Бүгінгі қазақстандық БАҚ бұқаралық па?

16 Қараша 2018, 16:37 11850

Ақпараттық технологиялардың дәстүрлі БАҚ дамуына әсері

Соңғы он-он бес жылда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ақпараттық қоғамның негізгі элементі ретінде қоғам өміріне, оның өмір сүру салтына елеулі өзгерістер енгізді. Қарапайым адам ғана емес, мемлекеттік органдар, құрылымдар, мемлекеттің өз «телекомуникациялық» тәуелділікке тап болды. Басты коммуникация құралы ретінде интернет ресурстарды пайдалану компьютерлік желілік технологияларды қоғамдық мәдениеттің бір элементіне айналдырды. Осылайша қоғамдық «сананың модернизациясы» орын алды. Интернет ресурстар, мультимедиялық құралдар тек халықты ақпараттандыру ғана емес, қоғам санасын манипуляциялау функциясын да қозғады. Сондықтан бұрын төртінші билік аталған БАҚ қазіргі уақытта «Soft Power»-ге айналды. Қазіргі уақытта елде төңкеріс жасау үшін ауыр артиллерияны, физикалық күшті, қару-жарақты пайдаланудың қажеті жоқ, тек сіздің позицияңыз бойынша ақпаратты біржақты беру, белгілі траекториямен халықтың санасын Ал отандық бұқаралық ақпарат құралдары дәстүрлі медиада жаңа медиаға конвергенциялана алды ма? Бұрынғы пәрменін арттырды ма әлде жоғалтты ма?

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елімізде 1156 газет және 1269 журнал, 285 электронды бұқаралық ақпарат құралы (оның ішінде 269 телерадиокомпания)  тіркелген. Ал "Kaznic" Қазақ торап ақпарат орталығының 2018 жылғы қазан айындағы деректері бойынша kz және қаз домендерінің жалпы саны 142 430  жеткен. Бұл ресурстар оқырмандарына қандай контент ұсынып отыр және сұранысын қанағаттандырып отыр ма? Мен қазақстандық интернет ресурстардың аудиториясын анықтау мақсатында сауалнама жүргіздім. Осы сауалнама нәтижесінде респонденттердің 63 %-ы қазақ тілді интернет ресурстарды оқымайтынын, тек әлеуметтік желідегі кездескен кездейсоқ сілтемелерді көзі шалатынын айтты. Ал интернет ресурстар әдетте таргетке немесе СММ планерге кликабельді сілтемелерді қояды. Кликабельді сілтемелер сайттың негізгі контентін білдірмейді, ол тек оқырмандардың реакциясын тудыру ықтималдығы жоғары мақалаларды білдіреді. Әдетте ол трафик көп жинайтын қылмыс хроникалары, "жұлдыздар" өміріндегі скандал, шулар сияқты контенттен тұрады. 

Жалпы БАҚ-тың біздің санамызға әсерін мойындамауға болмас. Интернеттің барлық кеңістікті жойып, адамның психикалық және физикалық реалийлеріне тікелей әсер ететін жаға кеңістік екенін ескерсек, оның пәрменін бағалау қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ мобильді журналистика назар аударатындай елеулі дүние болып көрінбесе, бүгінде оқырманға дәл жететін, оперативтілігінен озық тұратын жүйеге айналды. Бірнеше команда болып жасалған бейне роликтен де бір вайнердің жасаған вайны немесе вирал видеолары әлдеқайда өтімді. Неліктен дәстүрлі БАҚ өз позициясын жекелеген адамдарға, кезінде өзі оқырман болған блогерге, вайнерге немесе желінің белсенді пайдаланушысына жіберіп алды. Бұл жаңа медиаға бейімделе алмау ма әлде конвергенция кезеңінің кемшіліктері ме әлде аудитория сұранысының өзгеруі ме? Қазіргі уақыттың алдыңғы жүзжылдықпен салыстырғанда артықшылығы бұқаралық коммуникация құралдарының түрлерінің өзгеруі және олардың қолданатын тәсілдерінің түрленуі. Біздің қазіргі қоғамымыздың жалпы қоғамтану теорияларының біріне сүйенсек, ақпараттық қоғам аталуы да орынды. Оның негізі бар - ақпарат көптеген факторлар арқылы (ең алдымен саяси және экономикалық) күрес құралынан оның мақсатына айналып кетті. Ақпарат үшін көшбасшы елдер, ірі компаниялар, тұлғалар күресуде, және де дәл ақпарат көптеген конфликтер барысында шешуші рөл атқарады. Ақпарат нақтылы құндылығы бар әлеуметтік ресурсқа айналды. "Қарапайым сөз арасында "ақпарат" табиғат пен қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстар мен процестер туралы мәліметтерді білдіреді. Дәл осы контентте ақпарат ауызша, жазбаша немесе қандай да бір өзге жолмен бір-бірімен қажетті мәліметтерді бөлісуге қабілетті адамдардың қызметінен ажырамас дүние". 

Интернет-БАҚ қызметін талдау үшін алдымен ғаламдық жүйені коммуникация каналы ретінде қарастыруымыз қажет. Түптеп келгенде интернет коммуникация формалары/деңгейлерінен гөрі осы коммуникация туындайтын алаң, екінші реалий болып табылады.

Оған қоса, ғаламдық желіс бізге күнделікті үйреншікті заттар - почта, үй телефоны, факсты алмастыра бастады. Интернет-коммуникациялар - бұл стандартты протокол алмасу және ақпаратты ұсыну арқылы Интернет каналдар арқылы ақпарат таратылатын қарым-қатынас әдістері. Маңызды ерекшелік - ақпарат түрлі формада: дауыс, видео, мәтін, лездік хабарламалар, файлдар арқылы берілуі мүмкін.

Ғалымдар Бабаева Ю. Д., Войскунский А. Е., Смыслова О. В. желідегі коммуникацияның келесі түрлерін бөліп айтады: шынайы уақыт режимінде араласу (чат) және адресатқа ақпарат сәл кешігіп жететін қарым-қатынас. Сонымен қоса, Интернеттегі коммуникацияның классификаторы ретінде келесі параметрлерді қабылдауға боолады:

• қауымдастықтың барлық пікірлесуге дайын адамдарға ашықтығы немесе оның бөгде адамдарға жабықтығы;

• қатысушылар қызметін қадағалаудың болуы немесе болмауы, бұл ретте бақылаудың жекелеген түрлері модерациялау, жабық каналға рұқсатсыз ену, тыңдау (lurking) болуы мүмкін;

• вербальді мәтін немесе мультимедиалықпен шектеу.

Сонымен қатар осы орайда Интернеттегі коммуникацияны төрт категорияға бөліп қарастыратын М.Моррис жіктеуішін де қарастырған жөн:

• асинхронды коммуникация «жекеден жекеге» (электронды хаттар, әлеуметтік желідегі жекеге хабарламалар);

• асинхронды коммуникация «көптен көпке» (спам тарату);

• синхронды коммуникация «жекеден жекеге», «жекеден бірнешеге», «көп көпке» (қарым-қатынас, коммуникация белгілі бір тақырып төңірегінде өрбиді, мысалы Фейсбукте жер мәселесін талқылау, мұнда бірнеше адам өз хабарламадларын біреуге арнап емес, жалпыға арнап сөйлесуі мүмкін);

• асинхронды коммуникация (пайдаланушы нақты сайтты табуға тырысады, алайда іздеу барысында басқа да "ақпараттық қоқысқа" тап болып, мысалы гороскоп, жарнамалық мәтін және т.б. адасып кетеді).

Жоғарыда айтылған екі классификация бойынша Интернеттегі коммуникацияның таралуы араласу әдістеріне байланысты болып тұр: достардың өзара хат алмасуы, чат немесе спам тарату. Коммуникацияның көп түрлі формасы - Интернеттің басты ерекшеліктерінің бірі. Екінші маңызды ерекшелік - анонимділік мүмкіндігі. "Тікелей контактінің болмауы салдарынан "психологиялық анонимділік" әсері туындайды - тұлға сыртқы бақылаудан қорғалған".

Көптеген пайдаланушылар үшін бұл Интернеттегі қарым-өатынастың негізгі қасиеттері болып табылады. Нақты есімі, жас мөлшері, әлеуметтік мәртебесі жасырылады, нақты фактілер ойдан құрастырылған деректермен алмастырылады. Екінші жағынан ғаламдық желінің өзі пайдадланушылардың анонимдігіне жағдай жасайды - кез келген жарияланған ақпарат санаулы секундтарда тарап кетеді, әдетте авторы мен дереккөзін табу қиынға түседі. Осылайша ақпарат көпшілік иелігіне өтеді. Сондықтан да интернетте жалған ақпараттардың, фейктерді жүруі соңғы уақытта етек алды. Мұндай анонимділік кей топтарға ұтымды: жарнамалық мақсаттарда жасалған "вирустық видеолар" халық арасында кеңінен жайылады, кей жағдайларда болмашы ақпарат ағындары елеулі материалдық зияндарға да әкеліп жатады. Бұл онлайн-БАҚтарға да қатысты. Әдетте отандық бұқарат ақпарат құралдары желідегі ақпаратты контент етіп, фактчекинг жасамайды. Бұл ақпарат көзі ретінде ресурс беделін төмендетуі мүмкін факторлардың бірі. Кейде оқиға орнынан жазылған қысқа твит ("Твиттер" әлеуметтік желісіндегі 140 символдық хабарламалар) ресми БАҚ өкілдерінің сериялы мақалаларына себепкер болуы мүмкін. Иерархиялық ақпарат таралу әдісінің орнына гетерархиялық (тең құқылы, көлденең) әдісі орын алады. Қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының оның ішінде интернет ресурстарының ең осал жақтарының бірі де осы. Себебі оперативтілікке жетем деген арынмен журналистер фактчек негіздерін ұмытады, әлде мүлдем білмейді.

Соңғы онжылдықтағы әлемдегі саяси тектоникалық дүмпулер ақпаратты тарату, түрлендіру және тез тасымалдау  мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мазмұндар мен формалар әралуанданып, күннен-күнге – бұрынғы қарапайым сипатынан қашықтап бара жатыр. Солардың ішіндегі мультимедиалық контент кей тұстарда жалпы ескі форматтардың өмір сүру мәселесін алға қойып, әлемдегі барлық БАҚ-та өз әлеуетінің шеңберінде болса да интернет-форматтарға жаппай миграция басталды. Қазірде контент жасау жасау оның ақпарат каналдарымен мейлінше жеңіл «сырғанауының» мәселесі өз алдына дисциплина болып бөлініп шығудың алдында тұр.

Дегенмен, ақпаратты аудиторияның ығайына түрлендіруді қоғамтану, саясаттану ғылымдарында таңсық деуге болмайды. Ақпараттың ұғынықтылығы мен толассыздық мәселесі түрлі уақыттарда түрлі формаларда күн тәртібінде болған. Айталық, мәдениеттанушылар ақпаратты түрлендірудің бір пұшпағы – форма іздеу жұмыстарының ежелгі Римде де болғанын айтады. Мысалы, Рим империясының территориясы кеңейген тұста, жергілікті басыбайлы халықтардың «өз императорын тануы үшін» маңызды бекіністер мен қалаларда императорлардың сұсты, кейде түпнұсқадан әлдеқайда басқа мүсіндерін орнату әдетке айналған. Орта ғасырларға тоқталатын болсақ, шіркеу қоғамда абсолютті рөл ойнаған шақтарда, діни иерархтар тіпті жеке адамның тұрмыс салтының регламенттерін жасауға дейін барды. Шіркеу жасаған тәртіптер мен ережелер жинағы биік моралдық принциптерге негізделгендей көрінгенімен, түбінде шіркеу иерархтарының бүйрегі бұратын мемлекеттердің бүтіндігін көздеген болатын.

Контент қалыптастыру және оны тасымалдағыштарға бағыштаудың  сандық және сапалық тұрғыда өлшеуге келетін қазақстандық тәжірибе - жиырмасыншы ғасырдың басында жинақтала бастады. Енді 1920 жылдардың басындағы қазақ елі – КСРО-ның субъектісі ретінде өмір сүре бастап, қауіпсіздік мәселесінде орталықтың жарғыларына бағынады.

КСРО – үгіт-насихат жұмыстары - өмір сүруінің мән-мазмұны болған алып ел болды. Біздер қарастырғалы отырған –қазақтілді контент қалыптастыруды ондай саяси-экономикалық конгломераттың өмірінен тыс қарауға келмейді. Тәуелсіз Қазақстанды – қоғам өміріндегі көптеген заңналамар мен ережелер бойынша КСРО-ның мұрагері деп алсақ, жалпы контент қалыптастыру ұғымының қазақстандық ерекшелігі, бағыты мен мазмұны айқындала түседі. Қазақтілді контентті объективті қарастыру үшін де біршама сенімді базис жасау мүмкіндігі болады.

Қазақ ақпарат айдынының үгіт-насихат алаңыңда өзінің орны, тіпті дәстүрі бар. Оның тақырыптық мазмұны біз үшін еліміздің түрлі уақыттардағы басымдылықтарын, ішкі саясатын айқындап бере алады. Қазақтілді контент қалыптастырудың ренессансы деп есептелетін 1990 жылдарды – үгіт-насихат жұмысында басты құрал боп кетті деуге болады: бұл кезде халықта ақпарат қабылдаудың электронды құралдары жеткілікті деңгейде көп тараған болатын. Әрі тәуелсіздік тұрсында барлығын жаңадан жасау шарты да болды.

Кеңжолақты интернеттің, онымен бірге – жаңа медиатехнологиялардың, азаматтық журналистиканың пайда контент қалыптастыруда дәстүрлі телевизия мен радио және газеттегі машықтарды ығыстыра бастады.  Интернет- трансляцияның жеделдігі, мультимедиалық көркемдеудегі кең мүмкіндіктері (инфографика, интерактивті инфографика, видеокаст), жекелеген блогерлердің салалық дербес трансляторларға айналуы енді дәстүрлі ақпарат тасымалдағыштарды нарықтағы жалғыз ойыншы рөлінен айырып отыр. Мысалы, SmartTV принциптері бойынша кабельді телевизия технологияларына айтарлықтай жаңалықтар енгізілгенімен, бұрынғы көрермендерді көгілдір экран алдына қайтару барған сайын күрделене түсуде.

Еліміз әлемдік саяси-экономикалық процестерге тереңдеген сайын, оның бұқаралық ақпарат саласында түрлі дүмпулер болып тұрады. Мұны «дамудың кеселі» деп бағалауға болады. Бірақ сонымен бірге – біздер контент қалыптастырудағы методикалық түрдегі жұмыстарды көреміз. Ал ол жұмыстарды БАҚ-тың тиімділігінің сандық және сапалық көрсеткіштерінің нақты мәнін білмей жүргізу мүмкін емес. Қоғамды дүрліктірген оқиға бойынша қоғамға түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиражы көп газетке бір көлемді мақала жеткілікті ме, әлде бірнеше күн бойы телевизиядан арнайы шығарылым жасау керек пе? Оның форматы, көлемі қандай болуы керек? Пайда болған форматтық тренд қысқамерзімді ме, әлде ұзақмерзімді тренд пе?

 Тенденциялар

Сипатталған оқиғалар, айтылған тұжырымдар мен келтірілген дәйектер ақпарат айдынында интернеттің - жетекші, ал телевизия мен басқа да дәстүрлі БАҚ - еруші болғанын айқын көрсетеді. Жалған ақпараттың медиациясы телевизияда басталғанда, ол интернетте аяқталып та үлгерді. Себебі коммерциялық банктер мен басқа да мүдделі ұйымдар алдымен мұны тез арада бірінші интернет кеңістігінде сейілтуге мәжбүр болды. Ол заңды да: себебі телевизиялық сюжет дайындау жанр заңдарына бағынуды талап етеді. Дәл сол уақытта интернеттегі белсенділер, банк саласына жақын инсайдерлер жалған ақпарат туралы тек ауызекі формада жаза салды.

Дегенмен, телевизия саласының Қазақстан үшін ұтымды тұстары да бар. Оның ең бастысы - ADSL-интернет таралып үлгермеген ауылдарды қамту қабілеті. Тағы бір ұтымды тұсы - ел арасындағы дәстүрлі БАҚ-қа деген сенім. Ертеректегі "тасқа басылған сөзге ғана сену" сияқты, телевизия да қазір ресмилік реңктегі БАҚ болып отыр. Дәстүрлі отбасында әлеуметтік, саяси, тұрмыстық көзқарастың драйверлері ересектер екенін ескерсек, телевизияның рөлін жоққа шығаруға болмайды. Алайда комьютерлік машық сауаты ересектер мен егделер арасында да күрт өсіп келеді. 2011 жылғы мәлімет бойынша олардың 25%-ы комьютер сауатты боп есептеледі. Оның үстіне орташа жас мөлшері - 25 жас екенін басшылыққа алсақ, телевизия саласынан интернетке ойысу тренді анық байқалады.

Ендеше, телевизия мен интернет арасындағы сандық-сапалық арақатынастың  бұл деңгейі – жалған ақпарат, экстремистік үндеу, толқулар мен жаппай митингілерге үндеу сияқты қауіптерді сейілту үшін тамаша құралдар. Мемлекеттің, редакциялардың мақсаты – телевизия мен интернеттің мүмкіндіктерін шендестіріп, тақырып бойынша мейлінше ұтымды етіп дайындау. Бұл үлкен сараптамалық және әдістемелік жұмыс. Және бұл жұмысты – қолында өзекті статистикалық мәліметтердің барлығы тоғысқан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен, TOP-20 кіретін телеарналар бірлесіп жасағаны қисынды сияқты. Олар жасаған әдістемелік нұсқау жалпыға жарияланып (яғни, тегін негізде), ескіретін сандық-сапалық көрсеткіштері мерзімдік негізде (ай сайын, тоқсан сайын) бюллетеньдермен жаңартылатын болса, бұл қазіргі ақпараттық қауіпті ұғынудағы үлкен секіріс болар еді.

Медиажүйелер арасындағы өзара әрекет проблемасы әрқашан болған. Айталық, 1931 жылы 25 шілде мен 5 тамыз аралығында өткізілген "алыптар онкүндігі" ақпараттық науқаны кезінде радио мен газеттердің өзара үндесе қимылдауының мәселесі туындаған. Ол мәселе радиода айтылғанды - газет бетінде жанама, жұмсақ формада растау, немесе керісінше - газетте жазылғанды - радиодағы хабарлармен бекіту арқылы шешілді. Бұл науқғанға аймақтық деңгейіне қарамастан, барлық радио және баспа органдары қатысты. Ірі металлургиялық зауыттар мен мемлекеттік  газеттер және жергілікті, орталық радио арасындағы өзара қолдауды үйлестіруде қыруар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде газеттер бір күнде "Ұжымдық радио тыңдау ұйымдастырыңыздар!" деген тақырыппен шығып, 57 радиостанция мен 3 500 радиотораптың тақырыптық, мемлекеттік маңыздағы үгіт-насихаттық хабарды тыңдайтын мейлінше көп аудиториямен қамтыды.

Бұдан басқа, радио мен баспасөздің арасындағы байланыстың көптеген мысалдары бар. Екінші дүниежүзілік соғыс, егін салу-ору науқандарында, әскери-патриоттық тәрбиеде радио мен баспасөз қоян-қолтық жұмыс істеуге мәжбүр болды. Байқасақ, медиа типінің автономды, өз алдына қарастырылуы сол кездерде-ақ жойылған. Кейін, медиаға телевизия қосылған соң да, біз мемлекеттік үгіт-насихат аппараты оны да сол кездегі "дәстүрлі БАҚ-тармен" шендестіруге әрекеттенгенін айқын көреміз.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, біз енді үгіт-насихаттың жаппай түрімен маркетологтардың қаруланғанын көреміз. Бренд жасау немесе басқа да жарнамалық мазмұндағы сипаты бар хабарлар адамға барлық каналдар арқылы жеткізіліп отырды. Үш түрі ақпарат көзінен алған мағлұматтар адамның миында тоғысып, тақырып (айталық, тауар) жөніндегі аяқталған, дербес бейне құрай алса - ол жарнама жасаушының жеңісі деп есептелді. Міне, біздің де шүйлігетін тұсымыз осы. Адам (оны біруақытта - тыңдарман+көрермен+оқырман деп алсақ)үшін тақырып айналасында мемлекеттік мүдде тұрғысынан қажетті және тиімді бейне түзу - басты мақсат. Бұл ақыр аяғы - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мәселесі.

Радио, телевизия және баспасөз - айтарлықтай өзара технологиялық ерекшеліктері бар медиақұралдар болса, интернетке келгенде ғылыми тұрғыдан да, тәжірибе жүзінде де қиындықтарға душар болып жатамыз. Басты сұрақтардың бірі - интернет технологиялық жағынан дәстүрлі БАҚ-тардың үшеуін де алмастырып тұрса, онда олармен қош айтысқан дұрыс емес пе деген тұжырым.

Оның үстіне, елімізде, неге екені белгісіз - интернеттің дәстүрлі БАҚ-тарға қарама-қарсы, антагонистік дүние ретінде қабылданып кеткені және бар. Қате де осы жерде: егер тіпті өткен ғасырдағы үгіт-насихатшылар соншама айырмашылығы бар медиақұралдарды бірі бірімен байланыстыра білсе, қазір көп жерде тек интернет-ресурс жеткілікті деген ойлар айтылып жүр. Дәл сол уақытта әлемдік практикада телевизиялық бағдарламалар мен интернет-ресурстарды ұштастыру тәжірибесі сәтті жүзеге асып келеді.

Мысалы, "Las Vegas Sun" газеті Лас-Вегастағы құрылыс басындағы қайғылы жағдайлардың көбейіп кетуін телевизия және интернетпен бірге жазып, бұл мәселені ақыры АҚШ Конгресінің күн тәртібіне енуіне қол жеткізді. Схемасына үңілсек: интернет-каналдар мен телевизия - жалпы, дүниеде осындай мәселенің барымен мейлінше көп аудиторияны құлағдар қылған да, ал газетте сол тақырып бойынша сараптамалық материалдар жариялаған (53 мақала мен 21 авторлық баған). Яғни дәстүрлі БАҚ-тың о бастан қалыптасқан, "салмақты дереккөз" ретіндегі имиджі ұтымды пайдаланылған.

Қазақстандық БАҚ мысалында біздер ондай үндестікті көре алмаймыз. Және бұған себеп болып отырған - журналистердің біліктілігінен гөрі, телевизия, газет, радио жанындағы интернет-ресурстардың ала-құла, көп жағдайда - энтузиастік сипатта екені. Оған тағы бір басты себеп - әкімшілік ұйымдастыруағы олықылықтар екенін қосамыз.

TNS Media Top-20 кіретін қазақтілді телеарналар да жоғарыда сипатталған проблемалардың зардабын тартып отыр. Мысалы, арнадағы студиялар жеке, ал интернет-редакциялар жеке жұмыс істейді. Бақылап отырсақ, кей тұстарда телеарнаның интернет-редакциясы хабарлар трансляция жасалып, көрсетіліп кеткенен кейін, эксклюзивті түрде емес, жалпы негіздеме бойынша алады. Дөрекі айтсақ, мұндай жұмысты телеарнаның жай, компьютерге білікті көрермені де атқара алар еді.

Екіншіден, мұны әлемдік тренд деуге болады - телеарна - телевизиялық хабар ғана тарататын ұйым емес, кез-келген деңгейдегі кновергентті ақпарат таратуға қабілетті медиаұжым деп қабылданбауы. Айта кету керек, тіпті әдетте прогрессивті деп есептелетін маркетологтар үшін бұл солай. Мысалы қазақстандық Top-20 телеарналардың бірінен де - интернет-сайтты медиақызмет түріне енгізегін көрмейсізЖәне телеарналардың көбінің интернет-ресурстарының қолдашуылар саны көрсеткіштері айтарлықтай тәуір болса да, монетизация жасамау себебін - интернеттің әлі де дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда сенімсіздеу екенін аңғаруға болады.

Енді осы мәселенің мемлекеттік үгіт-насихат машинасына қалайша тежегіш болатынын ашып көрсетейік. Қазіргі трендтер көрсетіп отырғандай - оқиға бойынша түрлі сападағы ақпаратпен қамтамасыз ете алатын - жалғыз интернет қана. Ал телевизия үлкен заңдар мен мүдделердің ауданында ғана әрекет ете алады. Сондықтан, бүгінде - тұтынушының+оқырманның+көрерменнің синтезі  болып отырған ақпарат қабылдаушы үшін - оқиға бойынша ресми көзқарас пен шешімдерді - мәселемен танысқан жерінде көрсетіп кеткен тек дұрыс қана емес, міндетті. Мысалы, телеарнаның интернет-ресурсында:"сел жүру қаупі бар. Арнамызда ол туралы қазір көрсетіп жатырмыз" деу қисынсыз. SMM-шілер  мен PR-шылардың айтуынша, теріс трендтерді - адам онымен танысқан жере берген дұрыс болар еді.

Бұл айтылғандар бізге телевизиядағы интернет редакцияның - өз алдына дербес ұжым болуы керектігін растайды. Олар "қалдық принципімен" қаржыландырылып, репутация үшін ғана қолданылмауы керек. Интернет-редакция, жоғарыда айтып өткендей - дәстүрлі БАҚ-қа аудитория жинап беруде тамаша құрал бола алады. Бірақ атрибут ретінде емес, ең алдымен - өзі топтасқан медиатоптың мүдделерін таратушы ретінде. Жылдар бойы тек өсіп келе жатқан интернет-аудитория күні ертең ғана дәстүрлі БАҚ-тардан бөлек, өзіндік ықпалы бар автоном ретінде. Сонда ғана конвергентті хабар таратудың әлемдік тәжірибесіне қосылу мүмкіндігі бар.

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: