«Бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салу керек»: Сарапшылар сайлау ұйымдастырудың тәртібін талқылады

3 Мамыр, 14:00 593

ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырыс шеңберінде сарапшылар сайлауда дауыс берудің баламалы нысандарын, кандидаттардың ел аумағында тұрақты тұру дерегін анықтау бөлігінде отырықшылық цензі, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салуды енгізудің орындылығы туралы мәселелерді талқылады.

Талқылауға конституциялық және басқа да құқық салаларының ғалымдары, сайлау саласының сарапшылары, практиктер, ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырысты аша отырып, ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров кеңеске қатысушыларға ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің жаңа мүшелерін – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваны және Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиеваны таныстырды.

ҚР ОСК басшысы күн тәртібінің бірінші мәселесін талқылау Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» Жолдауында сайлау үдерісін ұйымдастырудың, сондай-ақ дауыс берудің баламалы түрлерін, оның ішінде электрондық, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдерінің үздік әлемдік тәжірибесін зерделеу аясында өтіп жатқанын атады. Ғалымдар мен практиктердің кең ауқымын тарта отырып, электронды және қашықтан дауыс беру бөлігіндегі зерттеулер әлі де жалғасуда.

Мұнда ол қағаз бюллетеньдерді пайдалану арқылы қолданылатын көпкүндік және мерзімінен бұрын дауыс беруге назар аударуды ұсынды.

Аталған тақырыпта ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының қызметкері, заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, 2023 жылғы «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеменің бірлескен авторы Николай Турецкий сөз сөйледі.

Сурет: ОСК

 

Ол мерзімінен бұрын дауыс беру институты Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, АҚШ, Түрікменстан, Түркия, Финляндия, Швейцария және Швеция сияқты елдерде жұмыс істейтінін айтты. Олардың кейбіреулерінде дауыс беру қашықтан – пошта немесе интернет арқылы өткізіледі. Италияда, Лихтенштейнде, Норвегияда, Чехияда көпкүндік дауыс беру тұрақты негізде қолданылады. Сонымен қатар ғалым отырысқа қатысушылардың назарын ықтимал тәуекелдерге, оның ішінде, ең алдымен, дауыстарды санау рәсімінің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге аударды.

Осы мәселе бойынша ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі, профессор, заң ғылымдарының докторы Марат Қоғамов елдік және өңірлік деңгейдегі сайлауда дауыс беру үшін түрлі мерзімдерді көздей отырып, сайлау субъектісіне байланысты көпкүндік дауыс беруді жіктеу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, сондай-ақ мұндай жаңалықтар алдын ала сынақтан өткізуді талап ететінін нақтылады.

Сурет: ОСК

 

Өз кезегінде Сарапшылық кеңестің мүшесі Снежанна Имашева аталған мәселеге түсініктеме бере отырып, Қазақстанда сайлауға жүйелі түрде төмен қатысатын өңірлер бар, сондықтан бұл мәселені зерделеп, дауыс берудің баламалы нысандарын пайдалану туралы шешім қабылданған жағдайда, осы өңірлерді пилоттық жобаға енгізу қажеттілігіне тоқталды. Бұл ретте ол сайлауды ұйымдастырушылар тарапынан нақты әкімшілендіру мен ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.

Сурет: ОСК

ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі Еран Бұзырбаев пікірсайыс барысында көпкүндік дауыс беру нысандарын референдумдарда қолдануды ұсынды. Сонымен қатар ол отырысқа қатысушылардың назарын кері әсер ету тәуекелдеріне аударып, уақытты созу электоралды оқиға маңыздылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін баса айтты.

Сурет: ОСК

Электоралдық мәдениет тақырыбы бойынша магистрлік диссертациямен шұғылданатын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Айсана Рақымова сайлауға, әсіресе жастар арасында қатысуды арттыру үшін ішінара қашықтықтан электронды дауыс берумен бірге көпкүндік дауыс беруді енгізуді ұсынды.

Сурет: ОСК

Саясаттану магистрі Әмірлан Нұрғазин электронды дауыс беруді пайдалану туралы шешім қабылдағанға дейін ақпараттық қауіпсіздік және қорғауды күшейту тақырыбын көтерді.

Сурет: ОСК

Бірінші мәселені талқылауды қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров көпкүндік, мерзімінен бұрын дауыс беру тақырыбы бойынша бүгінгі пікірталас Сарапшылық кеңес алаңында алғашқы рет қана тоқталғанын атап өтті. Кәсіби талқылауды жалғастыру қажет, жан-жақты пысықтау, талқылаулар негізінде неғұрлым перспективалық ұсыныстарды бірлесіп іске асыру, зерттеулерді өрістету және олардың нәтижелерін сынақтан өткізу қажет. Мұның бәрі ведомствоаралық ынтымақтастықты қажет етеді.

Ел аумағында тұрақты тұру фактісін анықтау бөлігінде кандидаттардың отырықшылық цензі туралы мәселе бойынша Ортсайлаукомның басшысы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау барысында сайлау органдары «отырушылық цензді» тексеру проблемасына тап болғанын атап өтті.

2023 жылғы электоралды науқанда сайлау органдары мен сотқа кандидаттар тарапынан сайлау комиссияларының Қазақстанда «тұрақты тұру» туралы талапты бұзушылықтарды анықтау фактісі бойынша кандидаттарды тіркеу туралы шешімдерден бас тарту немесе күшін жою туралы шешімдеріне шағым келтірілген бірқатар өтініштер түсті.

Тәжірибе көрсеткендей, кейбір депутаттыққа үміткерлер зерттеу кезеңінде (соңғы 10 жыл) әр түрлі себептермен тұрғылықты жері бойынша тіркеуді үзіп, бірнеше рет, тіпті ұзақ уақыт тіркеусіз өмір сүрген. Жоғарыда аталған жағдайлар кандидаттың отырықшылық фактісін анықтау үшін сайлау органдарының жұмысында белгілі бір қиындықтар туғызды.

Бұл мәселе бойынша ҚР Ішкі істер министрлігінің ұстанымын ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов баяндап, ведомство кандидаттардың «отырықшылық цензіне» қатысты мәселелерді құқықтық реттеу бойынша бірқатар ұсыныстар дайындағанын хабарлады.

Сурет: ОСК

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңға «ҚР аумағында тұрақты тұру» ұғымымен толықтыру бөлігінде түзетулер әзірленді. Егер ҚР азаматы Қазақстаннан тыс жерде он екі айдан аспайтын мерзімде үздіксіз болса, онда ол елде тұрақты тұрады деп есептеледі. Бұл ретте шетелде болу ҚР аумағында тұрақты тұрудың үзілуі ретінде ескерілмейтін азаматтардың нақты санаттарын белгілеу жоспарлануда (дипломатиялық қызмет жұмысшылары, оқу орындарында оқитын немесе емделіп жатқан немесе іссапарда жүрген адамдар).

Ұсынылған түзетулер Сарапшылық кеңес мүшелері Гүлнар Аманжолова мен Манарбек Сәдуовтың қызығушылығын тудырды. Сәйкесінше Павлодар және Ақмола облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары бола отырып, олар іс жүзінде кандидаттардың елде тұрақты тұру мәртебесінің нақты заңнамалық анықтамасының болмауы мәселелеріне тап болды. Бұл ретте олар көші-қон заңнамасына ұсынылған түзетулер аталған проблемаларды жояды деген үміт білдірді.

Профессор Марат Қоғамов ІІМ өкілінің сөзіне түсініктеме бере отырып, «отырықшылық цензі» қажет екенін, ал «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға жоспарланған түзетулер аясында олардың ҚР азаматтығы туралы заңнама нормаларымен үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет екенін айтты.

Үшінші мәселе бойынша ОСК басшысы дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салуды енгізудің орындылығы мәселесі Кеңестің екінші отырысында (2023 жылғы 2 ақпанда) егжей-тегжейлі талқыланғанын еске салды. Бұл талқылаудың толық мазмұны БАҚ-да және ОСК сайтында жарияланды. Содан кейін халықаралық шолу, пікірлер мен тәсілдердің кең ауқымы және әртүрлі тараптардың салмақты дәлелдері ұсынылды. Соған қарамастан сайлау күні дауыс беру және сайлау құпиясы мен үгіт тәртібін бұзу тәуекелдерін болдырмау мақсатында толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеудің алдын алу шараларын қабылдаудың маңыздылығы бар екеніне келісті.

Сурет: ОСК

Осы мәселе бойынша сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралды оқыту орталығының сарапшысы, ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшесі Мархабат Ыбырайханова сайлау күні толтырылған бюллетеннің фотобейнесін тарату тыйым салынған үгіт болып табылады деген пікірін ортаға салды. Мұны инфлюенсерлер сайлау нәтижесіне әсер ету мақсатында қолдануы мүмкін.

Сурет: ОСК

Осы академияның магистранты Асан Әміренов толтырылған бюллетеньді тарату үшін суретке түсіру мәселелері, ең алдымен, азаматтардың сайлау мәдениеті мәселесі деген пікір білдірді. Сонымен бірге, бұл сайлауға қатысудың артуына әсерін тигізуі ықтимал. Оның пікірінше, бұл тыйымды енгізу үшін барлық мәселелерді жан-жақты пысықтап, сынап көру және оларды мұқият зерттеу маңызды.

Сурет: ОСК

Сарапшылық кеңестің мүшесі Бану Нұрғазиева толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салу керек деген пікірімен бөлісті, себебі бұл, ең алдымен, дауыс беру құпиясын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, азаматтық борыштың орындалуын және дауыс беруге келуге шақыруды көрсететін сайлау учаскелерінен алынған селфи, керісінше, жағымды және дауыс беру құпиясын сақтауға қайшы келмейтін құбылыс.

Сурет: ОСК

Әріптесін ел Конституциясында бекітілген дауыс беру құпиясын сақтау құқық емес, міндет екенін атап өткен Снежанна Имашева қолдады. Сондықтан, толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салуды енгізу сөзсіз керек.

Пікір алмасу қорытындысы бойынша Сарапшылық кеңес мүшелері ОСК-ға дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото-бейне тіркеуге тыйым салу мүмкіндігін зерттеуді ұсынды.

Отырыс соңында Нұрлан Әбдіров Ортсайлауком қызметінің негізінде қолданыстағы сайлау практикасын жақсарту арқылы сайлаушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап, барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар жинақталып, мұқият пысықталатынын хабарлады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: