Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа...

28 Қыркүйек 2018, 18:54 8130

61 жасында 120 келілік қошқарды 42 мәрте көтерген Нұралы Намысовпен сұхбат

Бұл қазақта жігіттер бар мәрт-батыр.

Жалаңаш батыр көбі оның.

Аударып тастар сен үшін

Алтын бар десең, астында мынау төбенің – деп Төлеген Айбергенов бекер жырламапты. Түрлі ортада, не бір жиындарда жүргендіктен күніне сан алуан кәсіп иелерімен, қызықты адамдармен танысып, әңгімелесіп жатамыз. Өзіме қызық болған адамдардың телефондарын алып қалып, кейіннен кездесіп, сұхбаттасатын әдетім бар. Сіздерді алпыс бір жасында 120 келілік қошқарды  42 мәрте көтерген Нұралы Намысов ағамызбен таныстыруды жөн санадым.

-  Нұреке, жалпы спортпен қашаннан бері айналыса бастадыңыз? Өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз.

- Мен, Қарағанды облысы Нұра ауданының тумасымын. Менің он жасымда, яғни, менің он жасымда біз Нұра ауданы, Амантау ауылында тұрып жатқан болатынбыз. Біздің ауылдан сәл әріректе, шамамен он-он бір шақырымдай қашықтықта  Балықтыкөл ауылы болды. Менің Балықтыкөлде достарым бар болатын. Атпен немесе велосипедпен достарыма жиі барып тұратынмын. Сол жылдары Балықтыкөл ауылында студентдер бригадасы құрылыс жүргізтіп, ауылға жеті үй салған болатын. Бұл бригаданың жетекшісі, студенттердің басшысы біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев еді. Ол кезде Нұрекең жалындап тұрған жас жігіт. Көзінен от шашып тұрады. Нағыз тас шайнап, құм түкіретін шағы. Ол кісінің жастайынан спортқұмар екенін білесіздер ғой. Кешкілік немесе түскі үзіліс кезінде бізді өзара күрестіріп, күрестің айла-тәсілдерін үйрететін әдеті бар еді. Кейде екі командаға бөліп футбол ойнатады. Өздерінің ойындарына бала болсақ та біздерді бөліп алып қатыстырып тұратын. Мінекей, осылайша менің спортқа деген қызығушылығым оянды. Кейінірек сол Балықтыкөл ауылына әкім болған тұсымда, ауылдағы орысша атауларды қазақшалаған болатынбыз. Студент жастар бригадасы салған үйлердің көшесіне Нұрсұлтан Назарбаев атын беріп, бір үйдің қабырғасына сол үйлер жайлы ақпарат беретін кішкене  тақта орнаттым.

- Сөйтіп сіз өсе келе  бірыңғай спорт жолын қудыңыз ба?

- Менің спорт жолым өте қызық. Көбіне астарда, аудандардың мерейтойларында түйе палуанға түсіп жүрдім. Әрине, маңайдағы турнирлерге де бір адамдай қатыстым. Әйтпесе қазақша күрестен  Қазақстанның спорт шебері, классикалық күрестен Кеңес Одағының спорт шебері деген куәліктерді алмас едім ғой.  Менің диплом бойынша мамандығым «Дене тәрбиесі және алғашқы әскери даярлық» пәнінің мұғалімі. Мен ағартушылықты, бапкерлік жолды таңдадым.   Еңбек жолымды Амантау ауылынан бастадым.Ауылға спортз зал салғызып, жастарды ұйымдастырып жүріп хоккей кордын да жасадым. Бұл кордты ешкімнің көмегінсіз өзіміз салып алдық. Сол замандарда әкем Амантау ауылын басқарып тұрды. «Сенің хоккей кордың мемлекеттің есебінде жоқ» деп қисық шеге де бергізбей қойды. Ол кезде өзім де жаспын ғой. Оқушыларыма әр үйдің жанынан тақтай ұрлатып жүріп ақыры ені 30 метрлік, ұзындығы 90 метрлік хоккей  кордын салып біттік. Осылайша балаларға күрестен бөлек хоккей ойнауды да үйреттім.

Амантаудан соң Балықтыкөл ауылында мұғалім болдым. Бұл жерде де бос тұрған үйді басшылықтың рұқсатымен спортзалға айналдырып алдым. Тіпті, сол сексенінші жылдары ішіне душ жасатып, скважина арқылы су келетін жүйе жасадым. Менің жерасты суын іздейтін жолдастарым болған. Солар біздің ауылға келе қалды. Мен оларға мектептің жанынан бір скважина, спортзалдың жанынан бір скважина қаздырдым. Ауылдың тағы бір жерінен скважина қаздырдым. Ауылдың үлкендері маған «Сенің есің дұрыс па жерді шұрық-тесік етіп жатырсың? Жерімізді қазып қалсаң су бұрқ ете қалады. Қырыққұлаштық скважина қазатын жер бұл емес» деп сөйлеген болатын. Кейін жер асты суы төмендеп кетті. Сол кездерде мұқым бір ауыл мен қаздырған 3 скважинадан су ішкен болатын.

Қазір 3 жылдан бері Астана қаласы №59 ОМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Күрес өнеріне үйрететін секциям бар. Жалпы, Астанаға 2007 жылы келдім. Келген жылы №57 мектепте мұғалім болдым. Бұл мектептің спорт залы о баста кішкентай ғана болды. Ал, кітапханасы өте үлкен екен. Кітаптары бір бұрышында ғана тұратын. Мектеп директорымен, кірпіш зауытының басшылығымен келісіп жүріп, кітапхананы сәл кішірейтіп,спорт залын үлкейтіп алдық.

-Шәкірттеріңіз қандай жетістіктерге жетті?

- Мен жалпы, қазақ күресі, классикалық күрес және қоян-қолтық ұрыс түрінен балаларды дайындаймын. Шыны керек, осы күні әкірттерімнің санынан шатасатын болдым. Ел ішілік жетістіктерге жеткен шәкірттерім көп. Ал, ауқымын кеңейтер болсақ Азия чемпионы болған екі шәкіртім бар. Әлем чемпионатына қатысқан шәкірттерім бар. Өзімнің жолымды қуып, шәкірт тәрбиелеп жүрген 7 шәкіртім бар. Олардың екеуі Қарағандыда бапкер болса, бесеуі осы Астанада.

- Енді, сіздің түйе палуандыққа түскендігіңіз жайлы сөз қозғасақ. Ол замандарда сіздің салмағыңыз қанша болды?

- Мен түйе палуандыққа түсіп жүргенде 74 келі болған едім. Қарсыластарым 80-90 келілік болатын. Тіпті, 140 келілік палуанмен де шыққан болатынмын. Сол жайлы айта кетейін. 1979 жылы Тараз жақта әлдебір екі дүркін Социалисттік еңбек ері атанған қарияның атындағы турнирге бардым. Бұл өте кең көлемде аталып өткен той болды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубакіров та осы тойдың қонақтарының қатарында болды. Ол кезде әрине, сынақшы-ұшқыш кезітін.

Сонымен, еліміздің түкпір-түкпірінен келген палуандар жеребе суырып жатырмыз. Маған тоғызыншы номер бұйырды. Бір кезде шайқала басып дәу орыс келді. Жұрттар «Мынау Самбодан 6-7 дүркін чемпион атанған Покрышкин» ғой деп шуласып кетті.Оған оныншы номердің түсе қалмасы бар ма? «У кого девятый номер?» деп сұрады әлгі палуан. Менде деп белгі берген маған сәл менсінбей қарады. Ішімнен «Кілем көрсетер кімнің мықты екенін» деп тұрмын. Содан, екеуміздің күресетін кезіміз келді. Әлгі мені көтеріп алып атып ұрмақ, мен аяғымды аяғына орап алып онысына мүмкіндік бермей жүрмін. Анау ұмтылған сайын жалт берем. Бір уақытта қарсыласым әбден шаршады. Жүйкесі сыр беріп бей-берекет ұрысқа шыға бастады. Сондай сәттерінің бірінде қателігін пайдаланып, маған жасаған әдісін өзіне қарсы қолдандым. Былай қарасаң мен қатты ештеңе жасаған жоқпын. Әдісті жасаған ол, құлаған кезде астында қалған да сол болып шыға келді. Бірінші белдесуім болса да әлгіні жыққан бетте біраз жігіт ортаға жүгіріп шығып, мені аспанға көтеріп, қалың топтың ішіне көтеріп әкелді. Бұл тойдағы қалған қарсыластарымды қиналмай-ақ жықтым. Сөйтіп түйе палуан атанған едім. Сөйтіп үйге телевизор көтеріп қайтқан едім.

Ақмоланың 120 жылдығында да түйе палуан атандым. Бұл 1978 жыл. Әуелі, өзімнің 74 келі салмағымда жеңімпаз атандым. Жастықтың буы ұрып, түйе палуанға түскім келіп кетті. Ол кезде сексеннен аспасаң түйе палуанға түспейсің. Кәдімгідей арыз жазасың. «Мен Пәленбай да Түгенбай, мертігіп қалар болсам жауаптылықты өз мойныма аламын» деген сарында арыз жазып, бас бәйгеге тігілген атты иемденіп кеткен болатынмын.

Ең үлкен ұтысым үш аяқты «Урал» мотоциклі. Бұл 1992 жылы Ағадырда өткен тойтын. Бірінші орынға «Волга», екінші орынға «Жигули», үшіншіге «Урал» тігілген ұлан-асыр той болды. Елдегі ығайлар мен сығайлардың барлығы күресті десем артық айтпаймын. Вячеслав Бердута деген жас дзюдошыдан ұпай бойынша ұтылып, мотоцикл мініп қайтқан едім.

Түйе палуандыққа ең соңғы рет осыдан он жыл бұрын Нұра ауданының 80 жылдығында күрестім. Бұл жолы үшінші орынды місе тұттым.Жасым елуден асқан шақ қой. Жастар жастығын істеді.

- Аға, дәл қазір алпыс бірден алпыс екіге қарап отырсыз. Биыл қошқар көтеру жарысына қатысқан дей ме сізді...Әр жерден естіп қалып жүрмін. Анығын өз аузыңыздан естісек...

- Астанадан 30 шақырымдай жерде Қабанбай ауылы деген ауыл бар. Осы жазда менің екі шәкіртім бірігіп, әкелерінің 80 жылдығын жасады. Көлік тігіп аламан бәйге жасады. Екі шақырымдық жаяу жарыс ұйымдастырып, желаяққа  1 млн теңге табыстады. Сонадай жерде қошқар көтеру болып жатыр екен. Қошқар деген аты ғана. Әйтпесе арқар дерсің. Мүйізі екі оралған нән қошқар. Өзін таразыға тұрғызып қойыпты. Таразы 120 келіні көрсетіп тұр. Жеңімпаз осы қошқарды алады дегенге желіккен жастың барлығы сол жерде бақ сынауда. Тіпті, қошқарды көтеремін деп құлап, қабырғасын сындырып алғандар да болды. Жедел жәрдем дайын тұр. Жарақат алғандар сол жерде алғашқы көмегін алуда. Мен деген жігіттер қошқарды әрі кетсе 25-30 рет көтеріп жатыр. Бір кезде елуінші болып мен шықтым. Әлгі қошқарды 42 мәрте көтердім.  «Әй, жетеді осы. Қошқар сенікі деген соң елуге жеткізбей қоя салдым. Негізгі ойым елу рет көтеру еді»

- Бұндай сайысқа бірінші қатысуыңыз ба?

- Иә, бұрын-соңды қатыспаған дүнием болған соң байқап көрейін дегенмін. Сегіз оқып жүрген жылы қолымызда бір сиырымыз болды. Шешем сиыр сауады. Анадай жердегі қорадан мен жас бұзауын көтеріп әкеліп беремін. Осылайша қара күзге дейін әлгі бұзауды әрлі-берлі тасып, етім үйреніп алды. Бұл әдетімді қыста да қоймадым. Сөйтіп торпағым екі жасарлық бұқа болғанша есік алдында көтеріп дайындалатынмын. Өзін көтергенге ол да үйреніп алғаны соншалық, бір ретте тыпыр етпеуші еді.

- Байқап отырсам жұртты таңқалдырудан жалықпайтын тәріздісіз. Тағы қандай өнеріңіз бар.

- Баяғыда ауылға Теміртаудан бір өнерпаздар келген болатын. Солар жалаңаш қолмен кірпіш сындырып, шыны сынығына жалаңаш жата салатын. Бұл маған қатты әсер етті. Соны ауылда қайталаймын деп қолымның шыбығын да сындырдым, шыныға арқамды да сан мәрте тілдіргенмін. Сөйтсек, шыныны әбден тазалап жуады екен ғой. Мен бөтелкелерді сындыра салып, соның үстіне жата салатынмын.  Ақыры бұл еңбегімнің де жемісін жедім. Ауылдың жастарына өнерімді көрсетіп, жұрттың қошеметіне бөлендім. Бұның барлығы жасымда болған оқиғалар ғой. Бірақ, 59 жасымда 8 наурыз қарсаңында ұжым болып қыздарға концерт қоймақ болдық. Сол кезде подвалда екі ай дайындалып, кірпіш сындыру өнерімді қайта жаңғырттым. Мерекеге екі күн қалғанда жанымдағы жігіттерге «Менің осындай өнерім бар. Бағдарламаға қосыңдар» дедім. Олар сене қоймады. Мектептің подвалына түсіп, сынған кірпіштерді көрсеттім. Көздерінше кірпіш сындырып, мерекелік бағдарламаға ерекше номермен шықтым. Кірпіш сындырып қана қоймай, шыныға жатып, кеудеме 4 кірпіш қойып кубалдамен ұрып сындырттым. Одан бөлек шыныға баспен тұрып, қыз-келіншектерді таң қалдырғаным бар еді.

Жалпы, мен не істесем де беріліп, соңына дейін істегенді ұнатамын. Балықтыкөл ауылына әкім болған жылдарымда да осы мінезімнің игілігін өзім де, ауылдастарым да көріп бақты. Жаман әкім болдым деп ойламаймын. Ауыл халқы өздері сайлаған болатын. Бала-шаға ержеткен соң, Астанаға қоныс аударар кезімде қой сойып, киіз үй тігіп шығарып салулары да соны білдірсе керек.

- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін жеңіз, шәкірттеріңіз биік шыңдарды бағындыра берсін! Бала-шағаңыз аман болсын!

 

Бөлісу: