29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні. Бұл күнді атап өтудің басты мақсаты – адамдарға жүрек пен қан тамырларының саулығы үшін күресудің қаншалықты маңызды екенін жеткізу, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Атулы дата алғаш рет 2000 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен бекітілді. Бұл күн алғашқы жылдары қыркүйектің соңғы жексенбісінде атап өтілсе, 2011 жылдан бастап 29 қыркүйек тұрақты күн ретінде бекітілді. Бұл күнді енгізудің негізгі себебі – жүрек ауруларының алдын алу және әлем халқының назарын осы дерттің қауіптілігіне аудару.
Әлем бойынша жүрек-қан тамырлары аурулары ең көп өлім-жітімге әкелетін дерттердің көшін бастап тұр. Сондықтан бұл күн бүкіл адамзатты салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ортақ үндеуге айналды. Статистикаға сүйенсек, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу арқылы әлемде миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Жыл сайын 18,6 миллионнан астам адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұмады. Бұл – жалпы өлім-жітімнің үштен бір бөлігі. Бейресми дерекке сйүенсек, әлем халқының шамамен 520 миллионнан астамы жүрек ауруымен өмір сүріп келеді. Әсіресе дамушы елдерде жағдай күрделі. Жүрек дертіне байланысты өлімнің 75%-ы осы елдердің үлесіне тиеді.
Қазақстанда жүрек-қан тамырлары аурулары денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл сайын шамамен 30–32 мың адам жүрек ауруларынан қайтыс болады екен. Қан айналым жүйесінің аурулары барлық өлім-жітімнің 50%-ына жуығын құрайды.
Елімізде инфаркт пен инсульттің жасаруы байқалады: соңғы жылдары 30–40 жастағы адамдар арасында да жиілеп отыр.
Елде заманауи кардиологиялық орталықтар ашылып, күрделі операциялар жасалуда. 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті орындалды. Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы орталықтарда жылына мыңдаған операция жасалады. Жүрекке стенд қою, аортокоронарлық шунттау, жасанды қақпақша орнату сынды жоғары технологиялық қызметтер қолжетімді.
Кардиологтар халыққа жүрек денсаулығын сақтау үшін қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді ұстануды ұсынады:
Қозғалыс – күніне кем дегенде 10 мың қадам немесе 30 минут белсенді жаттығу;
Тамақтану – тұзды, майлы, қуырылған тағамды азайтып, көкөніс пен жемісті көбейту;
Зиянды әдеттерден арылу – темекі шегу жүрек ауруы қаупін екі есе арттырады;
Қан қысымын, холестерин мен қант деңгейін бақылау. Уақытылы тексеруден өту маңызды;
Күйзелісті басқару. Медитация, тыныс алу жаттығулары, сапалы ұйқы жүрек саулығына әсер етеді.
Мамандардың айтуынша, жүрек ауруларының жасаруы – алаңдатарлық құбылыс. Гаджетке тәуелділік, қозғалыстың аздығы, фастфудқа әуестік жастар арасында жүрекке салмақ түсіруде. Сондықтан Дүниежүзілік жүрек күні жастарға да үлкен ескерту жасайды: ерте жастан дұрыс әдет қалыптастыру – болашақта аурудың алдын алудың басты кепілі.
Жүрек – адамның ең қымбат қазынасы. Оны қорғау – әркімнің өз қолында.
Дүниежүзілік жүрек күні – жай ғана мереке емес, бүкіл адамзатқа ортақ ескерту. Жүрек аурулары тағдырдың жазғаны емес, оның алдын алу әркімнің күнделікті таңдауы мен өмір салтына байланысты.