«Бұл істі Бас прокуратура қарау керек». Киіз үйде түсірілген видеоға қатысты депутат мәлімдеме жасады

19 Маусым, 15:27 746

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев киіз үйде түсірілген видеоны Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп, құқықтық баға беруі керектігін айтты, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат сауалын Бас прокурор Берік Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолдады.

Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі исі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса – бұл бүкіл ұлтты, дені қазақ, рухы биік елімізді қорлаумен пара-пар. Ең сорақысы – әлгі жын-ойнақтағы үш ұзынның ортадағы «сирақты примасы» ез  екен, - деді мәжілісмен.

Депутат бұл – халқымызға қарсы мысық тілеулі, теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана жаулық әрекеті деп есептейтінін айтты.

Тал түсте төрімізде тайраңдағаны – нағыз басынғандық. Олар бүгін төрімізде тайраңдаса, ертең төбемізде ойнамасына кім кепіл?! Сондықтан бұған көз жұмып қарап, жай қалдыра салуға болмайды. «Албасты қабаққа қарап басады» деген. Бұл біріншіден, қоғамның осы әрекетке қалай үн қататынын байқайын деген астыртын сыр тарту тәсілі болса, екіншіден, ЛГБТ насихатына тосқауыл қоймақ талапқа деген ашық қарсылық, үшіншіден, өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті. Бұл мәселені біз бір топ депутат былтыр Мәжіліс мінберінен көтеріп, барлық платформаларда, әлеуметтік желілерде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін ақпараттық өнімдерді таратуға тыйым салуға, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынған болатынбыз, - деді Мұсабаев.

Жақында қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды. Депутаттың сөзінше, бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екендігінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі.

Самат Мұсабаев алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырды.

Бейнероликтегі ұлттық құндылықтарымызды қорлау көрінісі – әбден шектен шыққандық. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселе бойынша нақты құқықтық бағасын беруі тиіс. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай-да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету – ұлт намысына қол сұғу, ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануы тиіс. Қорыта келе, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз, - деді Мұсабаев.

Миражан Махан
Бөлісу: