Бурабайда “Freedom House” ғимаратының іргетасы қаланды

9 Наурыз 2023, 13:53 1273

Бурабайда “Freedom House” ғимаратының құрылысы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ауыл балаларының білім алуына мол мүмкіндік беру мақсатында IQanat мектебінің жанында жаңа корпус тұрғызылады. Корпустың құрылысын жеке кәсіпкер Тимур Тұрлов қаржыландырады. Корпустың алғашқы іргетасын қалау рәсіміне Ақмола облысының әкімінің орынбасары Малгаджар Таткеев, IQanat мектебінің басшысы Айдын Рахымбаев және Тимур Тұрлов қатысты.

“Мектептің негізін қалауға атсалысқан барлық жанға алғысым шексіз. Бизнес саласында кәсіпкерлер қаржысын тиімді дүниеге салуды қалайды. Сондықтан өз қаражатымызды болашақ жастар үшін жоғары сынып оқушыларына арналған оқу ордасына жұмсадық. Бұл расымен қолдауға тұрарлық жоба. Оқу ордасынан түлеп ұшқан әр түлек елімізге пайдасын тигізетін тұлға болатынына сенімдімін”,- деді Тимур Тұрлов.

Корпустың құрылысы биыл қазан айына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтықты азайтуға арналған тапсырмасы аясында іске асырылып жатқан бірден бір жоба. Бүгінде көптеген ауыл баласы өңірдегі білім ордасынан білім алуда. Осы тұрғыда білім ордасының жанынан қосымша жаңа корпустың іске қосылуы оқушылар үшін де жаңа бастама болмақ. Болашақта түлектер еліміздің дамуына үлкен үлес қосатынына сенемін”,- деді Малгаджар Таткеев.

Білім ордасы 10-11 сыныпта оқитын 300 оқушыға арналған. Оқушылардың басым көпшілігі қазақ тілінде оқиды.

“Осындай үлкен жоба шетелде көп. Бізде қашан болады деп көптен бері жоспарлап жүрген едік. Енді бұл жобаны да іске асыратын күн туды. Сондықтан жобаға қолдау көрсетіп жатқан жандарға алғыс айтамын”,- деді Айдын Рахымбаев.

Миражан Махан
Бөлісу: