Бұланты шайқасының тарихи маңызы

29 Қараша 2017, 22:09 25218

Қазақ мемлекеті үшін маңызды шайқастардың бірі

«Жoңғap apмияcы мeн қaзaқ жacағының 1727 жылғы

Бұлaнты өзенi бoйындaғы алғaшқы ipi шaйқacын aлайық.

Еypазияның жaңа тapихында өзiнiң aуқымы

жөнiнeн сoл қaнқacап қыpғынға тeң кeлeтiн шaйқac cиpек».

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назapбаев

1726 жылдың көктеміндегі Ордабасы тауындағы кездесуінен кейінгі Жоңғар  басқыншыларына қарсы егемендік жолындағы азаттық күреске бүкіл қазақ халқы жұмылдырылған еді. Басқыншы жауды Оңтүстік өңірінен ығыстырып, қазақ жасақтары жан алып, жан беріскен не бір шиеленіскен шайқастардың барысында қалалармен ауылдарды қайта алып, жауды енді сонау шығыстағы өзінің апанына дейін қуып тығу міндетін қойды. Қытайлық зерттеушілерінде еңбектерінде кездесу болған жылы қазақ жоңғар әскерлерінің арасында шешуші шайқастардың болмағаны жөнінде айтылады. Бірақ та, шешуші шайқастардың болғаны белгілі.

Десек те, тарихшылар айтты деп біз қазақ-жоңғар арасында үлкенді-кішілі шайқастар мүлде болмады дей алмаймыз. Басқыншыларға қарсы тұтқиылдан жасаған шабуылдар, шағын топтарына бас салу, жеке дара жүргізгендерін қолға түсіру болды. Соның өзінде екі жақтан да қаншама адамдардың өмірі үзілді. Егер  табан тіресе кескілескен ұрыстар болмаса жоңғарлар алшаңдай басып билігін Қаратау өңірін қиып, шығысқа өзінен-өзі шегінбес еді ме, кім білсін?! Жоңғарлардың өздерінің жеріне қарай мәжбүрлікпен шегінгені айтпасада түсінікті. Жоңғар басқыншыларына қарсы соққылардың жалпы бағыты топонимика мәліметтері және халық аңыздары бойынша мынадай болып көрінеді. Ұлы жүздің әскери күштері Сырдариядан оған Шыршық өзені құятын жердің маңынан өтіп, Келес Бадам жотасы  арқылы Қазығұрт тауының басына қарай асты, ал кіші жүздің жасақтары Қаратаудың беткейіне қарай жылжыды деп баяндайды. Мұнда біз қазақ халқы азаттық қозғалысының Ордабасы маңында болған, өзімізге белгілі кейбір жағдайларды ғана баяндадық. Әрине бұл жылдардағы бүкіл қазақ даласын былай қойғанда Қаратау өңірін өзінде ғана азаттық соғыс қалай жүргендігі үлкен бір тарих.  Жоғарыда айтқан үлкен орда қонған, кіші орда қонған, Боралдай өзенінің орта шенінің оң жағындағы тау жотасындағы солтүстік-шығыс беткейінде күні бүгінге дейін Ордабасы тауынан кейінгі оқиға куәсінің ескерткішіндей еңсесін көкке көтеріп  тұр. Сол сияқты Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында айтқандай «Таңбалы тас» маңында қазақ жасақтары жоңғарларының алты мың әскерін қырып салыпты. Солай десек те, бір ғана анық ақиқат азаттыққа деген құлшыныс, киелі де қасиетті туған жер топырағы қаһарман қол басшыларды, ер жүрек жауынгерлерді жебей берді. Қазақ жасақтарының да жауды жеңуге деген жігері тасып, абыройлары асқақтай түсті. 1726 – 1727 жылдардың арасында жоңғарларға соққы беруде үлкен жетістіктерге қол жетті.

1726 жылы үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауында Әбілқайыр бас қолбасшы сайланып, ал ту Бөгенбай батырға тапсырылған еді. Тарихи мәліметтерде осы жиыннан кейін іле-шала болған Шұбартеңіз соғысы мен Бұланты шайқасында осы аты аталған екі тұлғаның қатысқаны айтылады. Бірақ та, бірінші айтылған соғысқа қарсы стратегияны ұйымдастырып, басы-қасында болған Жәнібектің өзі. Шұбартеңіз қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау аданында орын тепкен Бұланты, Білеyтi өзендерінен төменірек оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан, соңы құмға барып тіреліп, құрдымға айналатын жердің атауы. Сол қарасулар шіліңгір шілде де алыстан сағым болып көрініп, жердің беті шұбарланып жататындықтан да Шұбартеңіз атауына ие болса керек. Қазақ басына қара бұлт үйірілген тұста қазақтың батырлары жылдам Ұлытауға жетіп, неше мыңдаған жау қолына қарсы тұрып, олардың бетін қайтарғаны өшпес ерлік. Шақшақ Жәнібек жіберген жаушыны естіген Табыннан шыққан Бөкенбей, Найманнан шыққан Құттыбай, Қаракерейдің Қабанбайы, Қанжығалының Бөгенбайы, Бағаналы-балталыдан Оразымбет, Баянбай, Төлек, сол сияқты шұбар ту ұстаған Жаулыбай, Сағындық, Биғаш пен Шәкір, Қыпшақ руынан шыққан Тілеулі батырлар, Керейден Жәнібек пен арғынның Бөгенбайы мен Жанатайы, Шапыраштының Наурызбайы, Алшын руынан шыққан Тайлақ, Есет пен Сырлыбай секілді батырлар жиналған. Ал Ұлы жүзден бірлі-екілі рулар ғана қатысқан екен. Себебі, олар орналасқан Қазақстанның оңтүстігі қалмақ қолдарының астында еді.

Сол уақытта Шектіге келген Жәнібектің жаушылары Жақайым руының биі Байжанның 17 жасар Сартай атты ұлы бастаған 15-16 жастағы 1000 баланы алып келеді. Шақшақ Жәнібек болса мына келген бозбалаларға қарап «Байжан бидің мұнысы несі? Шекті арасында қолына найза алып, жауға қарсы тұрар еркек қалмағаны ма? Мың ойын баласын жібергені несі?» депті, сонда жаушылар да осы сөзді биге айтқанда, би тұрып: «Ерсіз ел болмайды ғой? Шектінің бетке тұтар батырлары Бақтыбай мен Пұсырман да бар. Жігіттер ертең елден шыға сала әйел-бала-шағасын ойлап, соғыстан қашып кетер... Себебі, бұл ұрыстың бүгін бітер түрі жоқ. Сол үшін соғысты ойын көретін балалар ертең 5 жылдан соң, нағыз батыр болып шыға келеді» – деседі. Расында бидің айтқаны дәл келіп, Жылқайдар, Жылқасан мен Төркінбайлар 5 жылдан соң елге атақты батыр боп оралып, Сартай Төле биден бата алып, көптің ұранына айналған мықты тұлға болып шыққан екен. Осы мың балаға 1727 жылғы соғыста барлаушы қызметі тапсырылады. Шақшақ Жәнібек «жау да қадірлі қонақ секілді, сол үшін оны ауылда емес, алдынан шығып күтейік» деп, Ұлытаудағы жасағын Шұбартеңізге жылжытады. Себебі, бұл жер соғысуға ыңғайлы болатын. Оның қалың тұзды соры ат тұяғының жүруіне өте қолайсыз еді. Жауды барлап жүрген Сартай олардың созылып, асықпай, еш нәрседен қауіптенбей келе жатқанын көріп Жәнібекке жеткізеді. 200 жылдан бері жауласып келе жақан ойрат пен қазақ арасында кәдімгідей айырмашылық бар-тын. Себебі, олар әркез жеңіске жетіп, кәдімгідей нығайып, бекіп алған болатын. Сол секілді қарулары да тым көп. Бұл уақытта қылыш, найза, шоқпар, бірлі-екілі мылтығы бар қазақ та әбден ашынып, жауға қарсы тұрудың жақсы жолдарын іздеп, тауып еді. Міне, соның арқасында Жәнібек осы соғыста керемет стратегияны жүргізіп, жеңіп шыққан болатын. Екі алпауыт көшпенділер жақындай түскен соң, баяғы салт бойынша жекпе-жекке шығар батырларды күтіп тұрады. Жоңғардың нояны Шона болса, бұл жекпе-жекке шығарар батырын ұзақ ойланып, уақытты созғысы келеді. Ондағы мақсаты артта қалып қойған қолы жақындай түссе деген еді. Бірақ, осы сәтте қазақ қолының арасынан «Сартай, Сартай!» деп ұрандаған жас балалар атып шығып, жауға қарсы лап қояды.

Сонда қазақ батырлары «Мынау шолғыншы баланың атын ұрандатқан жас балалар ғой» деп қылыштарын суырған екен. Бесіктен енді белі шыққан жасөспірімдерді жауға жұтқызып қалай тұрсын? Мұндайды күтпеген Жәнібек те алдаспанын суыра «елім үшін!» деп алға қарай ұмтыла түседі. Ойраттар да қазақтармен болған жаугершілікте мұндай қарсылықты күтпесе керек. «Бала үшін бәріне дайын ғой мыналар!» деп аңтарылып қалады. Әбден ашу-ызаның буы бойында тасыған қазақ батырлары жауды жау көрмей, шеттерінен қыра бастайды. Қолы азайған Шона ноян кері шегінуге бұйрық береді. «Осындай сәтсіз жорықтан кейін қашып құтылсақ та жетер еді» дейді. Осылайша, жау қолы азайып, тек бір ғана бөлігі аман қалып, еліне қайтқан екен. Бұл соғыста жеңілудің де басты себебінің бірі – тақ үшін талас еді. Севан Рабдан хан тақты Күңкеден туған үлкен баласы Қалдан Серенге қалдырғысы келеді. Бірақ қытай әйелінен туған ұлы да таққа таласып бағады. Оған Аюкенің баласы Шона қосылады. Өзара қырқыстар олардың іштей ыдырауына да алып келеді. Севан Рабданның өлімі тіптен қалмақтардың жағдайын ушықтырып жіберді. Жоңғар хандығы осыдан соң-ақ әлсірей бастайды.

Осы соғыстың ізін ала, бір жылдан соң, ұрыс Бұланты өзенінің бойында болды. Ойсырай жеңілген жау 1728 жылдың күз айларында қалың қол жинап, бар қаруын сайлап, Ұлытауға қарай аяңдайды. Себебі  – Ұлытауды алса, қазақ еріксіз берілер еді. Дегенмен, қазақтар да жер-жерге жаушы жіберіп, жауға қарсы тұра алар ерлердің басын бір арнаға тоғыстырады. Қазақтарда қару жетіспесе де, олардың бойында намыс бар еді. Кей деректерге сүйенсек, екі жақтан Бұланты соғысына шамамен 40 мың адам қатысқан екен. Бұл ұрысты да Шақшақ Жәнібек басқарады. Ол 4 жақты бағыт ұстанып, оның басшылары ретінде Қабанбай, Бөгенбай, Әбілхайырды сайлайды.  Бетпе-бет кезіккен жау соғыс дәстүрін бұзбай жекпе-жектерге кезек береді. Қазақ жақтан Қабанбай, Бөгенбай мен Шақшақ Жәнібек секілді біршама батырлар шығып, өз дұшпандарынан үстем болған екен. Осы жекпе-жектер үш күнге созылады. Ал төртінші күні нағыз соғыс өрті тұтанады. Соғыс ілгеріде айтқандай төрт бағытта жүріп отырды. Десек те, жаудың зеңбіректері қазақ қолын біршама ығыстырған еді. Себебі, ондай қаруға қылыш пен найза қарсы тұра алмайтыны белгілі. Зеңбірек үні өшпей қазақ ханы мен батырларынан ақыл кетіп, «қайтпек керек?» деп, ұнжырғалары түседі. Осы сәтте ес жиған алғашқы батыр найманнан тараған Бағаналы Жаулыбай болды. Ол тек қайсарлығымен, қайтпастығымен көзге түскен жаужүрек батыр ғана емес, мыңғырған жылқысы бар атақты бай еді. Ол қол арасынан атқа қонған 300 әскерді теріп алып, ен далада жусап жатқан үш мың жылқысын айдап келіп, Бұлантының бір қатпарына жасырып қояды. Жауды өз жағына аудартып, жандарына келгенде тасада тұрған үш мың жылқыны ойраттардың үстінен айдап өтеді. Осынша атқа қарсы тұрар күш таба алмай, жау жан-жақа жамырай қашады. Ол қашып бара жатқан қалмақтарды тасада тұрған қазақтар қылышпен сұлатып отырады. Ортаға салып әбден қысып, дұшпанның күш-қайратын «кемітеді». Қашып бас сауғалап кеткен қалмақтар да күш жинап, соққы беріп жатады. Оншақты күнге созылған Бұланты өзені бойындағы «Айран төгілген» деген жерде көптеген ойраттың сүйегі қалған еді. Ол тау кейін келе «Қалмаққырылған» аталып кетеді.

1729 жылы жоңғар хан тағына үміттеніп жүргендердің арасында өзара қырғын басталып кетті. Олар ел мүддесін мүлде ұмыт қалдырды. Сол жылдары Цинь империясы да қарап жатпай жоңғарларға шабуыл жасады. Содан кейін олар барлық жасағын жинап әкетіп, Цинь империясына қарсы қойды. Осы сәтті пайдаланған қазақтар да ата жауына соңғы рет күйрете соққы беруді жоспарлайды. 1729 жылы Балқаштың оңтүстігіндегі Аңырақай деген жерде ірі шайқас болды және бұл ұрыс соңғысы еді. 

Бұл ұрысқа да қазақ қолын аты көпке танылған Бөгенбай, Қабанбай мен Райымбек сынды батырлар бастады. Қазақтар бұл соғыста да далалық тактиканы қолданды. Яғни, жау алдына шағын топ барып, артқа жылжи-жылжи жауды еліктірп, ішке енгізеді. Ал осы кезде қалың қол қос қапталдан соққы береді. Бұл шайқас жоңғарлар үшін соңғысы болды.

Сол жылдардағы барлық соғысқа қатысып, асқан ерлігімен, ақылдылығымен көзге түскен Абылай орта жүздің билеушісі, әрі қазақ ханы болып сайланады. Абылай ата жауымыздың ішінара болып жатқан жанжалдарын қалт жібермей бақылауда ұстады. Олардың арасындағы алауыздықты одан әрі өршітуге сеп болды. Бұл қазақтың сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір жолы еді. 1740 жылдары жоңғарлардың арасындағы дауды пайдалануға тырысқан Абылай билікке таласып, жік-жікке бөлінген жоғарлардың біресе бір жағына, келесі де басқа жағына шығып, ушықтырып, әбден әлсіретті. Осылайша ол жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін қайтарып алды. 1745 пен 1755 жылдар ішіндегі жанжалдар шарықтау шегіне жетті. Осыдан кейін олардың қазақ жеріне деген шабуылына біржола нүкте қойылды. 

1998 жылы «Қалмаққырылған» тауына ескерткіш орнатылып, Бұланты шайқасы хақында кітаптар басылып шықты. Бұл ірі тарихи оқиға ретінде Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының екінші томына енгізілді. Арнайы әуеден түсірілген картасы алынып, біршама жұмыстар атқарылды. Міне, бүгінде Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарынан табылып отыр. Қаншама бабаларымыздың қаны тамған жер, жауды жыққан киелі орынды бүгінгі ұрпақтың білуі міндетті.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: