Бүгін - Көрісу мерекесі. Амал мерекесі жайлы не білесіз?

14 Наурыз 2023, 09:00 12223

14 наурыз – Көрісу күні. Соңғы кездері бұл мереке туралы жазбалар көбейіп, оның мән-мағынасы бүкіл халқымызға таныс бола бастағандай. Мерекені еліміздің батыс өңірлерінің халқы бұрыннан атап өтіп келе жатса, енді осы іске барлық өңірлер халқы қосыла бастады.

Бұл – құптарлық жайт. Өйткені:

«...Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойыны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып» деп Абай атамыздың жазғанындай, еліміздің қай өңірінде болса да, мал баққан қазақ халқы үшін көктем әсері өте күшті болған. Қысты күндері таудың қолат қуыстарына тығылып, жан баққан халқымыз көктем келіп, қар көбесі сөгілісімен қайта еңсе тіктеп, ауыздары аққа тиіп, бірін-бірі іздеуге көшкен. Алыстан қонақ келе ме, қалың елден хабар айта ма, ел ішінде не жаңалық бар екен деп елеңдесіп отырған. Сондықтан да халқымыз көктем мерекесін ұзақ тойлаған. Оның бүкіл дәстүр салты (тойшылдығы, қонақшылдығы мен қонақжайлығы, жазда жайлауға шығуы, көкпар, ат бәйгесі, тағы басқалар) осы көктем мерекесімен ерекше үйлесім тапқан. Наурызды ұлы дүбір мереке маусымы ретінде қабылдаған. Сол наурыздың беташары секілді болып келетін көрісу, амал мерекелерінің де халық тұрмысы мен мәдениетінде толағайдай орны болғанын байқаймыз.

Дегенмен соңғы жүз жылдың ішінде бізге қарағанда үстемдік жағдайындағы басқа халықтармен қоян-қолтық араласу, ата-баба дәстүр салтының өзгеріс ықпалына түсуі салдарынан кейбір мерекелерді бүкіл халық болып тойлаудан жаңылып та қалған секілдіміз. Соның бірі –  көрісу мерекесі.

Бұл жайында жұртшылық не дейді? Енді осыған келейік.

Нұрбек Бекбау, журналист: 

Батыс жұрт, бұл күнді Көрісу күні деп атайды. Негізі  бұрын жалпыхалықтық мейрам болған.

Бұрын масштабы жалпыхалықтық болса, қазір неге батыста ғана тойланады? Арқада, шығыста, небір ұлттық дәстүрдің қоймасы оңтүстікте де, мұндай мейрам жоқ. Сосын «көрісу» деген сөз – көп жерде, көңіл айту мағынасында қолданылып жүргенін байқауға болады.

Рас, тек батыстағы ағайын тойлайтындықтан, былайғы жұрт бұл мейрамды жатырқап қарайтын  да секілді. Ал енді бірі тіпті: «Ойбай, бұл казак-украиннан ауған мереке екен. Қазаққа қатысы жоқ екен» десіп те жүр. Бірақ, бұл түбірінен қате пікір.

Біз жатырқап жүрген Көрісу күні қадым заманнан, Қазақияның күллі аумағында тойланғанына дәлел ретінде, тас ғасырынан бір дерек тапқан да едім. 5 мың жылдық тарихымыз қашалған бұл қара таста, зер салып қарасаңыз, екі адам бір-бірімен қауышып, көріскелі жатыр». Кезінде бұл көрініс жайлы сюжет жасап, телеарна арқылы республикамызға таратқан едім.

Жамбыл Артықбаев, тарихшы:

Көрісу мерекесі еліміздің батыс өлкелерінде жақсы сақталған себебі – батыста қазақтардың үлес салмағы басқа ұлттарға қарағанда көбірек болды. Кеңес заманында да, патшалық заманда да. Әсіресе мынау шөлейт жерлерге орыс отарлаушылары бара қойған жоқ. Сондықтан батыс өлкеде, қазақтың байырғы дәстүрлердің бірсыпырасы сақталған. Әйтпесе, көрісу – исі қазаққа ортақ мейрам.

Жалпы ата-бабаларымыздың  мейрамдау мәнеріне көңіл қоя қарасақ, ол кезде қазіргі күндегідей бір күннің ішінде апыр-топырын шығарып, тойлай салатын мереке болмаған. Себебі адамдар үлкен жиындарға алыстан ат арытып, үздік-создық келіп жатады, қабылдаушы жақ келгендерді күтіп алып, жақсылап жайғастырып, бабын табуға тырысады. Наурыздың өзі міне осылай ақырындап басталып, бірте-бірте тойланған. Жеке адамға берілетін үлкен астардың өзі бірнеше күнге созылған.

Серік Ерғали, этнограф:

Көрісу күнін, жалпы наурыз мерекесін халық ішінде 14-нен бастап, мерекелей беруге болады. Бірақ, 9 күн бойы демалыс жариялаудың керегі жоқ. Атам қазақ біздің қазіргі түсінігіміздегідей мерекені міндетті түрде демалу деп есептемеген. Бәрі шаруаның жайымен, тіршіліктің ретімен және табиғаттың ыңғайы, күннің қабағына қарай шешіліп отырған.

Сонымен, қазіргімізше алсақ, 9 күн тойды қалай өткермек керек? Бұрынғы бабаларымызға сап, әр күніне бір сипат, бір мән бергеніміз дұрыс секілді. Мәселен бірінші күнді көрісуге арнап, тау мен далада от жағу рәсімдерін өткізсек. Әрине, қауіпсіздік шараларын барынша қарастыра отырып. Әр облыс, әр ауылда осындай жаушы төбелер тұрғызылып, оларда от алаулары бой көтерсе, даламыз бен қаламызға көктемнің келгені сезіліп, мерекенің бүкілхалықтық сипаты арта түсер еді. Ал келесі күнді, яғни 15- наурызы жаппай халық болып көшет отырғызуға арнасақ. Осылайша көрісудің тоғыз күнін тоғыз пайдалы әңгімеге арнасақ.

Сұлугүл Бәкесова, журналист:

14 наурыз - Көрісу күні. Наурыздың 13-нен 14-не қараған түнде Ай мен Амал жұлдызы бір сызықтың бойында теңеседі екен. Мұны халқымыз Ай мен Амалдың көрісуі деп атаған. Осыдан келіп Амал мерекесі, Көрісу күні шыққан. Және бұл ғылыми дәлелденген. Бала кезімізде бұл күнді біз асыға күтетінбіз. Арайлап атқан таңмен жарыса тұрып, әдемі киініп алып, көрші үйлерді аралап кететінбіз.  Сол кезде деймін, көрші апаларымыздың үйінде самауырының буы бұрқырап, қаймақ, бауырсақ, құрт, ірімшігі сияқты тәтті тағамға толы дастарханы жаюлы тұратын.  Әрине, ондай дастархан өзімізде де жаюлы ғой. Бірақ, біздің ішімізді жылытатыны тамақ пен дәм ғана емес, үлкендердің ақ батасы еді. Әке-шешеміздің «баталы құл арымас» деген сөзін  құлаққа әбден сіңіріп өскендіктен қазір де біреу бата беріп жатса марқайып қаласың.Өзім де топ-томпақ қазақша былдырлаған балаларды  көргенімде батамды төгіп-төгіп жіберемін. Көрісу күнінің түп тарихы батаменен ер, яғни ел көгерер мәнімен тамырлас жатыр. Батыста мұрты бұзылмай сақталған бұл мерекенің қазір республика деңгейінде тойлана бастағаны көңіл қуантады. Ендеше Көрісу күні құтты болсын, халайық!

Жылыой мектебінің ұжымы:

14 наурыз - жаңа жыл, амал, көрісу күні бізде, батыста ерекше сақталған. Бұйырса сол күні Жылыой ауданының мектеп оқушылары әдемі қазақы киіммен орталық көшеге мерекелік шеруге шығады. Бұл Қазақ елінде алғаш болғалы тұр және бүкіл қазақ еліне рух, серпін, күш-жігер беретін мықты шара болмақ. Оқушылардың қолында көрісу мерекесін насихаттайтын ұрандар мен плакаттар болады. Әр ұран табақшасында:

Амал, көрісу мерекесі құтты болсын!

Біз қазақ елінің ұландарымыз!

Біз қазақ елінің гүлденуіне өз үлесімізді қосамыз!

Біз қазақ елінің қарыштап дамуына атсалысамыз!

Біз өз елімізді алға шығаруға ұмтыламыз!

Біз өз еліміз үшін жаралғанбыз, елді дамытатын да біз!

Біз ел тыныштығын сақтаймыз!

Біз қазақ аспанында еркін самғаймыз!

Біз қазақ елінің бақытты өмір сүруі үшін білім аламыз!

Біз қазақ елінің озық мемлекеттерді басып озуына біліммен себепкер боламыз!

Үміттің бәрі жастарда, біз сенімді ақтаймыз!

Біз барда Қазақстан шат-шадыман өмір сүреді!

дегендей қанатты сөздер болады. Қарт пен балаға дейін ортақ көрісу мерекесі құтты болсын, замандастар!

 

Талдыбек Санатов
Бөлісу: