БҰҰ: Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейінгі құтқару кезеңі аяқталуға жақын

14 Ақпан 2023, 10:31 1389

Біріккен Ұлттар Ұйымының Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі Мартин Гриффитс Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен кейінгі құтқару кезеңі аяқталуға жақын деп мәлімдеді. Алайда үмітсіз болғанына қарамастан тірі қалғандарды іздеу бойынша құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы елдегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 31 643-ке дейін өскенін хабарлады. Сондай-ақ, 6444 ғимарат жер сілкінісінен толығымен қираған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы және Сирияның адам құқықтары жөніндегі обсерваториясы Сирияның солтүстік-батысында құрбан болғандардың саны 5200-ден асқанын және 7600-ден астам адам жараланғанын растады. Сонымен жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны Түркия мен Сирияда шамамен 37 мың адамға дейін өсті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен кейінгі құтқару кезеңі аяқталып, енді аман қалғандарға баспана, азық-түлік, білім беру және психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету шұғыл қажеттілік болатынын атап өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Сирия үкіметінің бақылауындағы аудандардан солтүстік-батыстағы оппозицияның бақылауындағы аудандарға көмек беруді қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Бұдан бұрын көмек жеткізуге байланысты Сирия режимі мен БҰҰ арасында өзара айыптаулар орын алған еді. Сирия режимінің үкімет бақылауында емес аудандарға баратын көмекке қатысты айқындамасы түсініспеушілік тудырған болатын.

Жер сілкінісі Сирияның солтүстік-батысындағы 12 жылдық соғыс нәтижесінден бөлінген аумаққа, соның ішінде Түркиямен шекарадағы оппозицияның бақылауындағы аумақтарға және Башар Асад басқарған режимнің бақылауындағы жерлерге үлкен зиян келтірді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккен адамдардың саны шамамен 26 миллион адамға жеткенін хабарлаған болатын. Осы орайда, Біріккен Ұлттар Ұйымы зардап шеккен аудандарда денсаулық сақтаудың төтенше және негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін 42,8 миллион доллар жинауға шақырды.

Қазақстан Түркиядағы табиғи апатқа байланысты Түркияға моральдық және материалдық қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылар тобы Түркияның Газиантеп қаласында үш жерде екі ауысыммен тоқтаусыз жұмыс жүргізіп жатыр. Еліміздің түрлі аймақтарынан гуманитарлық көмек ұйымдастырылуда.

Түркияның Қазақстандағы елшілігі үндеу тастап, жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға арналған көмекті шатыр, генератор, жылытқыш, көрпе, ұйқы қапшықтарымен шектеуді сұрады. Бұдан бұрын Қазақстан облыстарынан жөнелтілген көмек азық-түлік, киім-кешектен тұратын.

Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна  ҚР Ұлттық ұланы ұшағының төрт рейсімен гуманитарлық көмек жолдаған болатын. Сирия жеріне жеткізілген көмек негізінен мемлекеттік резервтен бөлінген азық-түлік, жылы киім, шатыр мен төсек-орындардан тұрады.

Қайрат Сәки
Бөлісу: