БҰҰ бітімгерлік миссияларына баратын қазақстандықтар арасында іріктеу жүріп жатыр

26 Қараша 2023, 04:33 741

Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының базасында БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберу үшін әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері лауазымдарына тағайындалатын кандидаттардың кезекті жиындары өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оған Қазақстан Қарулы күштерінің әртүрлі бөлімшелерінен 17 әскери қызметші қатысуда. Оның екеуі әйел әскери қызметші. 

БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу үшін офицерлер қатаң талаптар бойынша таңдалады. Іріктеу барысында әскери дағдылар ғана емес, сонымен қатар моральдық-психологиялық тұрақтылық, дене дайындығы мен шет тілдерін білуіне баса назар аударылады, - делінген мәліметте.

Бір апта ішінде үміткерлер медициналық комиссиядан, психологиялық тестілеуден өтеді. Дене шынықтыру нормативтерін тапсырып, механикалық қорабы бар көлікті жүргізу дағдылары мен ағылшын тілін меңгеру деңгейін көрсетеді.

Жиын аяқталғаннан кейін іріктеуден өткен кандидаттар одан әрі БҰҰ бітімгерлік миссияларына жіберілетін офицерлер резервіне алынады.

Перизат Саденова
Бөлісу: