Бұрынғы дәрігер медициналық киім тігу кәсібін дөңгелетіп отыр

7 Наурыз, 06:25 925

Түркістан облысында тұратын бұрынғы кардиолог-дәрігер соңғы 1,5 жылдан бері өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында тұратын Шавкат Хабибуллаев өзі туып-өскен жерінде тігін цехын ашқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бірнеше жыл дәрігер қызметін атқарған ауыл тұрғыны ойлана келе кәсіпкерлікке бет бұруды жөн санаған. Қазіргі таңда ол басшылық ететін «Medical style» тігін цехында медициналық киімдердің 25 түрі тігіледі. Осылайша кәсіпкер бүгінгі таңда 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тігін цехында сұранысқа ие медициналық киімдерді сапалы етіп тігу үшін мықты технолог пен арнайы білімі бар тігіншілер еңбек етіп жүр.

Тігін цехында жылына 20-25 мыңға жуық киім шығарылады. Әрине, тапсырыс артса, ондағылар сұранысты арттыруға ниетті. Ал медициналық киімдерге қажетті маталар арнайы Түркия елінен алынады.

Бизнес саласына келгеніне көп уақыт бола қоймаған кәсіпкердің айтуынша, қазірдің өзінде тапсырыс берушілердің саны артқан. Астана, Алматы, Шымкент сынды еліміздің үш бірдей мегаполисімен қатар Талдықорған қаласында арнайы дүкендері бар.

Кәсіп иесі алдағы уақытта тапсырыстың көбеюіне байланысты тігін цехын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Жалпы Кентау қаласында кәсіпкерлерге берілетін мүмкіндік пен мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, кәсіп көзін тапқандар аз емес. Солардың бірі ретінде Динара Есіркепованы айтуға болады. Көпбалалы ана да тігін кәсібін дөңгелетіп отыр. Бүгінде клиенттің сұранысына қарай қыз жасауын тігумен айналысады. Одан бөлек, түрлі оюлы, сәнді сәукеле, тойбастар және заманауи көрпе-жастықтарға тапсырыс алады.

Тігінші әйел - отбасында үлгілі келін. 4 бала, 1 қызды тәрбиелеп отырған аяулы ана.

Көпбалалы ана Динара Есіркепова 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысқан. Нәтижесінде жаңа бизнес идеясын іске асыру аясында мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алған. Тігінші әйел ол қаржыға қажетті құралдар мен тігін машинасын сатып алыпты.

Негізі көпбалалы ананың мамандығы - бастауыш сынып мұғалімі. Бірақ жанына жақын сала тігінішілік болғандықтан, осы кәсіпті ұлғайтуды қолға алуды жөн санаған. Бұл сала бойынша арнайы білімі де бар.

Соңғы бес жылдан бері осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Айтуынша, сұраныс та артып келеді. Алдағы уақытта жанына көмекшілерді көбейтіп, өнім көлемін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Оқи отырыңыз:

Зарина Арман
Бөлісу: