Бүгін театр және кино режиссері, педагог, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әзірбайжан Мәмбетов отыз жылдан астам уақыт бойы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы режиссер, кейін директор-бас режиссер қызметтерін атқарды.
Осы жылдар ішінде 150-ден астам театр қойылымын сахналап, Айтматовтың «Ана –Жер-Ана» шығармасына қойылған спектаклімен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» туындысын Мәскеу академиялық театры сахнасына шығарса, М. Әуезовтің «Абайын» өзбек театры сахнасында қойды.
Режиссер сондай-ақ «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» секілді шығармаларды көркем таспаларға түсіріп, кино әлемінде өшпестей із қалдырды.
2000 жылы өнерге сіңірген ерен еңбегі үшін және Қазақстан театр өнерінің алтын қазынасына айналған зор шығармашылық табысы ескеріліп, ол «Халық Қаһарманы» атағына ие болды.