БҰҰ бас ассамблеясы шеңберінде денсаулық сақтау секторындағы ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді

23 Қыркүйек 2023, 11:25 699

Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары шеңберінде БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 78-ші сессиясы барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен қазақстандық делегация денсаулық сақтау мәселелеріне арналған жоғары деңгейдегі отырыстарға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрлері мен 150-ден астам елден келген шетелдік делегациялардың басшылары пандемияға қарсы іс-қимыл жасауға және оның алдын алуға, медициналық-санитариялық алғашқы көмек призмасы арқылы денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға және саяси декларациялар қабылданған туберкулездің алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударды.

Министр А Ғиният пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде денсаулық сақтау саласындағы үздік халықаралық практикалар мен жаһандық күн тәртібін ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесіне көзқарастарды қайта қарау қажеттігін атап өтті, медициналық-санитариялық алғашқы көмек қызметтерін күшейту, мобилдік бригадаларды ұйымдастыру, цифрлық технологияларды пайдалану және т. б. арқылы COVID-19-ға ден қою тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Мальта Премьер-Министрінің орынбасары-денсаулық сақтау министрі Крис Феарненің төрағалығымен денсаулық сақтау саласына инвестиция салу мәселелеріне арналған көпжақты пікірталас форумы өтті. БҰҰ-ға мүше 40-тан астам мемлекет пен халықаралық әріптестердің өкілдері денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуға қол жеткізу үшін денсаулық сақтау секторына инвестицияларды ұлғайту, табысы төмен елдерде медициналық қызметтерді қаржыландыру үшін халықаралық донорларды тарту туралы пікірлерімен бөлісті.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Чили Президенті Габриэль Боричтің, ДДҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесустың, ДДҰ-ның Америка елдеріне арналған өңірлік директоры Жарбас Барбоза де Силваның, сондай-ақ Ұлыбритания, Бразилия, Уругвай, Парагвай және басқа денсаулық сақтау министрлерінің қатысумен өткен  денсаулық сақтау жүйелерін медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қайта бағдарлау мәселесі бойынша сайд-ивентте сөз сөйледі.

Сондай-ақ, ведомство басшысы делегация басшыларымен, Pfizer, Siemens Healthineers, General Electric Healthcare компанияларының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді және ҚР Үкіметі мен «GE Helthcare» арасындағы «GE Helthcare» инвестициялық жобасын іске асыру жөніндегі негізгі шарттар туралы негіздемелік келісімге қол қоюға қатысты.

Отырыстардың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, денсаулық сақтау секторының инфрақұрылымын күшейтуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған инвестицияларды тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Асқар Таудай
Бөлісу: