Cаяхат Халилин

3 Қаңтар 2017, 18:38 7101

Youtube жұлдызы

Қазақстандық жастар арасында сахнаға шықпай-ақ танымал бола алатынын дәлелдеген талантты жандар жетерлік. Мәселен, астаналық инженер-байланысшы Саяхат Халилин өзі шырқаған кавер-әуендерді «youtube» арнасына жүктеген сәтте-ақ Қазнеттің жұлдызына айналды.

Видеода астаналық жігіт көлік ішінде отырып, минусовкамен «Любовь настала», «Если ты со мной», «Необыкновенная», «Сүйем сені ғана», «Аяулым», «Осень» сияқты әйгілі әндерді орындайды. Мұндай ғажап идея оған 2012 жылы шетелде оқитын танысына әнмен бейнеқұттықтау жіберген кезде келген екен. Сонда әлеуметтік желі қолданушылары Саяхаттың ерекше даусын ұнатып, одан кейін де әндерін желіге жиі салып тұруын өтінген. Арада біршама уақыт өткен соң, оны тыңдармандары көшеде, қоғамдық орындарда тани бастапты. Бірақ, Саяхат өзін жұлдыз сезінбейді, өте қарапайым. «Танымал болсам деген арманым болған емес» дейді өзі.

Бірер жыл бұрын күндіз өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, кешке «Бәйтерек» маңындағы бір мейрамханада ән айтқан Саяхат қазір ғаламтор бетінде көрінбей кетті. 2014 жылы 7-арнадағы «Другими словами» бағдарламасына берген сұхбатында ол «әншілікке біржолата кетсем, өз саламда кәсіби біліктілігімді жоғалтып аламын. Үлкен сахнаға шығуды ешқашан армандаған емеспін» деген еді.

Бір кездері «youtube жұлдызы» атанған  Саяхат Халилиннің шырқаған әндерін ғаламторда әлі күнге дейін көп адам тыңдайды. Оның Қазақстаннан бөлек, Ресей, Украина, Беларусь, Францияда да тыңдармандары бар.

Саяхат «youtube» арнасына 2016 жылы 1 наурызда жүктеген видеосында өзінің атынан басқа бір алаяқтар жұртпен сөйлесіп, ақша сұрап жүргенін айтыпты. Сөз соңында ол тыңдармандарынан алаяқтарға алданып қалмауын өтінген. Ал, желі қолданушылары оған «арамызға қайта орал, біз сенің әндеріңді сағындық» деп жылы пікірлер жазған екен.

Роза Әрен
Бөлісу: