Таяу Шығыстағы шиеленіс спортты да айналып өтпеді. Әуе кеңістігі жабылып, спортшылар діттеген жеріне жете алмай жатыр.
Балама рейсті іздестіруде
Формула 1 чемпионатының жаңа маусымы қарсаңында 2 мыңнан астам қызметкер Аустралияның Мельбурн қаласына жете алмай отыр. Өйткені Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерге байланысты бірқатар елдің әуе кеңістігі жабылып, рейстер тоқтатылды. Сөйтіп, аталған чемпионатқа қатысатын командалар, FOM түсірілім топтары, журналистер мен техникалық персоналдар шешім іздеп жатыр.
Логистикалық қиындық деп отырғанымыз, осы жарыстың тасымалдау жағын Qatar Airways (Аустралия Гран-приінің титулдық демеушісі) пен Emirates (Формула 1-дің серіктесі) мойнына алған-ды. Екі әуе компания да Таяу Шығыста орналасқан. Сондағы ахуалға байланысты ұйымдастырушылар Сингапур, Гонконг, Перт балама бағытында ұшуға мәжбүр. Сондықтан менеджерлер рейсті Сингапур және Гонконг арқылы қайта брондап жатыр. Qantas әуе компаниясымен Перт қаласына ұшып, одан әрі ішкі рейспен Австралияның шығыс жағалауына жетуді жоспарлаған.
Әрине, көрермен көкейінде жарыс кейінге қалып-қалмайтыны туралы сұрақ туары анық. Ұйымдастырушылар әзірге жоспар бойынша әрекет етіп жатқанын, егер қажет болса жарыс кестесін өзгерте алатынын мәлімдеген.
Бублик аман-есен АҚШ-қа жетті
Дубайдағы Dubai ATP 500 турниріне қатысқан 40-тан аса ойыншылар БАӘ-де қалып қойды. Олардың арасында жарыстың жеңімпазы, әлемнің 11-ракеткасы Даниил Медведев және жартылай финалға жеткен отандасы Андрей Рублев бар.
Мәлімет бойынша, турнир қатысшушылары мен жүлдегерлері 3 наурыз күні таңғы рейспен ұшып кетуі керек еді. Әзірге елдегі әуе кеңістігі ашылмаған соң, ешбірі қимылдай алмай отыр.
Жағдай ушыққаннан кейін теннис делегацияларына спортшыларды көршілес Сауд Арабиясы мен Оман арқылы күре жолмен жеткізуді ұсынған. Алайда олар бұл мүмкіндікті пайдаланбаған.
Ал Қазақстандық теннисші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик әлеуметтік желіде Дубай әуе кеңістігі жабылмай тұрып, АҚШ-қа аман-есен жеткенін жазды.
Дубайдан ұшып шықтық. Аман-есен жетсек екен деп ойлап отырмын, – деп жазды ол Telegram-да.