған кезде веб-нұсқа немесе iOS арқылы пайдалана алады.
Дегенмен жергілікті медициналық жүйелерге тікелей қолжеткізуді талап ететін EHR интеграциялары әзірге тек АҚШ-пен шектеліп отыр.
Қандай құрылғыларда жұмыс істейді?
Қазіргі уақытта ChatGPT Денсаулық:
веб-нұсқада;
iOS құрылғыларында қолжетімді.
Android нұсқасы әзірге әзірлену үстінде.
Құпиялылық пен деректер қауіпсіздігі
OpenAI бұл бөлімде деректер қауіпсіздігіне ерекше мән берілгенін атап өтеді. АҚШ-та медициналық провайдерлермен жұмыс істеу үшін компания b.well платформасымен әріптестік орнатқан. Пайдаланушы кез келген уақытта медициналық картаға қолжетімділікті өшіре алады. Қосымшада қауіпсіздік үшін көпфакторлы аутентификацияны (MFA) қосу мүмкіндігі бар.
«Денсаулық» бөлімінде не істеуге болады?
Жаңа бөлім арқылы қолданушылар:
денсаулық деректерін түсіндіру;
дәрігер қабылдауына дайындалу;
өз әл-ауқатының өзгерісін талдау;
қосылған қосымшалар мен файлдардағы ақпаратты сараптау мүмкіндіктеріне ие болады.
ChatGPT Денсаулық – технология мен жеке денсаулықты біріктіретін жаңа қадам. Алайда ол кәсіби медициналық көмекті алмастырмайтынын OpenAI ерекше атап өтеді.