Бүйректе тас түзетін 7 фактор

4 Желтоқсан 2019, 16:17 58042

Уролог Ринат Құлмұхаметов: «Егер зәр түсі қошқылданса, келеңсіздіктің белгісі»

Тас деп отырғанымыз, бүйректің ішіне жиналған қатты тұздың шөгіндісі. Ол түзілістер ағзадан кіші дәретпен шығып кетуі керек, егер ондай бола қоймаса, келер қауіп біршама деп біліңіз. Ірі тастар несеп шығаратын жолдарды бітеп, әжетханаға бара алмайтындай қиындықтар әкеледі. Оған қосымша, арқа қатты ауырып, іштің төменгі жағы сыздауы мүмкін.

Әлем тұрғындарының әрбір оныншысы несеп шығару жолдарындағы тастың тұзағына ілінеді екен. Олардың басым бөлігі 20-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды халық. Десе де, ауру егде жастағыларды да айналып өтпек емес, 70-ке жеткендердің 12,5 % осы дерттің зардабын тартады дейді зерттеушілер.

Әйелдерге қарағанда ер адамдарда бүйрек тасы екі есе көп ұшырасады.

Қандай жағдайда дәрігерге көріну керек?

- Іштің төменгі жағы немесе беліңіз ауырып, шыдатпай кетсе арнайы мамандар көмегіне жүгініңіз;

- Кейде ауру белгілері жүрек айну және лоқсумен де келеді;

- Зәртасы кейде ыстығыңызды көтеріп жібереді;

- Несепте қан пайда болады;

- Зәр шығару тіптен қиындап кетеді.

Мұндай симптомдар бүйректердің бұзылысынан хабар беріп, несеп шығару жолдарының зақымдануын айғақтайды. Оның соңы бүйректердің істен шығып, науқастың өлімімен де аяқталуы мүмкін.

Бүйректегі тасты қалай анықтауға болады?

Көп жағдайда несепағар тас ауруы симптомсыз болады. Яғни, түзілістер бүйректе болғанымен, көлемінің кіші болуынан ешқандай белгі бермейді. Тек тұзды шөгінді көбейіп, іріленгенде не бүйрек пен қуық арасындағы түтікті бітегенде барып ауырсына бастайсыз.  Бұл жағдайда зәр бүйректен шыға алмай, сол ағзаның түйіліп, шаншуына алып келеді.

Бүйректе тастың барын болжайтын белгілер мыналар дейді уролог-дәрігер Ринат Құлмұхаметов:

- Физикалық жұмыс қана емес, қоғамдық көлікте шайқалып, қозғалғанның өзінде  бел тұсының сыздап не қатты ауруы;

- Кейде несеп шығару кезінде жанға бататын аурудың пайда болуы;

- Бұлдыр, қошқыл зәр;

- Әжетханаға барудың жиілеп кетуі.

Бұл аталғандардың ең болмағанда екеуі кездессе, міндетті түрде терапевтке көріну керек. Ол сізді УЗИ-ге жіберіп, несептас ауруын анықтауға көмектеседі.

Ол тастар қайдан пайда болады?

Р.Құлмұхаметов: «Тастың пайда болуына зат алмасудың бұзылысы әсер етеді. Олар урат, фосфат, оксалат және тағы басқа тастардың пайда болуына алып келетін тұздар түзеді. Қышқыл және ащы тағамдар зәрдің қышқылын арттырып, тастардың тезірек құрылуына жағдай жасайды. Сол сияқты ақуызды сүйетіндер, тазартылған қантты көп жейтіндер, кальцийі көп тағамдарды асыра пайдаланушылар тастың «өсуіне» себеп тауып береді. Оған қоса, А және В дәрумендерінің жеткіліксіз болуы, жарақаттар мен сүйек аурулары (остеомиелит, остеопороз), асқазан-ішек жолдарынң созылмалы ауруы, ағзаға су жетіспеуі, бүйректің түрлі сырқаттары мен несеп-жыныстық ағзалар жүйесінің (пиелонефрит, цистит, қуықасты безі аденомасы, простатит және т.б) аурулары түрткі болады. Тас жалғыз не көп болуы мүмкін. Кейбір науқастарда көптігі сонша, бес мыңға дейін жетіп жатады. Сол секілді ол тастардың көлемі 1 миллиметрден  1 келіге дейін болып келеді. 2,5 келі тас алынған оқиға да тіркелген. Көбінесе тас бір бүйректе кездеседі, бірақ 9-17% жағдайда бұл ауру екі бүйрекке де әсерін тигізеді».

Сонымен, дәрігердің сөзін негізге ала отырып, тастардың пайда болуына әкелетін басты факторлар тізбегін ұсынамыз:

1. Сұйықтықтың жетіспеуі

Бүйректе тастың түзілуіне зәрдегі кальций, оксалат, несеп қышқылы көбейюі әсер етеді. Ағзада су жетіспеуі бұл ауруға ғана емес, көптеген проблемаларға шалдықтыратынын жақсы білеміз.

2. Рационның дұрыс болмауы

Бүйректегі келеңсіздікке тұзды тағамдармен қатар, тәттіге тым әуестік те әсер етіп жатады. Сол сияқты қызыл және қақталған ет, консервілер, ұлу мен кейбір жасыл өсімдіктер – асжапырақ, балдыркөк, қасқыржем, соя, рауғаштарды да артық пайдалану тұзды түзілістерге алып келеді. Ал құрамында кальциі көп сүтті өнімдерді қанша көп ішсеңіз де, бүйрекке зиянсыз келеді. Ірімшік, сыр, йогурт секілді тағамдарды қорықпай пайдалана беріңіз.

3. Ішектің созылмалы ауруы

Мәселен, Крон ауруы, ойық жаралы колит, созылмалы диарея. Олар ас қорыту жүйесін бұзатындықтан, кальций мен судың сіңуі нашарлап, зәрде кристалл тәріздес затты көбейтіп жібереді.

4. Семіздік

Семіздікке шалдыққандарда, яғни дене салмағының индексі 30-дан жоғарыны көрсететіндерде, несептас ауруының қаупі екі есе артады.

5. Тұқымқуалаушылық

Бүйректің тас түзуге икемділігі генетикалық фактордан да туындап жатады. Егер туған-туыстарыңыздың бірінде осындай дерт кездескен болса, өз денсаулығыңызға аса сақтықпен қараңыз.

6. Кейбір дәрілік препараттарды қабылдау

Кейбір антибиотиктер (ципрофлоксацин мен сульфаниламидтар), адамның иммун тапшылығы вирусы мен жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы секілді аурулардан емделу үшін қабылданған кей дәрілер; несепайдатқы, мысалы қан қысым жоғары терапияда қолданылатындары (бұл жерде несепайдатқылардың жағымсыз әсері ретінде тастың түзілуіне алып келетіндігін ескерген жөн) тастың пайда болуын ынталандырады.

7. Басқа да аурулардың болуы

Бүйректегі тас төмендегілердің жағымсыз әсерінен туындап жатады:

- белгілі бір генетикалық аурулар (мысалы, медуллярлы кемік бүйрек – бүйрек ұлпасында ісікке алып келетін туғаннан пайда болатын дефект);

- екінші түрдегі диабет (диабет зәрді қышқылдандырады, ал ол өз кезегінде тастың түзілуіне ықпал етеді);

- тұз байлану ауруы (бұл сырқатқа шалдыққан адамның қанында зәр қышқылы көбейеді);

- гиперпаратиреоз (қалқанша жанындағы бездің жұмысының бұзылуынан қан мен зәрде кальций артады);

- бүйрек жеткіліксіздігі.

Бүйректегі тасты қалай «емдеуге» болады?

Терапевт, нефролог, уролог алдына шағым айтып келген адамды арнайы тексерістен өткізуге жібереді:

«Алдымен қанға анализ тапсырады: бұл ондағы кальций мен зәр қышқылының көрсеткішін анықтауға көмектеседі, содан соң несеп анализін тапсырады және УЗИ-ден өтеді (компьютерлі томогрфия немесе құрсақ қуысының рентгені). Егер тастың бар екені белгілі болса, оның көлеміне қарай, емдік шаралары да әртүрлі жүргізіледі» - дейді уролог Р.Құлмұхаметов.

0,5 сантиметрге дейінгі тас түзілісіне консервативті терапия жүргізіледі. Ондай жандарға  күніне 1,9-2,8 литр сұйықтық ішуге кеңес беріледі, су бүйректегі шөгіндіні табиғи жолмен шығаруға көмектеседі. Ал ауру сезімдерін басу үшін науқасқа рецептен босатылған дәрілер ұсынылады.

Ірі тастарға электромагнитті толқындар (бұл процедура «экстракорпоральды соққы-толқынды литотрипсия» деп аталады) пайдаланылады. Бір сеанстың уақыты – 40-60 минут. Ол жеңіл наркозбен өткізіледі. Тастан толық тазару үшін мұндай процедураның 4-5-і жүргізіледі. Тағы бір нұсқа – интракорпоральды литотрипсия деп аталады. Бұл тек наркоз арқылы жасалатын процедура. Ота барысында несеп жолына хирургиялық құрылғы кіріп, тасты лазерь арқылы жойып жібереді.

Бүйректе тастың пайда болуын алдын алу үшін не істеу керек?

Алдымен, өмір салтын өзгерту керек. Дәрігер Ринат Құлмұхаметовтың айтуынша, күніне 10 стақан су ішкен дұрыс. Оның  бірін апельсин не лимон шырынымен алмастыруға болады. Себебі, бұл аталғандар тастың құрылуын кешеуілдетеді. Тұзды көбірек пайдаланудан сақтану керек.

Оған қосымша, ілгеріде айтылған қызыл ет, қақталған шұжық, консерві секілді тағамдарды азайтып, сол қатарда аталған жасыл өсімдіктері рационыңызға қосуға асықпаңыз. Артық салмақтан арылып, семіздікке дейін жете көрмеңіз.

«Денсаулығыңызды күтіп, жиі-жиі тексерістен өтіп тұрған жөн. Бүйрек тасын болдырмау үшін УЗИ-ден өтіп, нефролог пен урологқа қаралыңыз» – дейді дәрігер.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: