Бүгін оразаның алғашқы күні

23 Наурыз 2023, 09:10 1626

23 наурыз – он екі айдың сұлтаны қасиетті Рамазан айының алғашқы күні.

Рамазан – тәрбие мен тағылым, мейірім мен кешірім айы. Бұл айда адамдар сауапты іске, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға, үлкендердің батасы мен алғысын алуға ұмтылады.

Рамазан айында мұсылман жамағаты бір ай бойы ораза тұтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): "Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі", - деген.

Биыл 23 наурызда басталған Рамазан 20 сәуірде аяқталады. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – Қадір түні.

Ораза кімдерге парыз?

Шариғат бойынша балиғат жасына келген, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Олар:

- жолаушылар;

- науқас адамдар;

- жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер.

Аяғы ауыр және емізулі сәбиі бар әйелдер өзінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек.

Сәресі мен ауызашарда айтылатын дұға

Ораза ұстауға ниет еткен мұсылмандар сәресіде "Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім" дейді.

Ал ауызашар кезде "Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің өткен және келешек күнәларымды кешіре көр!" дейді.

Пітір садақа қанша?

Биыл пітір садақасының мөлшері 535 теңге болып бекітілді.

Оның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген адам пітір садақасын беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса – өз еркі.

EL.KZ
Бөлісу: