Бундестаг Германия канцлері Шольцқа сенімсіздік вотумын білдірді

17 Желтоқсан, 05:40 298

Билік коалициясы ыдырағаннан кейін, Бундестаг Олаф Шольцтың үкіметіне ресми түрде сенімсіздік вотумын білдірді.

Шольц Германия президентіне парламентті тарату туралы ұсыныс жасады. 16 желтоқсанда өткен дауыс беру кезінде Бундестагтың 394 депутаты канцлерге сенімсіздік білдірсе, 207 депутат Шольцты қолдады, ал 116 депутат қалыс қалды.

Сенімсіздік вотумын қолдағандар арасында ең ірі оппозициялық фракция – Христиан-демократиялық одақ (ХДО) пен Христиан-әлеуметтік одақтың (ХӘО) консервативті блогы, сондай-ақ билік коалициясынан шыққан Еркін демократиялық партия (ЕДП) өкілдері бар. Сонымен қатар, сенімсіздік вотумын Солшыл партия, Сара Вагенкнехт одағы (СВО) және «Германияға балама» партиясының өкілдері де қолдады.

Шольц мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Бундестагтың сенім вотумынан айырылуы тиіс болды. Сенім вотумы канцлерді кем дегенде 367 депутат қолдаған жағдайда ғана сақталып қалар еді.

Зарина Арман
Бөлісу: