Бұзау іздеуге шыққан: Ақтөбеде қайғылы жағдай орын алды

28 Мамыр 2023, 02:05 1377

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құрылыс ауданында екі бала суға батып кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Бұзау іздеуге кеткен бір баланың денесі табылды, ал екіншісін іздеу жұмысы жүріп жатыр.

Оқиға 27 мамыр күні Ырғыз ауданында болған.

Төтенше жағдайлар қызметіне Құрылыс ауылында екі баланың суға кеткені туралы хабар түсті. Оқиға орнына прокурорлар мен полиция барды.

Алдын ала болжам бойынша, 2011 жылы туған екі бала бұзау іздеуге шығып, оралмаған. Олардың жанында болған 13 жасар бала бірінің суға құлағанын, ал екіншісін көрмегенін айтты. Бүгін сағат 17:30-да жергілікті атқарушы билік пен жергілікті тұрғындар күшімен бір баланың денесі шығарылды. Суға батып кеткен бір баланың әкесі мұғалім, анасы кәсіпкер. Олар - Бәймен Алманов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушылары. Екінші баланы іздеу жұмысы жалғасып жатыр. Оған төтенше жағдайлар бөлімінің екі техникасы, 7 адам жұмылдырылды. Сүңгуірлер де барды. Полиция мен жергілікті тұрғындар да оқиға орнында,- деп хабарлама таратты облыстық білім басқармасынан.

Ақпаратты облыстық ТЖД баспасөз қызметі де растады.

Іздестіру жұмыстары нәтижесінде 12 жасар ер баланың денесі сағат 18:30-да судан шығарылды. Қазіргі таңда кәмелет жасына толмаған екінші ер баланың денесін табу үшін ТЖД, ДП, ЖАО және жергілікті тұрғындар іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр,- дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Перизат Саденова
Бөлісу: