«Бұл жағдай қайталана береді». Азат Перуашев мұнайшылар туралы пікір білдірді

12 Сәуір 2023, 14:35 1522

Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев мұнайшылардың наразылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол митингте көтерілген мәселелерді жүйелі екенін жеткізді.

«Бұл жүйелі мәселе және жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында қалыпты қарым-қатынас орнамайынша қайталана береді. Біз кәсіподақтардың әлсіздігін айтып отырмыз. Өйткені кез келген жұмыс беруші өз командасының алаңдамай жұмыс істеуіне, табыс табуына жағдай жасауы керек. Бұл компаниялар әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілмеген, тұрақты жұмыс пен жалақы жоқ», - деді Перуашев Мәжіліс кулуарында.

Ол сондай-ақ наразылық білдірушілердің басқа жұмыс ұсынғанда неліктен бас тартқаны туралы айтып берді.

«Мәселе сервистік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы қарым-қатынастың әділетсіздігі мен ашық еместігінде. Өкінішке қарай, бұл қызметкерлерге басқа жерден жұмыс істеуге ұсыныс түскенде, олар «бізде әлеуметтік пакет жоқ, тұрақты жалақы жоқ, демалыс жоқ» дегенін көрдік. Олар мемлекеттік компанияда жұмыс істегісі келетіндерін айтып отыр. Тендерге қатысатын компаниялар қызмет көрсету сынды басқа да жұмыстар үшін қаржыны үнемдейді. Олар техника мен құрал-жабдыққа арналған қаражатты үнемдемейді. Сондықтан бұл жерде компаниялар адамның жалақысын үнемдеп отыр. Міне, мәселе осында», - деп түсіндірді депутат.

Сондай-ақ ол жаңаөзендіктердің болашақта жұмыс табатынына сенімсіздік танытты.

«Олар «ертеңгі күні бізге жұмыс табылатынына сенбейміз» деп айтып жатыр. Біздегі тендерлердің жыл сайын аяқталып, қайта басталуы пара алудың, айла-шарғы жасаудың мүмкіндігі. Мұндай келісімшарттар ұзақ мерзімді болуы керек. Үш жылдан бес жылға дейін жақсырақ, – деп мәжілісмен мұнайшылардың сөзін жеткізді.

Азат Перуашев осындай жағдайларда кәсіподақтардың рөлі қандай болу керектігіне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстанда кәсіподақ жұмысы ақсап тұр.

«Жұмысшылар өз мәселелерін өздері шешеді. Бұл дұрыс емес. Бұлай болмауы керек. Бүкіл әлемде жұмыс берушілер алдында жұмысшылардың мүддесін қорғауға дайын кәсіподақтар институты бар. Қазіргі таңда еліміздегі кәсіподақтар жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасындағы көпірге айнала алмай отыр», — деп түйіндеді сөзін депутат.

Миражан Махан
Бөлісу: