Бүгін еліміздің бірнеше өңірінде жол қозғалысы шектелді

Бүгін еліміздің бірнеше өңірінде жол қозғалысы шектелді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі республикалық маңызы бар тасжолдардағы қазіргі жағдай туралы ақпарат таратты. 2025 жылғы 5 қарашадағы жағдай бойынша ауа райының қолайсыздығына және жөндеу жұмыстарына байланысты бірқатар өңірде көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Шығыс Қазақстан облысы

Таңғы сағат 08:00-ден бастап тіркемесі мен жартылай тіркемесі бар жүк көліктеріне Осиновский асуында қозғалысқа уақытша тыйым салынды. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай - Рахман қайнары» автожолының 46–66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) аралықта қолданылады.

Бұл шешім таулы аймақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Шектеу қыс маусымы аяқталғанға дейін сақталуы мүмкін.

Түркістан облысы

Облыс аумағындағы А-15 «Джизак – Гагарин – Жетісай – Киров -Қызыләскер – Сарыағаш – Абай - Жібек жолы» бағытындағы автожолдың 175-183-шақырымында (Келес ауданы аумағында) жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көлік ағымының көптігіне байланысты бұл учаскеде 10 қарашаға дейін уақытша қозғалыс шектеулері енгізілді.

Ауа райы мен жол жағдайы

5 қараша күні еліміздің бірнеше өңірінде - Қостанай, Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Жетісу облыстарында жаңбыр мен қар жауады деп күтілуде. Кей аймақтарда көктайғақ пен тұман байқалады.

Мамандар жүргізушілерге жолда сақ болуды, жылдамдықты асырмауды және ауа райының қолайсыздығын ескеруді ескертеді.

Айта кетейік, Алматыда түнгі жауған қардан кейін 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қалалық коммуналдық қызметтер көктайғақтың алдын алу үшін жолдарға құм-тұз қоспасын себу жұмыстарын жалғастырып жатыр.