Былтыр 170 мыңға жуық азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегін алған

20 Қаңтар 2023, 06:40 925

Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28 пайызға артық

Әділет министрлігінде ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әділет министрі Азамат Есқараев конституциялық реформаны іске асыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2022 жылы «ҚР Конституциялық Соты туралы», «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы»,«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  бірқатар маңызды заңдар қабылданғанын айтты.

Электрондық нотариат жүйесінің жаңа элементтері енгізілді және мұрагерлік іс жүргізуге, барлық меншік нысандарындағы ұйымдарда мүдделерді білдіруге, соттарда істер жүргізуге қатысты электрондық форматтағы сенімхаттардың 3 түрін беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Сонымен қатар зияткерлік меншік саласында маңызды заңнамалық түзетулер қабылданды.

169 мыңнан астам азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегін алған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 28%-ға артық. 

Құқық үстемдігі қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құру заңнаманың жекелеген нормалары мен салаларын ғана емес, қолданыстағы құқықты қалыптастыруға деген көзқарасты да түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Сондай-ақ бұл заң шығару қызметін сауатты жоспарлауға және жүзеге асыруға да қатысты, - деді Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Үкіметі Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев.

Мемлекеттік билік деңгейлері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету, артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау және атқарушы органдардың қызметін нақтылау бойынша заң шығарудың жаңа тәсілдерін іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

EL.KZ
Бөлісу: