БҰҰ терроризмге қарсы күресте күш біріктіреді

18 Қазан 2022, 22:39 2248

СІМ басшысы БҰҰ және ЕО делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Терроризмге қарсы күрес және террористердің трансшекаралық қозғалысын болдырмау мақсатында шекара қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық және өңірлік ынтымақтастық» тақырыбындағы конференцияға қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

ҚР СІМ мәліметіне қарағанда, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон іс-шараны салтанатты түрде ашты, БҰҰ мүше елдердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері де қатысты. 

Конференцияда сөз сөйлеген М.Тілеуберді трансшекаралық тәуекелдер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл контекстінде өңірлік және жаһандық деңгейдегі іс-қимылдарды одан әрі тығыз үйлестіруге шақырды. 

Министр АӨСШК 6-шы саммитінің қорытындылары туралы және БҰҰ Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі АӨСШК іс-қимыл жоспарын бекіту туралы хабарлады. 

Форум аясында ҚР СІМ басшысы БҰҰ және ЕО делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Контртерроризм басқармасының басшысы Владимир Воронковпен болған кездесу барысында БҰҰ Жаһандық терроризмге қарсы стратегиясын Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде әрі қарай іске асыру мәселелері талқыланды.

ЕО Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Тери Хакаламен кездесуде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша пікір алмасылды, сондай-ақ Еуроодақтан келетін делегациялардың Астанаға алдағы сапарларының кестесі талқыланды.

EL.KZ
Бөлісу: