Бұл «Бәйтерек» бұрынғыдан өзгерек...

15 Маусым 2017, 14:09 9889

Монумент қонақтарды қарсы алуға дайын

Астанамыздың символы саналатын «Бәйтерек» монументі күрделі жөндеуден кейін көпшілікті қарсы алуға дайын. Монумент 2017 жылдың қаңтар айының бесінде реконструкцияға жабылған болатын.

Қалпына келтіру жұмыстарымен «Базис-А» компаниясы айналысты. Наурыз айынан бастап жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталып, монумент көпшілікті қарсы алуға тас-түйін дайын тұр. Ғимаратта реставрациялық жұмыстар жасалып, ішкі безендірілуде бірнеше өзгерістер орын алды. Атап айтар болсақ, мәрмәр плиталар, баспалдақ марштарын ауыстыру, монументтің металл конструкцияларын антикоррозиялық жабынмен өңдеу, оны бояу секілді ауқымды өзгерістер орын алды.

Ішкі безендірілуден де кофехана, кәдесыйлар салоны және киім шешетін орындар да шет қалмады. Бәйтерек дизайны полиганальді стильде, технологикалық интерьер – көп бұрышты болып жаңартылды.

LED-экраны бар замануи өнер галереясы, монументтің фойесіндегі габаритті иілген экран көпшіліктің көңілінен шығары анық. Ал биік нүктесі саналатын шардың жоғарғысына самұрық құсы секілді көздің жауын алатын кристалды аспалы шамдар орнатылды.

Экскурсия гиді «өздеріңіз көріп тұрған аспалы шамдар чех хрустальдары болып табылады, құрылыс заттары Италия, Түркия, Чехия секілді мемлекеттерден арнайы әкелінді. Бәйтерек ашылғалы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, айтарлықтай өзгерістер орын алды. Бір уақытта 300 адамды қабылдай аламыз, олар үшін 4 гид жұмыс атқарады» – деп, көпшілікті жаңа «Бәйтеректің» көркіне сүйсінуге шақырды.

Нысанда мүмкіндігі шектеулі жандардың да аралауына мүмкіндіктер қарастырылған. Ендігі кіру билетін арнай қойылған терминалдардан ала аласыз.

«Астана-Бәйтерек» ЖШС директоры Мұрат Сапарғалиевтың сөзінше, монументке он бес жыл көлемінде кішігірім жөндеу жұмыстары жасалынғанмен, осындай ауқымды түрде жөндеу жүргізілмеген. Сол себепті де, еліміздің символы саналатын нысанның ішкі безендірілуі мен шар әйнектерін ауыстыру, замануи техникаларды тарту, жаңа үлгідегі технологиялармен толықтыру секілді жұмыстар атқарылған.

«Бұл жұмыстарға қаржы тек бюджеттен қарастырылмаған, кәсіпкердер де қол ұшын берді. Айта кетерлігі, билеттер бағасында өзгерістер орын алды, енді  ересектер үшін 700 теңге болса, балалар үшін – 300 теңге» – деді Мұрат Ғабдырашытұлы.

Монументтің ең жоғары 97 метрлік биіктікте орналасқан Елбасының алақананың ізі «Аялы алақан» композияциясы да жөндеу жұмыстары кезінде жаңартылып,  бұрынғы алақанның нақ көшірмесінің орнына алтыннан жалатылған алақан сызықтары жоқ композиция қойылыпты.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: