09.03.2023
12:25
1539
Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановқа үкім шығарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі BaigeNews.kz-ке  сілтеме жасап.

"Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2023 жылғы 24 ақпандағы үкімімен М.Бектановқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді сот.

Сот істің "Құпия" қаралғанын айтып, нақтырақ ақпарат бермеді.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 9 қаңтары күні Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі лауазымынан босатылған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрдің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған-ды.

2022 жылғы 19 ақпанда ҚР Бас прокуратурасы бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған болатын.