Қазір біз тамсанып жеп жүрген құрт жылдар бойғы өзгерістердің нәтижесі. Ол технология және халықтың өмір салтымен қоса өзгеріп отырған. Оның өзгеріске түсуіне бірден бір себеп — сүт тартатын машинаның пайда болуы, дейді зерттеуші Әлия Болатхан.
Бұл құрылғы қазақтардың тұрмысында 1920 жылдары ауыл шаруашылығын жаңғырту тұсында еніп, белсенді қолданысқа енген.
Оған дейін айранды немесе қатықты үлкен сабаларға салып пісіріп, майды қолмен шайқаған. Бұл процесс шикізаттың белгілі бір қасиетін сақтауға көмектескен, яғни іркіттің құрамында аздаған мөлшерде май қалған, соның нәтижесінде құрт жұмсақ, тойымды болып шыққан және не тым ащы, не тым тәтті емес, үйлесімді дәмін сақтаған. Ал сүт тартатын машина қолданысқа енген соң сүт толық өңделіп, майсыз, көк сүт болып қалатын. 1927 жылдары Фиельструп атап өткендей, майы бөлінген сүттен алынған құрт ерекше қатты, түсі қоюлау және дәмі ашқылтым болған. Одан кейін құрттың шай дастарқанынан табылуы да сиреп, қыстық азық ретінде де сақтауға тиімсіз өнімге айналған, - дейді зерттеуші Әлия Болатхан.
Тағы бір ерекшелігі, 20-ғасырдың басына дейін қазақтардың сүт өнімдері, негізінен, қой сүтінен жасалған. Одан айран мен қатық әзірлеп қана қоймай, қысқа азық қоры болатын ірі кесек құрт та жасаған.
Ол сиыр сүтінен жасалған құртқа қарағанда қою әрі майлырақ. Тіпті оның майлылығы 9 пайызға дейін жеткен. Қой сүтінен жасалған құрт жұмсақ, калориясы жоғары әрі бағалы саналатын. 1922 жылғы экспедиция мәліметтеріне сүйенсек, қазақтардың 10 пайызы ғана сиыр сауып, сүтін ішкен, ал қой сүтімен қоректенетін халық саны 30 пайыздан асқан. Сиыр мен жылқы ұстауға шамасы жетпейтін көшпелі кедей шаруалардың да негізгі асы қой сүті болған, - дейді Әлия Болатхан.
Зерттеулерге көз салсақ, құрт қазақтар үшін қарапайым сүт өнімі емес, көшпелі өмір салтының ажырамас бөлшегі, мәдениетінің қайнар көзі, асау табиғатпен етене өмір сүрген халықтың тәжірибесімен келген білім-білігі деуге толық негіз бар. Оның құндылығы да осында болса керек.
Әлия Болатханның айтуынша, көптеген деректе құрт құнарлылығы және бактерияға қарсы қасиеті үшін бағаланған, құрқұлақ ауруынан сақтаған және асқазан-ішек жолдары ауырғанда қолданылған деседі.
Асқазан ауырғанда құртты ыстық суға ерітіп, құнары жоғары, бойды жылытып, ауруды басатын сусын жасаған. Кейбір деректерде құрт шайдың орнын басып, денсаулықты қалпына келтірген уақытша диеталық тағам қызметін атқарған.