Былыққа батқан спорт

11 Қазан, 13:20 591

Қазақстанда спорт саласын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Бұлай кесімді пікір айтуымызға себеп жеткілікті. Мемлекет басшысы өткенде Олимпиада жүлдегерлерімен кездесуінде саладағы бірқатар түйткілдерді атап көрсеткен еді. Күні кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік спорт саласындағы жемқорлық жөніндегі талдауының жариялады. Демек, талай жылдан бері келе жатқан мәселе көтерілді. Енді, салада ауқымды өзгерістер жасалуға тиіс.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айында Олимпиада жүлдегерлерімен кездескен-тұғын. Жиын барысында Мемлекет басшысы кәсіби спортта шешімін күткен түйткілді мәселелеге назар аударды.

Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөледі. Сондықтан жұртшылықтың халықаралық жарыстарда кейбір спорт түрлерінен жүлде күтуі – заңдылық. Салалық ведомство спорттың олимпиадалық түрлерін дамыту ісінде кеткен жүйелі қателіктерді егжей-тегжейлі талдауға тиіс. Кешенді реформа жасайтын уақыт келді. Ал оны жүзеге асыру үшін құзыретті министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті және спорт федерациялары үйлесімді әрекет етуі керек. Спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет. Жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін протекционизм секілді факторлардан іргені аулақ салған жөн, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент бұқаралық спортты, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше ден қоюдың маңызына тоқталды. Тоқаевтың пайымдауынша,  бұл қадам арқылы кәсіби спортты ғана емес, жалпы халықтың денсаулығын жақсартады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы шетелдерден легионерлер шақыртуға тоқтау салу қажет екенін жеткізді.

Желге ұшқан қаражат

Тоқаевтың спорт саласындағы мәселелерді көтеруі бекер емес. Осы аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелерін жариялады. Айта кетерлігі, бұл зерттеу Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп жүргізілген.

Есепке сүйенсек, саладағы жүйелі жемқорлық Қазақстандағы спорттың дамуына және әлемдік спорт аренасында жоғары көрсеткішке қол жеткізуіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Кейінгі 6 жылда спорт саласын  қаржыландыру шамамен 1,4 триллион теңгені құрады. Жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі ұлғайы келеді.

Мәселен, 2018 жылы 165 миллиард теңге бөлінген, ал 2019 жылы 204 миллиард теңгеге жетті. Тек, пандемия болған 2020 жылы ғана спортқа берілген қаражат сәл азайып, 177 миллиард теңгені құрады. Соңғы үш жылда тиісінше 223 миллиард, 296 миллиард және 340 миллиард теңге салыныпты. Биылдан бастап 2026 жылға дейін 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған.

Бір жағынан, мемлекеттің спорт саласына көп қаражат бөлуі қолдайтын бастама. Өйткені халықтың саулығы әрқашан маңызды дүние. Сондықтан спорт инфрақұрылымын дамытуға, балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайдың бәрін қарастыру қажет. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 20 мыңнан астам спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, 16 мыңнан аса арнайы кешендер мен залдар бар.

Дегенмен мәселе осы бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуында жатыр. Былай қарасаңыз, «тоғызыншы территорияның» спорт саласына құятын қаражаты Орталық Азиядағы басқа мемлекеттерден әлдеқайда жоғары. Тіпті, түрлі спорт саласында қарсылас шақ келтірмейтін мемлекеттерден де асып түседі. Әйтсе де, алтыннан тау тұрғызып жатқан кәсіби спортшыларымыз да жоқ. Жаппай дене шынықтырумен айналысатын халық та жоқ.

Легионер көсегеңді көгертпейді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мұның себептері ретінде мемлекет бөлген қаражаттың тиімсіз жұмсалуын, жемқорлық пен ақша жымқыруды атап отыр. Әсіресе, қаржыландырудағы теңгерімсіздік спорт саласында анық байқалады. Сол себепті «Антикор» Қазақстандағы спортты дамытудың қолданыстағы саясаты спортшылардың тиімді даярлауына мүмкіндік бермей отырғанын алға тартады.

Мысалы, осыған дейін шетелден легионер шақырып, шетелдік ойыншыларды натурализациялау арқылы қысқа мерзімді нәтижеге басымдық беріліп келген еді. Бұл Ұлы дала оғландарының жаһандық бәсекелерге қатысуына айтарлықтай кедергі келтірді.

Негізі бұл мәселе талайдан бері айтылып келеді. Қазақстан азаттықтың ақ туын желбіреткелі бері 126 шетелдікті Көк байрағымыздың астында өнер көрсетуге шақырған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік келтірген деректерге сүйенсек, кейіннен олардың әрқайсы отанына қайтып кеткен. Оның үстіне, тәуелсіздік алғалы бергі Олимпиадада қол жеткізген 86 медальдің 13-і ғана легионерлерге тиесілі. Есептей беріңіз, соларды шақыру үшін қаншама қаржы құйылды. Жеңіске жеткеніне берілген сыйақылар тағы бар. Сонда пәленбай қаржы далаға ұшты деген сөз. Легионерлердің Қазақстан спортын күрт дамытып жібергені де, бұқаралық спорттың таныла түскеніне де тигізген әсері шамалы.

Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтып отыр. Мемлекет басшысының пайымдауынша, шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты.

Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн, - дейді Мемлекет басшысы.

Легионерлерге басымдық беру нәтижесінде қысқа мерзімді жетістіктерге басымдық беріліп, Қазақстанда туып-өскен ұландарды спорттық кадр ретінде дайындау жұмысы ақсап қалған. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те өз есебінде баса көрсетіпті. «Көбінесе өз таланттарын тәрбиелеудің орнына ақша басқа елдердің ойыншыларына жұмсалады. Бұл спортты қаржыландырудағы айқын теңгерімсіздікпен расталады», деп мәлімдейді «Антикор».

Құр сөзді көпірте бергенде, цифрларды сөйлетейік. Мысалы, «тоғызыншы территорияда» бұқаралық спорт жетімнің күйін кешіп отырғанын мынадан-ақ байқауға болады. Жыл сайын бұл бағытта жұмсалатын қаражат жоғары жетістікті спортқа қарағанда 9 есе аз екен. Бұқаралық спортқа 35 миллиард теңге қарастырылса, жоғары жетістікті спортқа 340 миллиард теңге бөлінеді.

Былай қарасаңыз, кез келген байрақты бәсекенің, жаһандық спорттың басты құндылығы – халық денсаулығын жақсарту, адамдардың спортпен шұғылдануына баулу. Олимпиада және басқа да іргелі іс-шаралар арқылы көпшіліктің дене шынықтыруға көңіл бөлуін насихаттау. Өкінішке қарай, Қазақстанда бәрі керісінше болып отыр. Тұрғындардың спортпен айналысуына жағдай жасаудың орнына, қысқа мерзімді жетістіктер алғашқы орынға шығып кеткен.

Бұқаралық спортқа басымдық бергендер ұтады

Осы орайда айта кеткен жөн, Олимпиада секілді дүбірлі додаларда ешкімге дес бермейтін мемлекеттерде керісінше бұқаралық спортты қолдауға басымдық беріледі. Нәтижесінде сондай елдердің саңлақтары байрақты бәсекеде де топ жарады, халықтың арасында да дене шынықтыру кең таралған. Мұны сала бойынша бөлінген қаражаттан-ақ байқауға болады.

Мәселен, Еуропада алақандай ғана Нидерланд деген мемлекет бар. Халқының саны 18 миллионға жуық. Экономикасы дамыған. Осы Қызғалдақтар елі кәсіби спортқа 246 миллион доллар бөлсе, бұқаралық спортқа 497 миллион доллар жұмсайды. Соның нәтижесінде кәсіби спортта да жетістікке жетеді, халқы да жаппай спортпен айналысады.

Нидерланд халқының спортқа қызығуының басты себебі – дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттау қоғамдағы негізгі құндылықтардың бірі. Бұқаралық спортты қолдау мақсатында мемлекет бөлген қаражатқа қоса, жергілікті әкімшіліктер мен жеке сектор да спортты дамытуға елеулі үлес қосады. Ел бойынша спорт алаңдары, бассейндер, велосипед жолдары секілді инфрақұрылым жетіп артылады. Әрбір аудан мен қалада спорттық нысандар мен спортпен айналысуға арналған қоғамдық орындар қолжетімді. Қызғалдақты елдің шенеуніктері мұны денсаулық сақтау саясатының бір бөлігі ретінде қарастырады.

Бұдан бөлек, Нидерланд велоспортты ұлт деңгейінде қолдайтын мемлекет ретінде белгілі. Елде велосипед инфрақұрылымы кең тараған және халықтың көп бөлігі күнделікті тұрмыста велосипед пайдаланады. Нидерландта бұқаралық спорттық іс-шаралар, марафондар, веложарыстар жиі өткізіледі. Мұндай байрақты бәсекелер халықтың спортқа қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайды.

Енді қараңыз, соңғы жазғы Олимпиадада нидерландықтар 34 медаль еншіледі. Соның 15-і алтын, 7-еуі күміс, 12-і қола. Парижден олжалы қайтқандардың ішінде нақты бір спорттың басымдығы байқалмайды. Түрлі бағыт бойынша жеңіске жеткен. Ал қысқы спортта конькимен сырғанаудан Нидерланд елі ешкімге дес бермейді. Осы күнге дейін жеңіп алған 147 медалінің 133-і осы спорт түрінен келген.

Алақандай елдің Альпіден биік жетістігіне мемлекет жүргізіп отырған саясат тікелей әсер ететінін сарапшылар мойындайды. Нидерланд билігі негізінен бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөледі. Жыл сайын түрлі шаралар өткізеді. Халық та дене шынықтыруға қызығады. Күнделікті өмір салтына айналып кеткен десек қателеспейміз. Бұдан бөлек, Қызғалдақты елдің билігі конькимен сырғанау секілді спорт түрлерін түбегейлі жеке меншікке шығарған. Ел аумағында 8 кәсіби клуб бар. Бәрі қаржысын өзі тауып, өз күнін өзі көреді. Мемлекеттен соқыр тиын да алмайды. Құрамындағы кәсіби спортшыларды өздері қаржыландырады. Нидерланд осы тәсілге ауысқалы бері конкьи спортынан 123 медаль жеңіп алыпты. Қалай таңғалмайсың?!

Нидерландпен салыстырғанда Қазақстан жоғары жетістіктер спортына 3 есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз жұмсайды. Есесіне, Олимпиада секілді ірі сайыстарда жеңіп алған медальдарымыздың саны Қызғалдақты елдің жетістіктерінің қасында жіп есе алмайды.

Қысқы спорттың қаһармандары

Норвегия да бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлетін елдердің бірі. Аталған мемлекете дене шынықтыру мен спорт халықтың өмір салтының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Елдегі спорттық саясаттың негізгі мақсаты – барлық азаматқа спортпен шұғылдануға тең мүмкіндік беру және денсаулықты нығайту.

Ел үкіметі спортты дамытуды стратегиялық мақсат деп санап, бұқаралық спортұа үлкен қаржы бөледі. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін мемлекет көптеген жобалар жүзеге асырып келеді. Мысалы, елдің түкпір-түкпірінде спорт алаңдары, бассейндер, стадиондар мен спорт орталықтары бар. Оларды кез келген адам қолдана алады.

Норвегияда қысқы спорт түрлері ерекше танымал. Елдің климаты мен табиғи жағдайлары қысқы спорт түрлерін дамытудың тамаша мүмкіндік береді. Шаңғы тебу, шаңғымен жүгіру, биатлон сияқты спорт түрлері халықтың сүйікті белсенділіктерінің біріне айналған.

Балаларды спортпен шұғылдануға ерте жастан ынталандыру – Норвегияның спорттық саясатының маңызды бөлігі. Мемлекет мектеп бағдарламасына дене шынықтыру сабақтарын енгізіп, балаларға спортпен айналысатын түрлі орталықтар мен секцияларға қатысуға жағдай жасайды. Бұған қоса, жастарға арналған спорт жарыстары да жиі өткізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, норвегиялықтар спортты тек дене белсенділігі ретінде ғана емес, адамдар арасындағы әлеуметтік байланысты күшейтетін құрал ретінде де көреді. Елде спорттық іс-шаралар адамдарды біріктіріп, қоғамдастықты нығайтудың тиімді жолы деп саналады.

Осыған байланысты шығар, Норвегия қысқы спорт түрлерінен әлемдік аренада көшбасшылардың бірі. Халықаралық жарыстарда, әсіресе Олимпиада ойындарында, елдің спортшылары жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, осы күнге дейін Скандинавиялық мемлекет төрт жылдықтың байрақты бәсекесінен 567 медаль олжалаған. Аз ба, көп пе? Бағамдай беріңіз.

Норвегия да спорт саласынан бөлінетін қаражаттың көбін бұқаралық спорт түрлеріне жұмсайды. Жоғары жетістікті спорт түрлері де назардан тыс қалмаған. Оларға да қаржы құйылады. Мемлекеттің жалпы спорттық бюджетіндегі қаржыландырудың шамамен үштен екі бөлігі спорттық нысандардың құрылысы мен жаңартылуына жұмсалады. Ал қалған бөлігі спорт федерацияларына және аймақтық спорттық қауымдастықтарға бөлінеді.

Канададағы бұқаралық спорт мемлекет тарапынан белсенді түрде қолдау тауып, денсаулық сақтау және қоғамдағы белсенділікті арттырудың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Елде бұқаралық спортқа арналған бағдарламалар мен инфрақұрылымдарды дамытуға үлкен көңіл бөлінеді. Бұл қаражат спорттық нысандарды салуға, жаттықтырушы кадрларды дайындауға, балалар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламаларды ұйымдастыруға, сондай-ақ спорттық жабдықтарды сатып алуға бағытталады.

Мысалы, Sport Canada федералдық органы бұқаралық және кәсіби спортты қатар қолдайды. Спорттық гранттар мен стипендиялар ұсынады, сондай-ақ спортшылардың физикалық белсенділігін арттыру бағдарламаларын қаржыландырып келеді. Бұдан бөлек, Канадада халықты спортқа тарту үшін түрлі бағдарламалар мен науқандар өткізіледі. Соның ішінде халық арасында физикалық белсенділікті насихаттайтын ParticipACTION ұлттық қозғалысы бар. Бұл бағдарлама арқылы адамдар дене шынықтыру жаттығуларын күнделікті өмірге енгізуге және белсенді өмір салтын қалыптастыруға шақырылады.

Ал біздің елде ше? Жоғарыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін мысалға келтірдік. Мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөліп келеді. Теория бойынша, балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдай жасалуы қажет. Алайда іс жүзінде жағдай мүлдем басқаша.

Халықтың спортпен айналысуына жағдай жасалуға тиіс

Өңірлердегі 20 мыңнан астам спорт алаңдары мен 16 мыңға жуық арнайы кешендер мен залдар қалың бұқараға қолжетімді емес. Президент осы нысандардың барлығы толыққанды қызмет етуін бақылауды, спортпен айналысамын деген әрбір адамға қолжетімді болуын тапсырды.

Барлық облыс орталығында және аудандарда футбол, бокс, күрес, баскетбол, волейбол, садақ ату, үстел теннисі, шахмат және тағы да басқа танымал спорт түрлерінің секциясы болуға тиіс. Бұл – әкімдердің міндеті. Ал Үкімет спорт нысандарының жұмыс тиімділігіне сараптама жүргізіп, осы мәселе бойынша тиісті шаралар қабылдағаны дұрыс, - деді Президент.

Тағы бір айта кетерлігі, спорт резервін әзірлеу де кенже қалып отыр. Бұған Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратыны сөзсіз. Президент осындай мекемелердің жұмысын жүйелеу қажет екенін алға тартады.

Елімізде 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады, - дейді Президент.

Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің деректері де растап отыр. Жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымал емес және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылады. Мәселен, 2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль жоқ. Ал 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өскен.

«Антикор» келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстан жазғы Олимпиада бойынша 44 спорт түрін, қысқы Олимпиадаға керек 13 спорт түрін дамытуға басымдық береді. Дегенмен жоғары жетістіктер спортының қаржыландырылатын бағыттарының шамамен 60 пайызы Олимпиадалық емес бағыттарға жатады екен. Яғни, 84 спорт түрін не себепті қаржыландырып отырғанымыз түсініксіз. Жыл сайын бұл бағытта 18 миллиард теңге жұмсалады. 2023 жылы олимпиадалық түрлерге 296 миллиард теңге, олимпиадалық емес түрлерге 18 миллиард, өзге шығыстарға 11 миллиард теңге қаражат жұмсалған.

Сондай-ақ легионерлерді шақыру, тек кәсіби спортқа көңіл бөлу себебінен Қазақстанда спорттық инфрақұрылым дамымай қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік заманауи спорт нысандарының жетіспеушілігі спортшыларды сапалы даярлау мүмкіндігін шектейтінін алға тартады. «Антикордың» пайымдауынша, бұл, әсіресе, спорттық нысандар жиі қол жетімді емес немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда болатын аймақтарда қатты байқалады.

Мәселен, Қазақстан аумағында 374,2 мың шаршы метр жабық спорт ғимараты, 376,4 мың шаршы метр бассейн жетіспейді. Әсіресе, Алматы, Астана секілді ірі қалалар мен халқы көп Түркістан және Алматы облыстарында қатты байқалады. Ал спорттық ұйымдар мен клубтар спорт кешендері мен футбол академияларын салудың орнына легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған.

«Астананың» инфрақұрылымы дамымаған

Әсіресе, хоккей мен футболда мұндай кемшілік бар. Бұл туралы жанкүйерлер талайдан бері айтып келеді. Алайда құзырлы мекемелердің назар аударғаны бірінші рет. Кей деректерге сүйенсек, шетелдік легионерлерге Қазақстан клубтары айына кемі 15 мың доллар төлейді екен. Яғни, жылына шамамен 100 миллион теңге бір легионерді асырауға жұмсалады. Бірақ Чемпиондар лигасы секілді байрақты бәсекеде жарытып ойнап жүрген клубтар жоқ. Есесіне, ұлттық құрама сапында атой салып жүргендер кілең өзіміздің қарадомалақтар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мысал ретінде Қазақстандағы ең қымбат клуб «Астана» келтіреді. Аталған футбол клубына 2018-2023 жылдары 50 миллиард теңге мемлекет қаражат құйылған. Оның құрылтайшысы – Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Қазспортинвест» АҚ «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры және Ұлттық Олимпиадалық комитет. Осындай дардай атағына қарамастан «Астананың» жеке футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. Клуб 6 жыл ішінде клуб футбол алаңдары мен үй-жайларды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсады.

Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамыту формалды көрсеткіштерге басымдық беретінін алға тартады. Мысалы, 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәдімгі жаяу жүргіншілер жолдары мен велосипед жолдарының тапшылығына бағытталған. Дегенмен осында көрсетілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері шындыққа жанаспайды. Мысалы, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуге тиіс.

Спорттық ғимараттар мен нысандарда, сондай-ақ ашық жерлерде өткізілетін іс-шаралар осы іс-шараларда екі жүз және одан да көп көрерменнің бір мезгілде болуын болжайтынын ескере отырып, көрсеткіштің көтерілгені анық аңғарылады, - деп мәлімдейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік.

Сонымен қатар халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық іріктеудің болмауы да үлкен кедергі келтіріп отыр. Жоғары жетістіктер спорт саласында процестерді цифрландыру мүлдем жоқ. 2020 жылы Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізуге жоспарланған әзірлеу жүргізілген жоқ.

Мұның салдарынан жауапты министрлік қазақстандық спорттың жай-күйі туралы толық деректерден хабарсыз. Жүлдегерлердің, спорт ғимараттарының, спорт секциялары мен жаттықтырушылардың бірыңғай есебін жүргізбеген. Цифрландырудың болмауы жалған спортшыларға спорттық атақтар беруге, жарыстарға қатысу үшін спортшыларды ашық емес және субъективті іріктеуге ықпал етіп отырған көрінеді.

Мұндай кемшіліктердің салдарынан үлестес жеткізушілерді іріктеу кезінде, оқу-жаттығу жиындары мен спорт объектілерін жалға алу сәтінде бюджет қаражатын жымқырып қалуға жол ашып отыр. Сонымен қатар легионерлердің еңбекақысы асыра бағаланаып, қосарланған қаржыландыру жүргізіліп, бюджет қаражаты бақылаусыз игеріліп келген. Қысқасы, спорт саласы әбден былыққа батып қалған. Ең бастысы, Президенттің қадағалауымен сең қозғалды. Ендігісі, салада үлкен реформалар жасалуын күту ғана.

Alikhan Assangeldi
Бөлісу: