Бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады – Әлихан Смайылов

5 Маусым, 11:31 589
Мәжілістің жалпы отырысында жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін қорытындылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, 2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болды. Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарды.
Бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды, - деді жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Дегенмен Смайылов жұмыстардың уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отырғанын айта кетті. Мысалы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген. Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды. 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген.
Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген. Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған. Сол сияқты «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады. 227 объект бойынша жобалау аяқталмаған, - деді Смайылов.
Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген.
Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді, - деді Әлихан Смайылов.
Миражан Махан
Бөлісу: