Бүгіннен бастап Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салынды

21 Тамыз, 07:35 528

Ел аумағына бидай өнімін импорттауға тыйым салынды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл бірінші жарты жылдықтың қорытындылары бойынша бидай импорты 1,3 млн тоннаны құраған. Бұл іс жүзінде 2023 жылғы импорттың жылдық көлеміне тең, ал Қазақстанның ішкі нарығында өткен жылғы егіннің бидай қоры жеткілікті.

Мәселен, статистика деректері бойынша ағымдағы жылдың 1 шілдесіне республика бойынша шамамен 6,1 млн тонна астық қоры, оның ішінде бидай – 5,1 млн тонна, оның 4 млн тоннасы азық – түлік мақсатындағы бидай өнімі. Сонымен қатар қабылданған шаралар мен қолайлы ауа райының арқасында вегетациялық кезеңде астықтың жақсы өнімділігі болжанып отыр. Бұл ауыспалы қорларды ескере отырып, астық нарығында артық ұсыныс жасайды.

Осыған байланысты ішкі нарықты қорғау және кері экспорттау  фактілерін болдырмау мақсатында  Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы бидайдың транзитін, сондай-ақ олардың ел аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына орын ауыстыруын қоспағанда, 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін бидайды (СЭҚ ТН коды: 1001) Қазақстан  аумағына көліктің барлық түрлерімен әкелуге тыйым салу туралы шешім қабылданды. Комиссия шешіміне сәйкес «Қазақстан Республикасының аумағына бидай әкелудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 19 тамыздағы № 278 тиісті бұйрығы бекітілді,-деп атап өтті министрліктен.

Бұйрық 21 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

Зарина Арман
Бөлісу: