Бүгін Атырауда Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың III отырысы өтеді

15 Наурыз, 10:40 688

Бүгін Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың III отырысы өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті. Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталып, негізгі отырыстың бағдарламасына хатталады. 

Руханият жайы талқыланғанда – алдымен әдебиет мәселесі қозғалуы заңды. Ал бұл жолы балалар әдебиеті ерекше назарға алынды.

Qazaqstan.tv тілшісінің мәліметінше, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы Дихан Қамзабекұлы авторларға төленетін қаламақыны көтеріп, арнайы заң қабылдауды ұсынды.

Балалар әдебиетінің авторларын табу өте қиын. Оларды ынталандыруға қаржы бөлініп жатыр. Бірақ бұл мәселеде болашақ авторларды дайындау қазіргі балалар басылымдары арқылы жүзеге асады. Ұлан, Балдырған, Ақжелкен, Дружные ребята секілді басылымдарға біз авторларды тартып, болашақ ақын-жазушыларды қалыптастыруымыз керек, - дейді «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры, ұлттық құрылтай мүшесі.

Әдебиет сияқты кино да идеологияның құралы. Ал идеологиялық мәндегі сапалы фильмдерді тек мемлекет есебінен түсіруге болады. Қаражат бөлу тәртібін реттеу үшін бұл сала да арнайы заңға мұқтаж. Әрі «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны дамыту орталығы бір-біріне тәуелді болмауы керек, - дейді киногер Азамат Сатыбалды.

Қазақ киносын мемлекеттік деңгейде жоғары деңгейге қосылу үшін арнайы заң керек. Өйткені қазіргі заң бізге қайшы. Сондықтан қазір қысқа уақыт ішінде барымызды салып, «Қазақфильмге», қазақ киносына ыңғайлы заңды жазсақ деп отырмыз, - дейді «Қазақфильм» АҚ төрағасы, ұлттық құрылтай мүшесі Азамат Сатыбалды.

Айтылған пікір құрылтай алаңында қалып қоймайды. Әр ұсынысты хатшылар қағазға түртіп отыр. Ол кейін Ұлттық құрылтайдың бағдарламасына енеді. Әрі алдағы уақытта министрліктер мен парламент деңгейіндегі талқыға арқау болады.

Облыстан келген құрылтай мүшелері облыс жұртшылығының пікірлерін жинақтап, осы секцияда ұсыныстарын енгізді. Оның ішінде мәдениет саласының, ауылдағы мәдениет ошақтарын көбейту, ауылдарда өнер майталмандарының өнерін көрсету мәселесі ортаға салынды. Секцияда талқыланып, көтерілген мәселелердің барлығы осы Құрылтайдың протоколына енгізіледі, - дейді Мәдениет және ақпарат министрі, ұлттық құрылтай хатшысы Аида Балаева.

Әлеуметтік даму мен аймақтардың теңдігі – тағы бір секцияның өзегі болды. Онда қоғамның қат-қабат қатпарының қалтарыс-бұлтарысы мейлінше талқыланды. Оның ішінде мүгедектігі бар балалардың жайы аса маңызды. Әсіресе, ауыл-аймақтағылар үшін мүмкіндігі шектеулі баланы оңалтатын орын жоқтың қасы.

Біз былтыр кәсіпкерлердің, халықтың қолдауымен 4 қабатты оңалту орталығын салдық, сол жерде 200-дей бала жұмыс істеп жатыр. Бірақ осы ауруға шалдыққан әртүрлі диагноздағы балалардың көптегене шешілмеген мәселелері бар, жұмыс тобында осының дұрыс шешілу тетіктерін ұсындым, - дейді дінтанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қайрат Жолдыбайұлы.

«Азаматтық қоғам» секциясында заң мен тәртіп үстемдігін орнату, қоғам бірлігі, адам құқығын қорғау сияқты мәселелер талқыланды. Ал «Білім және ғылым» секциясының жұмысы білім беру мен ғылымды дамыту жайына арналғаны түсінікті. Әйтсе де әр секциядағы мәселелер өзара тығыз байланысты екені де анық.

Білім, мемлекеттік экономикалық, әлеуметтік саясат деген сияқты салалар бір-бірімен астасып жатыр. Мысалы, тілдің өзі де мәдениетке де, білімге де, әлеуметтік салаға да қатысы бар. Сондықтан қалай болғанда да құрылтай сияқты алаңның болғаны, ол алаңда түрлі сала өкілдері, түрлі әлеуметтік топтардың өңкілдері еркін, тартынбай ортаға салып, ойын қорытып, құрылтайға ұсыныс ретінде беру мүмкіндігі маңызды, - дейді «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлы.

Айта кетейік, Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы былтыр Түркістан қаласында ұйымдастырылды. Екі күн бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылаған қоғам қайраткерлері мен Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестер мүшелері мен БАҚ басшылары және сарапшылар өзіндік ұсыныстарын жеткізді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: