Бұл олигархтардың халыққа жасаған жауыздығы – Геннадий Шиповских

30 Қараша 2022, 20:30 1605

Павлодар облысындағы мәселеге уақытылы көңіл бөлінбегіндіктен, арты ауыр жағдайға әкеліп соқтырды

Екібастұздағы жылу электр станциясында апат орын алғаны белгілі. Бұл мәселе әлі күнде дейін толық шешіле қойған жоқ. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, депутат Геннадий Шиповских өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Геннадий Шиповских Павлодар облысындағы апаттың орын алуына кімдердің кінәлі, жауапты екенін айтты.

«Екібастұздағы жағдай кезекті атқарушы органдардың және тиісті салалық министрліктің жіберген үлкен қателігінің кесірінен орын алды. Бұл жекеменшік иесі олигархтардың халыққа жасаған жауыздығы. Себебі бұл жағдай орын алмастан бұрын «мен» деп жүрген танымал азаматтар мен еріктілер талай жылу электр орталығына қатысты уәждерін айтқан. Павлодар облысындағы мәселеге уақытылы көңіл бөлінбегіндіктен, арты ауыр жағдайға әкеліп соқтырды», – деді ол.

Депутат алдағы уақытта Қазақстанның өңірлерінде тексеріс жұмыстарын жүргізу керек дейді.

«Қазіргі Екібастұздағы орын алып жатқан жағдай шынымен де өте ауыр. Оған кінәлілерді анықтау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы комиссия мүшелерін жасақтады. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табатын болады. Біз сабыр сақтап, оның нәтижесін күтуіміз қажет. Атқарушы органдар министрлікпен бірлесе отырып тиісті шараларды қабылдауы керек. Павлодар облысындағы мәселе шешілгеннен кейін Қазақстанның барлық аймағында егжей-тегжейлі тексеріс жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Геннадий Шиповских.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі қазіргі Екібастұздағы жағдайдың тұрақтала қойған жоқ деп отыр.

«Президент Жарлығымен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов орынан босатылды. Әзірге әкім қызметін уақытша Олег Крук атқаруда.  Премьер-Министр Әлихан Смайылов Екібастұзға барып, бәрін өз көзімен көріп қайтты. Десе де ондағы жағдай әлі нашарлап тұрғаны сөзсіз», – деді депутат.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: