Елді мекендерде қаңғыбас ит-мысық саны азаймай, керісінше көбейген. Салдарынан зардап шеккендер саны да артып жатыр. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, биыл Петропавлда 239 адамды жануарлар тістеген, тырнаған. Ал осындайда қайтпек керек?
Иә, көктем келіп, аймақта иесіз ит пен мысық қаптаған. СҚО-дағы сала басшысының айтуынша, 133 адамды ит қапса, соның ішінде 69 адамды көшеде иесіз жүрген иттер қапқан. 91 адам мысықтан зардап шеккен. Сондай-ақ 15 адам түлкі, ірі қара мал, тышқан, егеуқұйрық және басқа жануарлардан жарақат алған. Артынша осы 239 адамның 128-іне вакцина, 111 адамға иммуноглобулин мен вакцина салынған.
СҚО құтырманың табиғи ошағы аймағында орналасқан. Әсіресе, қыс-көктем уақытында қауіпті, өйткені вирус жабайы жануарлар арқылы елді мекендерге жетіп, үй жануарларына жұғуы мүмкін. Бұл – өте қауіпті инфекциялық ауру, себебі егер алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсетілмесе, адам өлімге әкелетін дертке шалдығады. Өңірде белсенді алдын алу жұмыстары жүргізілуінің арқасында 1998 жылдан бері құтырма жұқтыру тіркелген жоқ,– дейді департамент басшысы.
Бұл қандай ауру?
Құтырма – қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Бұл – орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, соңы өлімге әкелетін ауру. Көбінесе, ауруды ит, мысық, жабайы жануарлар (түлкі, қасқыр, жарқанат т.б.) тасымалдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде жыл сайын шамамен 59 мың адам құтырмадан қайтыс болады. Өлім жағдайының 95%-ы Азия мен Африкада тіркеледі. Өйткені кей елдерде жануарларға вакцина жеткіліксіз. Адамдар дер кезінде дәрігерге жүгінбейді. Ауылды жерлерде медициналық көмек кеш көрсетіледі.
Жоғарыда атап өткендей, аурудың көзі – үйдегі, жабайы жануарлар, кеміргіштер және тағы басқасы. Сау адамға аурудың қоздырғышы жануар сілекейі арқылы жұғады. Аурудың әсері жарақаттың тереңдігі мен вирустың мөлшеріне байланысты.
Құтырған жануарды қалай ажыратамыз?
Құтырма жұқтырған жануар мазасыз, ызақор болып, кейде орнынан тұрмай, жатып қалады. Сілекей мөлшері көбейіп, аузынан көбік ағады, су іше алмайды. Қасына келгеннің бәрін тістеп, 5-7 күннің ішінде өліп қалады.
Маманның айтуынша, қауіпті дерттен сақтанудың бірден бір жолы – вакцина. Сол үшін қорадағы итке құтырмаға қарсы вакцина салдыруды ұмытпаңыз. Қорада дегенге де назар аударып, итті мейлінше қорада немесе байлап ұстаңыз. Үй жануарларына вирус жұқпауы үшін жабайы жануарларға жақындатпаңыз.
Құтырманың белгісі қандай?
Ит қапса, не істейміз?
Ит, мысық не басқа жануар (түлкі, тиін, т.б.) тістеген кезде дереу травматолог немесе хирургқа хабарласу керек. Бұған бейжай қарауға болмайды. Адам тері мен шырышты қабаттағы сілекейдің қаншалықты қауіпті екенін білуі керек. Сілекеймен қоса жануарлардың тырнаған жеріндегі сызат та қауіпті. Өйткені жануарлар табанын жалағандықтан инфекция қоздырғышы тырнағында қалады.
Егер де абайсызда жануарлар тырнап немесе қауып алса, жараны кемінде 15-20 минут бойы сабынмен жуу керек. Кейін 70% спирт немесе йодпен өңдеу қажет. Сондай-ақ дереу медициналық мекемеге барып, антирабиялық вакцина алыңыз. Құтырма – емі жоқ ауру. Дерттен қорғанудың бірден-бір жолы – вакцинация. Екпе уақтылы жасалса, адам өміріне келер қауіп жоқ, – дейді Әсет Жұматаев.
Маман айтқандай, егер жақын маңда емхана болмаса, үйге барып, алғашқы көмек алып, ары қарай жедел жәрдем шақырасыз. Өйткені дәрігер зақымдану дәрежесін анықтап, құтырмаға қарсы вакцина тағайындайды. Мұндай вакцинаны тегін аласыз. Дәрігерлер дамыл таппай, демалыс және мереке күні де салып береді. Бастысы, құтырмаға қарсы вакцинаны уақытында алу керек. Құтырмасы жоқ ит қапса да, дәрігерлер сақтанудың амалын жасайды. «Жануардың дені сау» деген ветеринарлық анықтама негізінде иммундау курсын қысқартады. Дәрігерлердің айтуынша, толық курс бес вакцинадан тұрады. Сізді бір ай бойы бақылап, жарақаттың 0,3,7,14 және 28-ші күні вакцинациялайды. Осы курсты орта жолда үзіп алсаңыз, вакцина құтырудан қорғауға кепілдік бермейді.