Бұқараның базынасы басым болып тұр. Нартай Аралбайұлы ArtSport мәселесін көтерді

7 Маусым 2023, 11:30 1470

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Аралбайұлы мәдениет және спорт министріне ArtSport жобасы жөнінде сауал тастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған жоба президент тапсырмасы бойынша іске асып жатыр. Өте жақсы жоба. Бірақ жүзеге асуына келгенде «әттеген-ай» өте көп. Әкімдіктер 2022 жылы осы жобаны жүзеге асыруға 24,6 миллиард теңге бөлген. Үкіметтің резервінен қосымша 11,9 миллиард теңге бөлді. Былай қарасақ қыруар ақша. Бірақ арт спорттың ақшасы таусылды, балаларымыз үйірмеге бара алмай қалды деп жүздеген ата-ананың арыз-шағымын алдық. Бұқараның базынасы осы жобаға қатысты басым болды, – дейді нартай Аралбайұлы.

Ол министрліктен қаржының жетіспеу себебін сұрағанда бірқатар облыстардан «нормативтік құқықтық базадағы проблемалар» деген жауап алғанын алға тартты. 

Бұл бағдарламаға неліктен үкімет резервіндегі қаражат пайдаланды? Өйткені, үкімет резервіндегі қаражат төтенше жағдайға арналған емес пе? Нормативтік базадағы мәселелер жойылды ма? Осы жобаны тексергенде прокуратуралар бірқатар заңсыздықты анықтаған еді. Қазір бұл жобаны жүзеге асыруда сыбайлас жемқорлықтың тәукелдері жоқ па? Аталған жобамен қазірге дейін балалардың қаншасы қамтылды және биылғы қаражат бөлудің тәртібі қандай?, – деп депутат сұрақ қойды.

Бұл сұраққа жауап берген мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов аталған жобаға жергілікті атқарушы мекемелердің тарапынан 54,5 миллиард теңгеге қаражат бөлінгенін айтты.

 Бірақ ел тұрғындары тарапанын қызығушылық өте жоғары болғасын жетіспеушілік пайда болды. Енді сол жетіспеушілікті және тапсырыстарды жеткізушілер алдындағы міндеттемелерді мемлекет тарапынан үкімет резервінен 50 пайызын өтеу үшін 3,2 миллиард теңге қосымша жергілікті атқарушы мекемелерге қаражат бөлінген болатын, – деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ министр ережеге сай өзгерістер енгізіліп жатқанын және бүгінгі күні бұйырық жобасы әзірленіп қабылданғанын жеткізді. Биыл әкімшіліктерден 86,7 миллиард теңге қаражат шығармашылық және спортқа тапсырыс аясында бөлінгенін айтты.

Осы қаражат арқылы 560 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдерді қамтамасыз етеміз деген ойдамыз. Өткен жылмен салыстырғанда қаражат екі есе ұлғайды деп айтуға болады, - деді ол.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: