ҚР Президентінің іс басқармасының БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған сапары барысында Бурабай орман шаруашылығындағы жан-жануарларға қысқы жем-шөп даярлайтын орындармен таныстырды, деп хабарлайды El.kz
Жабайы жануарларды азықтандыру үшін «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағына 100 науа қойылған.
Айта кетейік, табиғи парктің аумағында омыртқалы жануарлардың 267 түрі мекендейді. «Бурабай» табиғи паркінің тізіміне балықтың 16, қосмекенділердің 2, бауырымен жорғалаушылардың 4, сүтқоректілердің 48, құстардың 197 түрі енгізілген.
Қазақстанның Қызыл кітабына сүтқоректілердің 1 түрі (орман сусары) және құстардың 14 түрі енгізілген.
Ұлттық парк аумағы 10 орманшылыққа, 32 кордонға бөлінген. Онда мемлекеттік инспекторлар мен қорықшылар еңбек етеді.
Суықта жануарлардың қоректенуі қиынға соғатындықтан, қорықшылар бұғыға жем-шөп, қайың жапырақтары мен тұзына дейін дайындап қойған екен.
«Бурабай» орманшылығының орманшысы Қайырбай Балтабаев ұлттық паркте 1500 бас бұғы бар екенін айтты.
Сонымен қатар, әр орманшылықта қосымша 700 тонна шөп дайындалады. Бүгінде 380 келі тұз бар. 10-15 инспектор орманшылықта жем-шөпті әзірлеу бойынша жұмыстарды жасауда.«1500 бас жабайы бұғыға норма бойынша әр орманшылықта осындай жапырақ пен тұз дайындалады. Қыстың күні жұмасына екі рет жем-шөбін береміз. Қыс ұзаққа созылып, жетпей қалған кездері болған жоқ», - деді ол.
Жабайы жануарларды азықтандыру үшін жыл сайын 120 мың бумадан астам шөп әзірленеді.
Мирный орман шаруашылығындағы инспекторлар таңертеңнен кешке дейін тынымсыз еңбек етеді. Аталған орман шаруашылығы 18 мың гектардан астам алқапты құрайды. Мұнда қызметкерлерге қызметтік үй де берілген.
Солардың бірі Мирный орман шаруашылығының инспекторы Жеңіс Амангелді отбасымен бірге осында тұрып жатыр.
Дегенмен, олардың айлықтары да көңіл көншітпейді екен. Мамандардың жетіспеушілігі де байқалады. Әсіресе, жас мамандар бұл жаққа келуден бас тартады деп отыр.«Біздің орманшылықта 11 инспектор бар. Құдайға шүкір, өрттің бетін көрмедік. Осында отбасыммен тұрып жатырмын. Әр инспектордың өз қызметі бар. Орманды атпен жүріп, бәрін бақылап шарлап шығамыз. Менің учаскіме 727 гектар қарайды», - деді.
Жануарлар шөп жеуге келгенде ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік инспекторлар және қорықшылар әр басты есепке алып отырады. Орманшылар мен қорықшылар азықтандырып қана қоймай, оларды қорғауға, бақылауға да міндетті.