Бурабай ұлттық паркіне кіру жергілікті тұрғындар үшін тегін

Бүгiн, 14:28 123

Биыл Салық кодексінен Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін алынатын төлем республикалық бюджетке түсетіні туралы нормалар алынып тасталды. Қазір төлем ұлтттық парктің арнайы есепшотына түседі және әрбір парк өзінің тарифтерін белгілейді. 2017 жылы енгізілген тариф 7 жылдан бері алғаш рет өгертіліп отыр, жаңа баға биыл 26 қарашада күшіне енген деп хабаралайды El.kz.

Осылайша, парк аумағына жеңіл көлікпен кіру құны жұмыс күндері — 0,3 АЕК (1107 теңге), демалыс және мереке күндері — 0,4 АЕК (1476 теңге) болып белгіленген.

Тиісінше 16 орындық автобустар үшін кіру ақысы — 1 және 1,5 АЕК (3692 және 5538 теңге), 16-32 орындық автобустар үшін 2 және 2,5 АЕК (7384 және 9230 теңге), 32-ден артық жолаушыға арналған автобустар үшін — 3 және 3,5 АЕК (11 076 және 12 922 теңге).

Сондай-ақ, «Бурабай» ұлттық паркінің мамандары БАҚ өкілдеріне жаңа тариф туралы түсіндірме жасап, өзгерістер жергілікті тұрғындар мүддесі үшін ерекше қарастырылғанын айтты.

— «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында тұратын, сондай-ақ ұлттық паркпен іргелес елді-мекендердің 26,5 мың халқынан еш төлемақы алынбайды. Олардың автокөлік нөмірі электронды базада тіркелген. Яғни, жергілікті халықтың мүддесі ескерілді, — дейді «Бурабай» МҰТП директорының орынбасары Венера Нұғманова.

Қазіргі таңда «Бурабай» паркіне кіретін тұстарда автоматтандырылған 5 өткізу-бақылау бекеті жұмыс істеп тұр. Төлемді Kaspi және Halyk Bank QR-кодтары арқылы жасауға болады. 

Диана Орынбасар
Бөлісу: