Бюджеттен МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат түспеген – Асхат Аймағамбетов

9 Қазан 2023, 13:10 1457

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС-ке бөлінетін қаржы тиімсіз пайдаланылып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Біріншіден, қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МƏМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2 пайыз деңгейінде сақталды. Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы, яғни бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды. Осы шешімге байланысты МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеді, - деді депутат.

Аймағамбетовтың айтуынша, екіншіден, пандемиямен күресу кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілденген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізілді. Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты, шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті.  

Үшіншіден, үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мысалы, заңның 26-бабына сəйкес бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медианалық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Сəйкесінше, бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен, тек 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда, 3 жылдың өзінде, келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді, - деді ол. 

Мәжіліс депутаты медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырғанын айта кетті. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған. 

Жоғарыда көрсетілген шешімдердің нәтижесінде МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Бұған қоса 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, мысалы пандемиямен күрес үшін, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға  жұмсалған. Осының салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр. Бұл шешім Қордың да қаржылық тұрақсыздығына əкелді, - деді Аймағамбетов.

Нəтижесінде, қазақстандықтардың өз қалтасынан емделуге жұмсайтын қаражаттары азаюдың орнына, тек соңғы 2 жылда 27,7 пайыздан 31,1 пайызға дейін өсті. Ауруханалардың кредиторлық берешегі көбейді, азаматтарымыздың медициналық көмек алу уақыты ұзарды, сапа төмендеді. Осыған орай МƏМС идеясының беделі түсіп, тіпті осы жүйеге сенбегендіктен, біршама адам оны жоюды талап етуде. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда МƏМС қоры сақтандыру принциптерінің негізіндегі қор орнына, жай ғана қарапайым бюджеттен тыс қорға айналды.

Миражан Махан
Бөлісу: