Бүгін амал мерекесі

14 Наурыз 2017, 09:29 16388

Көрісу айт мерекесі

14 наурыз күні қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен жадырай амандасып, денсаулық тілейді. Әсіресе, жасы кішілер қала-ауылдағы ақсақал-әжелердің үйлеріне барып көрісіп, ілтипат білдіреді. Жасы үлкендер болса, кішілерге бата беріп, бір жасап қалады. Бұл күні әр үйде дастархан жайылып, келгендер ас пен ақтан дәм татады.

Бұл күні адамдар бір-бірімен амандасып, қол алысып,, «Жасың құтты болсын!» деген тілектерін айтады. Осы дәстүр Қазақстанда тек батыс өңірінде ғана бар. Бұл салт-дәстүр неліктен тек батыс өңірінде сақталғанын «Ақжайық» газетіне берген сұхбатында  өлкетанушы, журналист Өтепберген Әлімгереев былай деп түсіндіреді:

– 14 наурыз қазақ халқы үшін жаңа жыл деп есептелген. Ежелгі кезде, яғни қазақ халқы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан уақытта көктемдегі күн мен түннің теңелу құбылысына бір аптадай уақыт қалған кезде өздерінің мал-жанын түгендеп, қыстан аман шыққандарына қуанып, қуаныштары мен сәтсіздіктерін әңгімелеп, келе жатқан Наурыз мерекесіне дайындалған. Бұл салт Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарында және Ақтөбенің кейбір жерінде сақталған. Басқа өңірлерде бұл салт мүлде жоқ. Оңтүстік өңірлерде көрісу деп қайтыс болған адаммен құшақтасып, қоштасуды айтады, ал бізде жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны көрсетеді.

Көрісу күні әр үйдің қазанында міндетті түрде ет асылады, бірақ арнайы ешкімді шақырмайды, әр иісі мұсылман қазақ сол күні 5 үйге кіріп, көрісуі керек. Қазақтың ескі салтында ауылдың ең үлкеніне барып көрісу – сыйластықтың белгісі болған. Мәселен, Маңғыстау жерінде халық  жерге жарық түсе бастағанда ауыл ішін аралап, көрісіп үлгереді.

Көрісу күні үлкендер қол алысып, алақандарын айқастырып жатса, әйел адамдар алдымен оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Жасына қарамастан алдында апасы бар адамдар оларға арнайы  барып көріседі, өйткені, «Қыздың жолы - ауыр» деген сөз бар.

Көрісу күндері бұрындары үйдегі сандықта жатқан заттарды шығарып ілетін дәстүр болған, киіз үйдің бақанына ілінген ағашқа сандықтағы шапанын, көйлегін, қару-жарақ, найза, қылыш, қалқандарын іліп қоятын болған. Оны «Жыл көру» деп атайды. Бұл – жаңа жылды жанды-жансыз, өлі-тірі,  бәрі көрсін дегені. Көрісу, негізінен, 14, 15 және 16 күндері тойлануы керек. Бұрындары 14 – өлілердің күні, 15 – тірілердің күні, 16 – айт  деп тойланған, ал  14 күні жаппай көрісуге кірісіп кетеді. Тағы бір ерекшелігі – 14 күні, байқасыңыз, бұрындары қар жауатын, оны наурыздың ақша қары деп те айтады.

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: