Бурабайда демалғысы келетіндерге

24 Мамыр 2017, 10:09 23045

El.kz редакциясы арнайы сіздер үшін Бурабайда демалу үшін қанша қаражат қажет екенін анықтады

Бурабайдың табиғатын ел ішінде «Екінші Швейцария» деп атайды. Соңғы жылдары бұл өңірге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Соның арқасында кәсіпкерлер демалыс орындарын сатып алып, қонақтар мен жергілікті тұрғындарға мейлінше мол жағдай жасауда.

Жазғы демалыс науқанының басталуына азғана уақыт қалды. Қаланың күйбең тіршілігенен шаршаған жұрт Бурабайға таза ауамен тыныстап, табиғаттан күш-қуат алғысы келері сөзсіз. El.kz редакциясы арнайы сіздер үшін Бурабайға қалай баруға болатынын, қанша қаражат қажет екенін анықтады.

Астана қаласынан Бурабайға жеке автокөлігіңізбен, таксимен, автобуспен және электрпойызбен жетуге болады. «Астана – Щучинск» тас жолы салынғалы бұл бағытқа көлікпен барған жылдамырақ. Алайда қысқы мезгілде  қатты борандардың кесірінен жолды қар басып қалатынын ұмытпағайсыз. Астанадана Бурабайға барып-қайту жол ақысы орта есеппен 3 мың теңгені құрайды.

Бурабайға бірнеше күнге барғыңыз келсе – алдын-ала жатын орныңызды қарастырып алғаныңыз жөн. Щучинск қалашығында 2 бөлмелі үйді тәулігіне 8-10 мың теңгеге жалдауға болады. Ал егер таудың етегінде немесе демалыс орындарында қалғыңыз келсе бұл баға бірнеше есеге қымбаттайтынын ескеріңіз.

Егер Бурабайға достарыңызбен немесе туған-туыстарыңызбен баруды жоспарласаңыз – Щучинск қаласынан 3-4 бөлмелі пәтер немесе демалыс орындарынан үй жалдағаныңыз арзанға түседі. Әдетте қала ішіндегі пәтерлер ескі-құсқы. Сондықтан пәтер жалдағыңыз келсе,  үй иесінен алдын-ала пәтердің суреттерін жіберуді талап етіңіз.

Жазғы уақытта Бурабайға бірнеше күнге демалысқа баруды жоспарласаңыз, өзіңізбен міндетті түрде велосипед алуды ұмытпаңыз. Өйткені бұл өңір велосипедпен серуендеуге өте қолайлы.

Ал егер ондай мүмкіндігіңіз болмаса, демалыс орындарына жақын жерлерде велосипед, квадроцикл, қайықтарды жалға береді. Велосипедті бір сағатқа жалға алу – 500 теңге, бір күнге – 2000 теңге, бір тәулікке жалға алу шамамен 5000 теңге тұрады.

Бурабайды ел тани бастағалы көп уақыт өте қойған жоқ. Сондықтан болар, көп адамдарға мейрамханалардағы ас мәзірі ұнамай жатады. Мейрамханадан бір рет тамақтануға кемі 2500-3000 теңге жұмсайсыз. Таза ауада серуендегеннен адамның тәбеті ашылатынын ескерсек, бір рет тамақтану жеткіліксіз болады.  

Асты талғап ішетін адам болсаңыз өзіңізбен кәуәп дайындап алуыңызға болады. Ал «мангал» демалыс орындардың барлығында дерлік бар.

Жазғы уақытта Бурабайда демалудың тағы бір артықшылығы – қарағай мен қайыңға тұнған таулардың ортасында өзеннің орналасуы. Мұндай сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Егер жаз мезгілінде Бурабайға келсеңіз – міндетті түрде суға шомылатын заттарыңызды өзіңізбен бірге ала келіңіз.

Негізінен жаздың өзінде көлдің суы салқын болады. Ақылы жағажайға кіру құны - 500 теңге. Егер көпшілік шомылатын жерді ұнатпайтын болсаңыз, жергілікті тұрғындардан таулардың ішінде орналасқан басқа да орындарды сұрастырып көріңіз.  Ешкім аяқ баспаған құмы таза, суы мөлдір жағажай табатыныңызға сенімдіміз.

Cөз соңында біз Бурабайға жаз мезгілінде екі адамға орта есеппен қанша қаражат кететінін есептеп шықтық.

Жол ақысы – 6000 тг.

1 бөлмелі пәтер тәулігіне – 5000 тг.

Маринадталған дайын кәуәп – 4000 тг.

Сусындар – 2000 тг.

Жеміс – жидектер және өзге де қажетті заттар – 3000 тг.

Екі велосипедті бір тәулікке жалға алу – 4000 тг.

Қайықпен серуендеу – 2000тг.

Жағажайға кіру – 1000 тг. (тегін жағажайлар да бар)

Тауға шығу – тегін.

Сонымен екі адамға демалыс күндерін баға жетпес Бурабайда демалу үшін кемінде 27 мың теңге қажет. Ал сіз қанша қаражат жұмсадыңыз?

Бөлісу: