22.09.2025
11:32
3872
Бүгін «Алтын доп-2025» иегері анықталады

Бүгін «Алтын доп-2025» иегері анықталады

22 қыркүйек футбол жанкүйерлері үшін аса маңызды күн болмақ. Бүгін «Алтын доп-2025» сыйлығын табыстау рәсімі өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Беделді шараны дәстүр бойынша France Football журналы ұйымдастырады. Марапаттау салтанаты Париждегі «Шатле» театрында өтеді, ал Қазақстан уақыты бойынша сағат 23:50-де басталады.

Қандай жүлделер табысталады?

Негізгі марапат – жылдың үздік футболшысы атанатын «Алтын доп». Бұдан бөлек, бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталады:
•    Пушкаш сыйлығы – ең әдемі гол авторына;
•    Яшин сыйлығы – үздік қақпашыға;
•    Мюллер сыйлығы – үздік шабуылшыға;
•    Копа сыйлығы – жас талантқа;
•    Сократес сыйлығы – қоғамдық қызметі үшін;
•    сондай-ақ, ерлер мен әйелдер футболынан үздік жаттықтырушылар жарияланады.

Үміткерлер мен фавориттер

Осы жылы «Алтын допқа» ресми түрде 30 футболшы ұсынылған. Сарапшылардың айтуынша, басты фавориттердің қатарында:
•    Усман Дембеле (ПСЖ),
•    Ламин Ямаль («Барселона»),
•    Рафинья («Барселона»),
•    Килиан Мбаппе («Реал»),
•    Мохаммед Салах («Ливерпуль»),
•    Витинья («ПСЖ»).

Футбол сарапшыларының көпшілігі марапатқа ең лайық деп Дембеле мен Ямалды атайды. Дембеле өткен маусымда Франция чемпионатын, Кубогын және Чемпиондар лигасын жеңсе, Ямаль Ла Лигада, Испания Кубогында және Суперкубогында топ жарды.

Сарапшылар пікірі

ПСЖ спорт директоры Луис Кампос та сүйікті ойыншысын қорғап шықты:

«Егер Усман Дембеле «Алтын допты» алмаса, дауыс бергендер футболдан бейхабар. Ол маусым бойы үздік болды: Чемпиондар лигасының да, Лига 1-дің де үздік ойыншысы атанды», – деді ол.

Алдыңғы жылдар және рекордтар

Былтырғы жылы «Алтын доптың» иегері «Манчестер Ситидің» және Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри атанған еді. Ал марапат тарихында ең көп жүлде алған футболшы – Лионель Месси (8 мәрте), одан кейін Криштиану Роналду (5 мәрте).

Неге биылғы маусым ерекше?

2024/25 маусымында ұлттық құрамалар арасында ірі турнирлер өтпегендіктен, негізгі назар клубтық көрсеткіштерге ауып отыр. Бұл тұрғыда жеңімпазды анықтауда Чемпиондар лигасының нәтижелері шешуші рөл ойнауы мүмкін. Өткен маусымда турнирді «ПСЖ» жеңіп алғандықтан, франциялық клуб ойыншыларының жеңіске мүмкіндігі жоғары.

Еске сала кетейік, «Алтын доп» сыйлығы 1965 жылдан бері табысталып келеді. Биылғы 69-шы салтанатты рәсімді Қазақстанда «Окко» платформасы тікелей эфирде көрсетеді.