Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, әншінің туған күніне орай түсірілім жасауды бастап кеткен. Тосынсыйды Испаниядағы ресми фан-клуб мүшелері ұйымдастырып жатыр. Олар бірнеше локацияда түсірілім жасап, бейнебаянды Димаштың туған күніне орай жарияламақ.
Түсірілім жұмысы туралы Испаниядағы La Voz de Galicia газеті мен Telemarinas цифрлық басылымы жазған. Осы жобаға Испанияның түрлі өңірінен 25 адам қатысып жатыр. Қатысушылардың ең үлкені – 72 жаста.
Айталық, Морейрас фермасында басталған түсірілімде аттар, бүркітпен аң аулау көріністері бар. Жанкүйерлер О Вал Миньор алқабында киіз үй тіккені тағы бар.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, Ойе елдімекенін бекер таңдамаған. Мұнда жабайы жылқы үйірі көп. Галисия жылқылары мен қазақ жылқысының символикалық ұқсастығы бар.
Жанкүйерлер осы бейнебаянды Димаш Құдайбергеннің 24 мамырдағы туған күнінде желіге жүктейді. Олар видеода Димаштың әні өмірін өзгерткенін, нен түйгенін де айтады. Оған қоса, әншінің біраз жанкүйері қазақ тілін үйреніп, қазақша ән шырқап жүр. Сондықтан да түсірілімді қазақы көрініспен толтырып, Атлант мұхиты жағалауын қазақша сөйлетіп жатыр.