“Бұл – ІТ-индустрия үшін үлкен оқиға”. Қазақстандық стартап-кәсіпкер тарихи жетістікке жетті

21 Сәуір 2023, 19:25 963

Қазақстандық стартап-кәсіпкер тарихта алғаш рет Стэнфорд университетінің StartX клубы құрамына кірді. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Facebook-та жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Досжан Жүсіпов пен Cerebra жобасының командасын кезекті жетістігімен құттықтаймын! Біздің қазақстандық стартап-кәсіпкер тарихта алғаш рет Стэнфорд университетіне қарасты беделді StartX клубының құрамына кірді. Бұл – қазақстандық ІТ-индустрия үшін үлкен оқиға. Cerebra жобасының StartX-ке қабылдануы Қазақстанның озық DeepTech технологияларды шығара бастағанын дүниежүзіне әйгілейді, - деп жазды министр.

Оның мәліметінше, аталған оқиға қазіргі таңда CatGPT сынды жасанды интеллект түрлері дамып жатқанда, біздің қол қусырып отырмағанымыздың айқын бір көрінісі. Себебі, Cerebra жасанды интеллекттің базасында жасалған. Ол Қазақстанда инсультті сапалы диагностикалау және осы патологиядан мүгедектік пен өлім-жітім деңгейін төмендету үшін құрылған.

StartX сияқты беделді қауымдастықтармен қарым-қатынасты дамытуды Мемлекет басшысы өзінің АҚШ-қа іс-сапарының қортындысы аясында жүктеген болатын, - дейді Мусин.

Айта кетейік, StartX – бұл 1800-ден астам кәсіпкерлерден, салалық сарапшылардан Стэнфорд профессорларынан тұратын қауымдастық. Ол өсу сатысында тұрған және жақсы қаржыландырылған 700-ден астам стартапты қамтиды. StartX қауымдастығына мүше компаниялардың жалпы құны 26 миллиард доллар шамасында.

Естеріңізге сала кетейін, Cerebra жақында Global Startup Awards стартап-экожүйелерінің ауқымды тәуелсіз байқауының жеңімпаздарының бірі.

EL.KZ
Бөлісу: